Қазақтың белгілі жазушысы,мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, очерк жанрының шебері Әзілхан Нұршайықовтың есімі қазақ оқырмандарына өте жақсы таныс. Әсіресе, жазушының Махаббат қызық мол жылдар романын оқымаған қауым аз шығар.Махаббат, қызық мол жылдар кітабы талай жастың жастанып оқыған мөлдір сыры. Кітапта Ербол мен Меңтайдың махаббаты баяндалады. Ендеше, біз бүгін Меңтайдың анасының айтқандарының жалғасын ұсынамыз. 1.Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы, жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат, ал жеңген жеңісті баянды ету, одан да қымбат. 2.Жаман туыс тістеуік, жақсы жолдас үйірсек. Жақсы дос жаман әкеден артық. 3.Ақкөңіл мен адал ниеттен туған іс әсем болмаса да сүйкімді. Айла мен арамдықтан туған іс, әдемі болса да жиіркенішті. 4.Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес. 5.Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта: Есті қыз етегін қымтап ұстайды деген мақал бар. 6.Ауыз шешендік әркімде болады. Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі, жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс тұрысы бәрі де сайрап тұрған сөз. Сондықтан оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс. 7.Жақсы адам магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатын сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң айналаңда досың көп; жаман болсаң жалғыз жүресің; орташа болсаң сенде бір жақсының жанын жағалайсың. Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жақсы, ақылды парасатты болса іздеген досың алыстан үйіріліп өзі келеді. 8.Біздің ауылдың қазақтары баяғы ескі әдетпен әлі күнге дейін жүзге бөлінеді. Содан соң әлі жеткені әлсіз аяғынан шалып, бөтен жүздің баласы деп жұдырықтап, жұлмалап жүндеп жатады. Алауыздықтың атасы жүз жойылса екен. Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсе екен!