Психологтар миды шынықтыратын мынадай тәсілдер ойлап тапты. Жаттығулар қиялы бай, креативті адамға айналуыңызға көмектеседі. Әсіресе ауыр жұмыс күнінің соңында миды бір сергітіп алыңыз.
◊ Түсіндірме сөздікті алыңыз да, кез келген парағын көзді жұмып тұрып ашып қалыңыз. Сосын кез келген жолын саусағыңызбен түртіңіз. Енді екінші рет дәл осылай қайталаңыз. Бірінші және екінші тап болған сөздерді қағазға жазып алыңыз. Сосын осы екі сөзге ортақ нәрсе ойлап көріңіз. Осы екі сөз мағынасын жоғалтпайтындай етіп қызықты оқиға ойлап табыңыз.
◊ Бір бет қағазға өзіңіз білетін барлық жануарға бірдей ұқсайтын сурет салып көріңіз. Бұл тәсілге келгенде мән-мағына жайлы ұмыта тұруға тура келетін сияқты.
◊ Кез келген 10 сөз ойлап табыңыз. Енді қағазға сол сөздердің суретін салыңыз.
◊ Кез келген сөз ойлап табыңыз. Мәселен: Алматы. Енді осы сөздің төңірегіндегі 5 сөзді ойлаңыз. Мәселен: апорт, студент, оңтүстік астана т.б. Енді осы сөзге мүлде келмейтін 5 сөз ойлап табыңыз. Бұл сізді біраз әуреге салғанымен, ми үшін керемет жаттығу болмақ.
◊ Өзіңіз көріп тұрған затқа басқаша атау ойлап табыңыз. Атау өзіңізге ұнайтындай болуы керек. Жаттығуды күніне бір рет қайталап тұрған дұрыс.
Ми жаттығуларын орындаған болсаңыз, нәтижені пікір ретінде қалдырыңыз.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: progress-up.ru