Мені алдап көр!

Көбіміз өмірде жоқ дегенде 1 рет болсын алданып көрген шығармыз? Сіздерді білмедім, алайда мұндай жағдай өмірімде көп орын алды. Әсіресе, дүкен сатушыларына байланысты. Есепті жақсы шығарсам да, саудаласуға икемім жоқ болатын. Осының салдарынан желініп те қалатынмын. Елге алданбау үшін түрлі шараны қарастырып жүргенімде досым «Мені алдап көр» телехикаясын көруге кеңес берді. Ол Пол Экманның «Өтірікшіні жүзінен тану» кітабының негізінде түсірілген. Сол телехикаяны көрген соң, төмендегідей бірнеше кеңесті жинақтадым. Оларды оқып, қажеттіліктеріңізге жаратасыздар деген ойдамын.

1. Аз сөйлеп, көп тыңдайық. Адамның қандай ниеті бар екенін біліп, ойына ену үшін сөйлеуге мүмкіндік беру жеткілікті. Мұнымен қатар әңгімелесуші сөйлеп жатқан кезде нақтылайтын сұрақ қоймаудың маңызы зор. Бұл әдепсіздік қана емес, осылайша тақырыптан ауытқып кетуі мүмкін. Айтылмаған сөздеріне де мән беру керек. Ол детальдарды неге қалдырып кетті? Сөйлеп жатқан кезде көзіңізге тік қарады ма? Әрбір сөз, ым-ишара жұмбақтың шешімін табуға көмектесуі мүмкін.

Сөзін аяқтаған кезде сұрақ қоюыңызға болады. Бірақ ол нақты болмауы тиіс. Мысалы, досымыздың кеше сағат 8 бен 11 аралығында қайда болғандығы қызықтырса, «Кешегі күнің қалай өтті?» деп сұрағанымыз абзал.

2. Эмоциямызды білдіріп қоймайық. Әңгімелесушіңіз өзін жайлы сезінген кезде ғана ашылып сөйлей алады. Сондықтан оның өтірік айтып тұрғанын білсек те, білдірмегеніміз жөн. Егер біздің сенімсіздік танытып отырғанымызды байқаса, әр сөзін ойланып сөйлеп, өзін жіті бақылауға кіріседі. Осы сәтте шындықты анықтау мәселесі көзден бұлбұлдай ұшты дей берсеңіз болады. Оның айтқандарына күлімсіреп отырып бас иіңіз.

Әрине, ұстамдылық таныту оңай шаруа емес. Әсіресе, өтірікшінің алдында. Жоқ дегенде тісіңізді қайрамай, қолыңызды айқастырмай отырсаңыз жеткілікті.

3. Түйсігімізге мүмкіндік берейік. «Ол мені алдады» деген сөздерді жиі айтамыз. 99,9% жағдайда бір нәрсені логикалық тұрғыдан түсіндіре алмасақ та, түйсігіміз бізді алдамайды. Алайда жүрегімізге жақын адамдарға келгенде түйсігіміз көмектесе алмауы ғажап емес. Олардың жанын жараламау үшін өтірікке көз жұма қарауымыз мүмкін.

Егер алғаш кездескенде әңгімелесушіңіздің алдап тұрғанын байқасаңыз, бұл – көп жағдайда шындық.

Қимыл-қозғалысымыз бізге қарағанда көп ақпарат береді. Сондықтан оларды оқудың маңызы зор.

Бетпе-бет жүздескенде

Дұрыс. Әңгімеге қызығушылық танытқан адам қарсы алдындағы жанның көзіне тік қараудан қорықпайды. Уақыт өте келе айналадағы заттарға да қарауы мүмкін.

Қате. Әңгімеге мүлдем дерлік қызығушылық танытпаған, өтірік айтып тұрған адам көзге тік қарамайды. Немесе, керісінше, көз алмай қарап тұруы мүмкін.

Назар аудару

Дұрыс. Егер Сіз, расымен де, алдыңыздағы адамды қызықтырсаңыз, оның 99% назары сізде болады. Ол айналадағы заттарға сирек қарайды.

Қате. Егер әңгімелесуші қобалжып тұрса, күйзелістен арылу үшін барлығын жасайды. Мысалы, шашымен ойнап, киіміндегі шаңды сүртіп, телефонына қайта-қайта қарай беруі мүмкін.

Мимика

Дұрыс. Бет-әлпетіндегі өзгеріс айтып тұрған сөзіне сай келуі керек. Қуанышты сәттерді айтып отырған кезде күлімсіреу, қайғылы оқиғаны еске алғанда мұңаю орынды.

Қате. Жүзінде күлімсіреудің еш нысаны байқалмаса да, қатты күледі. Бұл - қуаныш емес, бар болғаны жасандылық. Яғни әңгімелесушіңіз өзі айтып тұрғанды еш сезініп тұрған жоқ.

Тұрысы

Дұрыс. Әңгімелесушіңіз қызығушылық танытса, сізге бұрылып отырады. Уақыт өте келе араларыңыздағы алшақтықты қысқарту үшін иіле түседі. Бүкірейіп отырмайды.

Қате. Егер әңгімелесушіңіз теріс бұрылып, немесе артқа қарай отырса, сізді тыңдағысы келмегені. Дәл осыны айқасқан аяқ пен қол білдіреді. Бұл – араларыңызда көрінбейтін қамал тұрғызудың бір тәсілі.

Қимылдар

Дұрыс. Әңгімелесуші өз ойымен бөліскісі келген кезде айтып тұрғанын қолымен сипаттауға кіріседі.

Қате. Ешқандай қозғалыстың болмауы – өтірік айтумен бірдей. Ол өзі қатыспаған оқиғаны қолымен қалай суреттейді? 

Сурет: вк желісінен