Мына сезімдер жайлы дауыстап айтудан ұялмаңыз!

Мына сезімдер жайлы дауыстап айтудан ұялмаңыз!
Фото: massaget.kz

Біреулер өздерінің кей сезімдерін көрсетуге не айтуға ұялады. Олар айналадағы адамдардың жаратпай қалуынан немесе өте сезімтал көрінуден қорқуы мүмкін. Алайда үндемей жүре беруге де болмайды: кей жағдайда мұндай әдет жағымсыз салдарларға әкелуі мүмкін. Қандай сезімдерді дауыстап айту маңызды?

Қорқатыныңызды...

Қараңғыдан, лифттен немесе еденде жүрген кішкентай өрмекшіден болсын,  неден қорқатыныңыз маңызды емес. Ол туралы айтудан ұялмаңыз. Біріншіден, ол ұят емес, себебі қорқу — адамның табиғи сезімі. Екіншіден, сіз айтқаннан кейін айналаңыздағы адамдарда өз қорқыныштары жайлы айтып, мысалы, өрмекшіні алып тастау арқылы сізді қолдауы әбден мүмкін.

Әңгімелесуші өзін әдепсіз ұстап отырғанын...

Әңгімелесуші кім болса да, сізге деген қатынасы қандай болса да, құрметсіз қарым-қатынасқа жол бермеңіз. Егер әңгіме сондай күйге айналып бара жатқанын байқасаңыз, ол жайлы айту маңызды. Егер ұзақ шыдап жүре берсеңіз және наразылығыңызды айтпасаңыз, түбінде ол жағымсыз салдарларға әкеледі. Мысалы, әңгімелесуші өз сөздерінде сізді ренжітетін ештеңе жоқ деп ойлап, сол қалыпта жалғастырып жүре беруі мүмкін. Бұл қаншалықты ұзаққа созылса, оның дұрыс еместігін дәлелдеу соншалықты қиын болады. Сондықтан өзіңізге құрметсіздікті байқасаңыз, ол туралы бірден айтудың еш ұяты жоқ.

Өзіңізді мақтан ететініңізді...

Көпшілік өзін мақтан етуді эгоизммен немесе басқалардан жақсырақ көрінгісі келумен байланыстырады. Кей адамдар шынымен де өздерін асыра мақтап жіберетні немесе басқалардан асып түсетінін айта беретіні рас. Өзіңізді орынды мақтан ету өзін-өзі бағалауды арттыруға, қосымша мотивация алуға және жақсы көңіл күй үшін маңызды.

Сізге ыңғайсыз екенін...

Мысалы, қонаққа келдіңіз. Үй иесі диваннан орын ұсынып, мерекелік дастарханға шақырады. Диван төмен болғандықтан сізге отыру ыңғайсыз. Оған қоса, үстел биік болғандықтан, тамақ ішу қосымша жағымсыздық тудырып тұр. Дастарханның келесі бетінде диванға қарағанда биіктеу орындықтары бар бос орындар бар. Кей адамдар бұл жағдайда сол орынға ауысуға рұқсат сұраудан ұялмайды, ал басқалары үй иесін немесе басқа қонақты ыңғайсыз жағдайға қалдырмас үшін шыдап отыра береді. Бірақ кез келген жағдайда сізге ыңғайсыз екенін айту маңызды. Бұл әдет біздің мысалдағыдай жағымды шарттар жасауға ғана пайдалы емес. Сізге жайсыздық тудыратын нәрселерді айту арқылы айналаңыздағыларға, мысалы, достықта, жұмыста, қарым-қатынаста қандай шекті ұстанатыныңызды көрсетесіз.

Жақсы көретініңізді...

Жақын адамдарыңызды жақсы көретініңізді айтудан ұялмаңыз. Оны қалауыңызша жиі айтыңыз. Адамдарға олардың біз үшін маңызды екенін қаншалықты көп айтсақ, оларға соншалықты жақындай түсеміз.

Ренжігеніңізді...

Кей адамдардың бәрін қатарынан айтып, тек ренжігенін, көңіл күйінің түскенін айтпайтын әдеттері бар. Олар ештеңе болмағандай жағымсыз сезімдерді өтірік күлкінің артында тығып ұстайды. Бірақ біз сезімдерімізді сыртқа шығармай, іштей баса берсек, нәтижесінде, өзімізді қатты нашар сезінеміз. Оған қоса, мысалы, ренішке әкелген қарым-қатынас болса, бұлай үндемеу оған да кесірін тигізеді.

Қаншалықты қиын боса да, сізге қолдау көрсете алатын немесе сізді ренжіткен адамға көңіл күйіңіздің не үшін түскенін ашық айтыңыз. Жақын адамыңызбен сіздің көңіліңізді қалдыратын, сізді мұңайтатын нәрселер жайлы тақырыпта сөйлесу арқылы проблеманы шешу оңайырақ болады.

Шаршағаныңызды...

Күнделікті істерден немесе балаға қараудан шаршағанымызды көрсетпеуге тырысып, ал жұмыстан шаршап келуді қалыпты нәрсе санауымыз мүмкін. Көмек керегін айтуға немесе қосымша демалыс сұраудан ұяласыз. Алайда шаршау сезімі жинала береді, ол жағымсыз салдарларға әкеледі. Өзіңіздің денсаулығыңыз үшін ол туралы айтудан және көмек сұраудан ұялмаңыз.

А. Жапатова