- Негізгі бет
- Психология
- Мені неге жұмысқа...
Мені неге жұмысқа алмады?
Сізді кезекті әңгімелесуден кейін жұмысқа қабылдамаған болса, себептер әрдайым объективті бола бермейді, сондықтан да еңсеңізді түсіруге асықпаңыз.
Ең алдымен объективті себептерге тоқталғанымыз жөн болар...
1. Сіздің кандидатураңыз бос қызмет орын талаптарына сай келмейді. Мәселен, хабарландыруда жоғарғы техникалық білім керек екендігі айтылған, ол сізде жоқ немесе әлі аяқталмаған. Я болмаса, олар көп жылдық тәжірибесі бар маман іздейді, ал сіз қызметтік жолды енді бастағалы жүрсіз. Мұндай шектеулерді әңгімелесуге дейін анықтап алған жөн.
2. Сіздің түйіндемеңізде ағаттық бар. Мәселен, кандидат түйіндемені әзіл араластырып отырып жасаған ("Қалай болса солай, әлдебір мамандық алып шықтым", "Өрмекші-адамның жұмысын іздеймін" т.с.с). Немесе өзіңіз қызмет еткен орындарды, басқа да ақпараттарды көгілдір, сары, қызыл түстермен белгілеп қойдыңыз, "креативті" көріну үшін ресмиліктен ауытқып кеттіңіз.
Қашан да түйіндемеге жауапкершілікпен қарағаныңыз абзал.
3. HR-менеджер әңгімелесу барысында сіздің сыртқы келбетіңізді ұйымның мәдениетіне сай деп таппады. Мысалы, бәрі де жұмыс кезінде іскерлік костюмдермен жүреді, ал сіз джисы араласқан киіммен бардыңыз. Немесе, тым оғаш көрінетін маникюр, макияж, әшекей бұйымдар... Аяқ-киімнің таза еместігіне де әсер етпей қоймайды.
4. Кандидаттың түйіндемені тым асыра сілтеп (білім мен тәжірибеге бояма қосылса) жасағандығы байқалып қалды. Мансапты өтіріктің көмегімен жасауға болмайды!
5. Сіз өзіңізді тәкәппар ұстадыңыз. "Мені осы жұмысқа тұруға көндіріңіз, сонда ғана сіздің зеріктірерлік қызметіңізге, болмашы жалақыңызға келісіп қалармын" деген оймен отырдыңыз. Қазіргі заман мұндай еркелікті көтермейді. Қызықсыз қызмет пе, түйіндеме жібермеңіз.
6. Сіз міндеттер мен ережелерге қарағанда, айлық, еңбек демалысы туралы сұрақты жиі қойдыңыз.
7. Клиенттермен үнемі қарым-қатынаста болу керек сала болса, сіздің сауатты сөйлеу мәдениетіңіз бағаланады.
8. Жұмыс іздеушінің сенімсіздігі, қысылып сөйлейтіндігі емес, мақсаткерлігі, ашықтығы, сенімділігі есепке алынады.
9. Әңгімелесуде бұрынғы басшыңыз, компанияңыз, әріптестеріңіз туралы сыни пікірлер айтсаңыз, сіз туралы нашар көзқарас қалыптасады.
10. HR-менеджердің жұмысына күмән келтіретіндердің қатарындасыз ба? Сын қабылдап үйренбеген, әсіресе жасы үлкен, тәжірибесі мол адамдар өзінен кіші адамның сұрақтың астына алып жатқандығына шыдай алмайды. Есіңізде болсын: бұл жерде жұмысқа алушының әрекеті дұрыс. Ол сізді жан-жақты тану керек.
11. Кандидаттың жасы да тура келмеуі мүмкін. Бұл шындық. Бос орынға тым жас немесе тым қартаң болып жатсаңыз, ренжудің қажеті жоқ.
12. Мәдениетті болуды естен шығармаңыз. Дұрыс сәлемдеспеу, қызға жол бермеу немесе орынды қоштаспау да жұмысқа алыну, алынбауға әсер етеді.
13. Әңгімелесу кезінде телефоныңызға әлдекім қоңырау шалып қалды. Сұхбаттарыңыз басталмас бұрын, телефон дыбысын өшірмеу – қателік. Ал ештемеге қарамастан қоңырауға жауап беру – "сау болыңыз" деген жауаптың бастамасы.
Енді сіздің ойыңызға кіріп-шықпайтын субъективті себептерді бірге сараптап көрелік:
1. Сіздің түйіндемеңіз тым жақсы. Әңгімелесуді жүргізетін адам сізді бос орынға қимайды, бұл орында мансаптық өсу жолы жоқ болғандықтан, сіздің болашағыңызға балта шапқысы келмейді. Сіздің жоғарғы жалақыға лайықты екеніңізді мойындап, қызметке қабылдаудан бас тартады.
2. Сіз айтқан әзіл әңгіме бастыққа ұнамай қалды.
3. HR-менеджер сіздің мақсаткерлігіңіз бен тәжірибеңізден қорқып қалды. Ол өз орнын басатын жаңа қызметкердің келгенін қаламайды.
4, Компанияның өз қызметкерлерінің сыртқы келбетіне қоятын талаптары бар. Сарғыш шашты емес, аққұба болып туылғаныңызға немесе қара торы я сары болғаныңызға сіз кінәлі емессіз.
5. Бір орынға лайықты деген 3-4 кандидаттың болуы. Сіз де, ол да келіп тұр. "Бап шаба ма, бақ шаба ма" деген аталы сөздің кезегі осы. Бағыңыз жанбаса, еңсеңізді түсірудің қажеті жоқ.
6. HR-менеджер сіздің ұжымға сай келмейтіндігіңізді айтты. Мәселен, олар у-шулы кештерді жақсы көреді, ал сіз тыныш ортаны қалайсыз. Немесе барлық әріптестеріңіз вегетариандар, ал сіз ет тағамдарынсыз өміріңізді елестете алмайсыз.
7. Басқарушыға адам ретінде ұнамай қалдыңыз (бәріне бірдей ұнай алмайтындығыңызды білетін боларсыз). Тым ащы әтір иісі, дөрекі дауыс яки жіңішке дауыс, аса қымбат немесе өте арзан киім...
Бұл тізімді әрмен қарай жалғастыра беруге де болады. Көріп отырғаныңыздай, себептер жетіп артылады. Осының бірі ғана сіздің сәтсіздігіңізге жол ашып отыр, сондықтан да өзіңізді кінәлап, жегідей жей беруге болмайды. Рекрутерлер де адам, олар да басқа мамандар секілді қателесе алады. "Жұмысқа қабылдандыңыз" деген қоңырау шалынбады ма, хат келіп түспеді ме, алға қарай жылжыңыз, міндеттісіз! Бастысы – кәсіби қасиеттеріңізге сену, оларды үнемі жетілдіріп отыру. Өз ісіңіздің шебері болсаңыз, ешқашан жерде қалмайсыз.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: progorodsamara.ru, vk.com