- Негізгі бет
- Психология
- Мен саған ғашықпын!...
Мен саған ғашықпын! (қыздар үшін)
Оның мені сүйетінін сеземін, бірақ көңілін еш білдіретін емес. Мүмкін бірінші қадамды өзім жасағаным жөн шығар? Қалай ойлайсыздар? Егер көкейіңізде осы ой жүрген болса, бұл материалымыз сізге арналады.
Неге үндемейсің? Асылхан Төлепов, Нұрлан Әлімжан, Азамат Сатыбалды, Санжар Мәдиев немесе «Сен келерсің» телехикаясындағы Асад Ахмед Кхан сынды жігіттерде кемшілік жоқ (көпшіліктің пікірінше), ал сіз бен біздің ғашығымыздың жағдайы мүлдем басқа. Оның үнсіздігінің біраз себебі бар екені анық. Сол себептерді талдап көрейік.
1-себеп: Сізге ұнайтынына сенімсіздеу. Өкінішке орай, жігіт қауымы біздердің жүрегімізде не жатқанын, іштегі сезімді қалай көрсететінімізді толық ажырата алмайды. Біз болсақ, олардың қандай көңіл-күйде екенін бірден білеміз. Ал біздің ым-ишараларымыз оларға Қытай иероглифін оқығанмен бірдей.
2-себеп: Оның сезімін күлкіге айналдырып жібере ме деп қорқады. Жігіттердің сезімін аяққа таптап, мазақтайтын қыздардың арамызда бар екені өтірік емес. Мүмкін дәл осындай жағдай басынан өткен шығар. Немесе достары күле ме деп қорқады.
3-себеп: Ол сізге деген сезімінің махаббат екеніне сенімсіз. Мүмкін мән-жайды сізді кездесуге шақырып көрген соң байқағысы келетін шығар. Бұл жағдайда жігіттердің қалы нашар. Олар өз сезімдерін өздері түсіне бермейді.
4-себеп: Сіз қателесесіз. Ол бір уақытта бірнеше қызбен жүріп, көптің көңілін аулағанды жақсы көретін шығар. Яғни оның сізге деген сезімі жоқ.
Барлығы да қорқады. Өзіне сенімсіз адамның біреуге ғашық болуы – нағыз мұң. Сезімімді білдірсем, кеудемнен итеретін шығар деп қорқумен күні өтеді. Мұнымен қатар сүйген адамының жанында болып қамқоршы болғысы келеді. Қызға барып немесе араға «жеңгетайларды» салып, мәселенің мән-жайын анықтауға осы сенімсіздігі кедергі жасайды. Сондықтан кей жігіт барлығын тағдырдың еншісіне арқап қояды. Ал өзіне сенімді, көпшіліктің назарында жүретін, талғаммен киінетін жігіттердің жағдайы мүлдем өзгеше. Олар қателесуден немесе қыздан жақсы жауап алмаудан еш қорықпайды.
Қиял ма, әлде шындық па?
«Жігіттердің сезімін дұрыс түсінуге» байланысты орыс тіліндегі психологиялық кітап көп. Ол жерден менталитетімізге икемдеп керегімізді алуға болады. Бірақ, өкінішке орай, нақты қалай дәл анықтауға болатындығы еш жерде жазылмаған. Әдетте қыздардың логикасын түсіну қиын деп жатады. Меніңше, жігіттердікі одан да күрделі.
Қыз баласы табиғатынан сезімтал келетіндіктен, ішіндегі сезімін шығармасқа амалы қалмайтын кездер болады. Егер қадамды бірінші болып жасағыңыз келсе, төмендегі кеңестерімізді ескеріңіз.
Әрбір істі ақылмен сараптаңыз. Әдетте ғашық болған кезде, ол да бізге жақындай түскісі келіп жүргендей көрінеді. Алайда қателіктен бойыңызды аулақ салыңыз. Мысалы, жұмыс немесе сабақ мәселесімен сөйлесіп қалдыңыздар. Бұл сізге алтындай уақытын бөлгендей көрінетіні анық. Немесе басқа бір сұлу қыздың айналасынан шықпай жүрсе, ақырында мен секілді өзін шын сүйетін жанға қайтып келеді деген секілді ойларды шетке ысырыңыз.
Құрбыларыңыз қателесуі мүмкін. «Хан қызынан да қателік кетеді» демекші, оның жанында біз қарапайым жанбыз. Сол секілді құрбыларымыздың да көмектесеміз деп, жаңсақ басуы мүмкін. Мысалы, жан құрбыңыз сіздің көңіліңізді түсірмес үшін, әрине, сен оған ұнайсың деп айта салуы ғажап емес. Олардың айтқанына 100% сенбей тұрып, ақылға салыңыз. Негізі мұндай жағдайда жігіттердің көп көмегі тиеді. Тек ол жігіт сізді сүйгендердің қатарынан болмасын.
