Мен армандайтын махаббат

Мен армандайтын махаббат

Махаббат жайлы тағы бір хикая. Шынайы сезімнің иелері қалдырған оқиға. 

* * * *

Қарапайым емхананың бір-бірінен айырмалана қоймайтын ертеңгілік уақыты. Орта жастан асып кеткен бір егде кісі қолындағы тігісті алдырып тастау үшін дәрігерге келді. Түріне қарап оның өте асығыс екендігін, бір жерге тездетіп баруы қажеттігін айтпай-ақ ұғуға болатын еді. Дәрігердің қай уақытта босайтынын сұраған ол, даусы жарықшақтанып сағат 9-да өзін өте маңызды бір іс күтіп тұрғанын айтты. Ал сағат тілі бұл уақытта 8-30-ды соғып қалған. 

Түсініп тұрғанын білсем де, барлық дәрігерлердің қолдары босамай жатқанын және бір сағаттан кейін ғана көңіл бөлінетінін қоса кеттім. Алайда, жанарында жатқан ауыр мұң мен қозғалыстағы дегбірі, сәт сайын сағатқа қарай берген алаңынан жүрегімнің астында бір нәрсе езіліп жатты. Маған келетін науқастардың қарасы көрінбеген соң, көмектесуге бел будым. Бір қуантқаны, қол жарақатаның жақсылап тігілгендігі болды. Тігісті алған жағдайда ешқандай қиындықтың туындамасы анық болатын. Әріптесіммен кеңесіп алдым да, науқасқа кірісіп те кеттім. Неге екені белгісіз, онымен әңгімелескім келді. Сосын, бірінші болып әңгімені өзім бастадым:

- Қатты асығып тұрсыз ғой. Тағы да бір маманға жазылып қойып па едіңіз?

- Олай емес. Сағат тоғызға қарай науқас әйелімді тамақтандыруым керек еді. Ол қазір ауруханада. 

Дәрігерлік қызығушылықпен әйеліне не болғанын сұрадым. Егде кісі әйелінің Альцгеймер ауруына ұшырағанын айтып берді. Мен болсам, сол уақытта тиісті емді жасап та үлгеріп жатырмын, бір жағынан әңгімелесіп те отырмын, бірақ, мұның бәрі қалай дегенмен уақытты қажет ететін. Науқас тоғызға дейін ауруханадағы әйеліне үлгеретіндігі күмәнді болып көрінді. Егер кешігіп жатқан жағдайда, әйелінің уайымдайтынын сұрадым. 

Бірақ, ер кісі  басын шайқады:

- Жоқ, уайымдай қоймас. Соңғы бес жылдан бері менің әйелім мені мүлдем танымай келеді. Тіпті, өмірде кімі болғаным да есінде жоқ. 

Таңқалғаннан сол жерде айқайлап жібердім:

- Енді, осыған да қарамастан, өзіңізді танудан қалған жанға әрі күн сайын сағат тоғызда ауруханаға асығып тұрасыз ба?

Сонда ол жай ғана күлімсіреді де, иығымнан ақырын ғана сипап, сүйіспеншілікпен былай деді:

- Иә, өкінішке орай, ол менің кім екенімді білмейді. Есесіне, оның кім екені менің есімде. Онымен бүкіл өмір бойына бақытты болып едім.

* * * *

Терезе алдына бардым да, бақ ішімен кетіп бара жатқан егде кісіге қарап тұрдым. Ұзақ қараппын. Есікті біреу келіп ұрғанда барып, өзімнің жылап тұрғанымды түсіндім. Тұла бойымнан құмырсқалар өріп өтті: "Мен армандайтын махаббат осы..."

Ол кісі бір сөзінде өзінің бақытты болғанын айтты. Иә, ол да, осындай ері бар анау әйел де бақытты екен. 

Бұл іңкәрлік те, романтика да емес. Қабылдап та, түсіне де, кешіре алатын ешқашан ескірмейтін шынайы махаббаттың өзі. Біреудің жүрегін мекен етіп қалатын шығар...

сурет:glamour-dog.ru

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига