- Негізгі бет
- Психология
- Мына жұмбақты шешіп...
Мына жұмбақты шешіп көріңіз
Айтар ойымды шағын ғана жұмбақ әңгімемен жеткізейін.
Бірде газ толтырылған әуе шарына адамзат біткеннің тағдырын шешетін үш бірдей ғалым отырыпты. Оның бірі жер бетіндегі шөл даланы жасыл алқапқа айналдырудың тетігін білетін ұлы ғалым. Екіншісі адамзаттың өзге ғаламшарға қоныстануын ұзақ жыл бойына зерттеп, енді табысқа жету алдында тұрған данышпан. Үшіншісі, сыздауықтай жарылғалы тұрған еларалық алауыздықты тежеп, гендік, ядролық соғыстан сақтап қалуға зор мүмкіндігі бар жалғыз адам.
Содан бір сәтте әуе шары тесіліп, әлгі үш адамның қалай да екеуін аман алып қалу керек болыпты. Әуе шары құрлыққа жетіп қонуы үшін қалайда әлгі үшеуінің біреуін тастап жіберу керек. Сонда ғана аман қалуы мүмкін. Ал әйтпесе үшеуі де мұхитқа түсіп өледі. Қайсысын тастап жіберу керек деп ойлайсыз?
Осы сұрақпен көптеген адамдардың басы қатыпты. Сіздің де басыңыз қатып отырған болар. Үшеуі де адамзат тағдырына керек ғалымдар. Егер барлық адамзатты бір тұлға деп қарасаңыз, үшеуін де алып қалғысы келеді.
Ең соңында бір алты жасар сәбидің ғана жауабы жұрт көңілінен шығыпты. Ол «Ішіндегі ең семізін тастап жіберіңдер!» деген екен.
Шынымен де тамаша шешім осы ғана. Сонда ғана екеуінің аман қалу мүмкіндігі арта түседі.
Біз кейде тым қарапайым мәселені күрделендіріп жібереміз.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: 4wall.ru, best-dem.ru
Қ. Қауымбек