Өзге адамның жүрегінде қандай сыр жатқанын ешкім де дұрыс анықтай алмайды. Оған ұнайсыз ба? Қаншалықты қатты ұнайсыз? Егер Ол жігіт басқа біреуді сүймесе және сізді жек көрмесе, «Былайынша жақсы қыз. Мен ғашық болған сияқтымын! Алға!» деп жауап беретіні анық.
Іске кірісіңіз!
Сіз қадам жасауға бел будыңыз. Бірақ қазақ жігіттерінің мұндай қыздарды көп ұнатпайтынын ескеріңіз. Сондықтан оларға сезімімізді ашық білдіре салғаннан, ұнап, жақынырақ танысуға мүмкіндік қана жасай аламыз. Ең бастысы – дұрыс қадам таңдап, жігіттің мінезін ескеру.
Егер жігіт көшбасшы, барлығымен жақсы сөйлесетін, бастаңғылардың жұлдызы болса, ол басқарып, бұйрық беруді ұнатады.
Ия. Әріптесі немесе қарсыласы болыңыз. Мұндай жігіттер өзін қызықтыра білетін қыздарды ұнатады.
Жоқ. Ол сізді байқағанша күту.
Ақылды. Мектепте «Алтын белгі» иегері болмаса да, өзінің қызығушылығы бар. Және басқа жігіттермен салыстырғанда ақылды. Аты шулы көшбасшы да, спортшы да емес, достары да аз.
Ия. Оның ісіне шынайы қызығушылық танытыңыз. Немесе бір нәрсені үйретуін өтініңіз.
Жоқ. Жеңілтектік танытып, қырындау.
Сұлу, қыздардың жүрегін жаулаушы. Би кештерінде өзін еркін ұстап, ұнатқан қыздарын биге шақырады.
Ия. Оның ойы мен пікіріне қызығушылық танытыңыз. Әрине, сұлу жігіттердің мықты білімді болуы мүмкін емес. Десе де оған бұл қасиетін көрсетуге мүмкіндік беріңіз.
Жоқ. Артынан басқа қыздар секілді жүгіріп, сезім білдіру.
Көңілді жүретін жігіт. Барлығымен жақсы қарым-қатынаста болса да, дұшпаны мен жақын достары жоқ. Былайынша жаман емес адам.
Ия. Көмек сұрап, шынайы қошемет сөздер айту.
Жоқ. Оны қызғандыру.
Жалғыз жүретін жігіт. Бір қарағанда ешкіммен сөйлеспейтін секілді, мүмкін әлеуметтік желіде достары көп шығар.
Ия. Желілік ойындарды үйретуін өтіну.
Жоқ. Оны мазақтау.
Көше бұзығы. "Менің атым Қожа" фильмін көрген боларсыздар. Бұл жігіт те дәл сол секілді. Көңілді, сабақпен шаруасы жоқ, тәуелсіз адам.
Ия. Оны әрдайым қолдап, дөрекі тілін мәдениетті сөздерге аудару. Мысалы, сабақ үстінде отырып, мұғалімге «Түүу, миды шірітіп жібердің ғой!» десе, оған бұдан кейін «Ағай, мүмкіндік болса, мына тақырыпты талдасақ бола ма, бізді осы жері қызықтырып жүрген еді?» сынды айтуын өтініңіз.
Жоқ. Одан асқан бұзақы болып көріну.
Ересек ойлы жігіт. Сөзі аз, сабырлы жігіт. Сабаққа үлгерімі нашар болса да, оның сенімге лайық жан екенін барлығы да біледі. Ол өзімшіл жігіттерді бір көзқарасымен-ақ орнына қоя алады.
Ия. Оның істеріне қайран қалу. Және қайран қалатындығыңызды сөзбен жеткізіп отыру.
Жоқ. Оның кемшілігін бетіне басып айту.
Ақын. Бұл жігіттерді «Филология» сынды факультеттерден оңай байқаймыз. Өздері өлең мен проза жазады. Гуманитарлық пәндерді жақсы көреді. Жан дүниесі терең, өте сезімтал келеді.
Ия. Өзі қызығатын тақырыпта сөйлесу. Жеңіл тағамдарды ұсыну.
Жоқ. Өзінен мықты жігіттерден қорғау.
Олай болса, қыздарға іске сәт дейміз! Бірақ қыз баласына ұяңдық пен қарапайымдылық әрқашан жарасатындығын білгейсіз!
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: yvision.kz, kloop.kg, top-antropos.com, tredyclub.kz, вк желісінен
Қ. Бүйенбай