Муза

Муза
Фото: MyWed

Жас қыздың әдемі көздері мұңға толы. Күлімдеген сәттерінде де көзіндегі мұң сейілген емес. Оны арман да, үміт те алға жетелемейді. Ештеңеге өкінбейді. Күлмейді. Жыламайды. Күлсе – жанарындағы мұңын жасыра алмайды. Жыласа – көзінен бір тамшы да жас шықпайды. Болашағын да көз алдына елестеткісі келмейді. Ешкімді қызғанбайды, күндемейді. Ешкімді сағынбайды, күтпейді. Түн түнегі сейіліп, арайлап таң атып келе жатқанда  көзі ілінеді. Ұйықтап жатыр ма, әлде ояу ма ол арасын білмейді. Күнде қайталап бір түсті көреді. Бәлкім, түсі емеc, өңі болар. Білмейді...Бір қара жолмен кетіп бара жатады. Ұзақ жол. Бағыт-бағдары белгісіз. Ұйықтамаса да көзін жұмып жата береді. Ол түннен емес, жарық әлемнен қорқады. Не үшін қорқады?

Ол өзінің қай әлемде өмір сүріп жатқанын білмейді. Кейде өзін баяғыда өліп, адамдар арасында елес-адам болып өмір сүріп жатқандай сезінеді. Бүгінде ұйықтай алмай, терезеде ойнап тұрған  ай сағымына мұң шақты: өзіммен-өзім бетпе-бет келсем, шошып кетемін. Мен өзім ойлағаннан да басқа адаммын. Бетіме неше қабат бетперде киіп алғанымды білмеймін. Барлық адам өзінің шынайы болмысымен өмір сүргісі келеді. Бетпердені қоғам кигізеді. Кейде сол бетпердеден де шаршайсың. Барлық адамға биіктен қарай аласың, бірақ өкініштісі, өзіңе ешқашан биіктен қарай алмайсың.

                                                                                                                                                 Аягүл Мантай

Ә. Жутаева