Балам, мен қартайған шағымда дәл қазіргі кезіме мүлдем ұқсамай қаламын. Дәл сол сәтте мені дұрыс түсіне біл. Менің әкем де солай болған. Мен жөнінде қашан да сабырлы болуыңды тілеймін.
Тамақ жегенімде қалдықтарын абайсызда киімдеріме шашыратып алсам, ашулана көрме. Шақай бауымды байлауды ұмытып кетсем, кезінде байлауды саған қалай сабырлықпен үйреткенімді есіңе ал.
Бұрын көп тыңдап жалыққан сөздерімді қайталап айта берсем, сөзімді бөлмей сабырлықпен тыңда. Бала күніңде саған бір айтқан ертегіні мың қайталап айтып беруден жалықпайтынмын.
Жуындырып қоюыңа мұқтаж болғанымда мені кінәлама. Мен сені ес білгенге дейін шомылдырғанмын.
Жаңа ғылым-техника тетіктерінен, қоғамда болып жатқан жаңалықтардан хабарсыз қалсам, мені мазақтап күлме. Бала кезіңде сен сұраған «не үшіндерді» жалықпай түсіндірген сәттерімді есіңе ал.
Қол-аяғымнан әл кетіп, жүруге шамам келмей қалған сәттерімде, өзіңнің қаз-қаз басқан күндеріңді есіңе ал. Мені демеп жүр.
Кенет әңгімелесіп отырып, әңгіме тақырыбын ұмытып қалсам, маған кейіме. Орныңнан тұрып кетпей, есіме түсіруге орай бер. Ең бастысы әңгіме мазмұны маңызды емес, сенің қасымда ұзақ отырғаның қымбат маған. Мен соған ғана ризамын.
Күннен-күнге қартайып бара жатқаныма қарап, мүсіркей көрме. Қолдап-қуатта. Сенің тіршілік жолың енді басталған сәттеріңде қалай желеп-жебегенімді ұмытпа.
Кезінде өмір сүрудің жолын саған өзім нұсқап ем. Енді менің соңғы сапарымды сәтті тәмәмдауыма қолғабыс ет. Сен маған мейірім мен сабырлығыңды сыйласаң болғаны, саған ғұмыр бойы ризамын, балам!
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет: dervishv.livejournal.com, obozrevatel.com