Қазақстанда 11 жастан 15 жасқа дейінгі әр бесінші оқушы қатарластарынан қысым (буллинг) көреді екен. Мектепте сауалнама жүргізген Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы осындай дерек жариялаған. Әсіресе 11-13 жас аралығында ұлдардың арасында буллинг кең тараған. Талғар аудандық №45 мектеп-гимназиясының психологы Ақбота Төлеуғалиева Massaget.kz сайтына оқушылар арасындағы буллингтің себебін, оның алдын алу және ата-ананың баласымен қарым-қатынасы туралы айтып берді.
Буллинг (bullying) – ағылшын тілінен аударғанда, қорлау, қудалау, мазалау дегенді білдіреді. Адам үйде, мектепте, автобуста немесе интернетте, жалпы айтатын болсақ, кез келген жерде буллингке ұшырауы мүмкін. Сонымен қатар бұл физикалық агрессияны ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, тартып алу, қорлау дегенді білдіреді. Буллинг жасаушы (оқушы) мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін және әлсіз оқушыны қорлап, күтпеген жерден немесе ескерту арқылы шабуыл жасайтын адамды сипаттайды.
Балалардың бір-бірін кемсітуі неден басталады?
Буллингке кез келген сыныптағы оқушылар ұшырауы мүмкін. Көбіне бастауыш сынып оқушылары арасында кездеседі. Ол бірнеше жылдан мектепті аяқтағанша созылуы мүмкін. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қорқыту, кемсіту белгілі бір топқа біріккен оқушылардың өзінен ерекшеленетін баланы шеттетуден басталады. Қысым көрген оқушының мінезі, ойлау жүйесі, сырт келбеті немесе қандай да бір себеппен "командаға сыймайтындай" ерекшелігі болуы мүмкін.
Ата-ана баланың буллингке ұшырамауы үшін не істеуі керек?
Бірінші кезекте, кез келген ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесіп тұруы қажет. Буллинг тақырыбында көбірек сөйлескен жағдайда ғана баланың қысымға ұшырағанын не қатарластарынан көргенін айта алады. Мектептегі уақыты қалай өткенін, интернетте не істейтінін сұраған жөн. Тек сабақ үлгерімі емес, баланың сезімі, қатарластарымен қарым-қатынасы жайлы да сөйлесу қажет.
Ата-ана баласы үшін үлгі болуы қажет. Балаға айналадағы адамдармен қалай дұрыс қарым-қатынаста болу керегін, қысым көрген адамды қолдауды үйретсе, оның мейірімді және өзгелерді құрметтеп өсетінін ескерген жөн.
Балаңыздың қатарластары тарапынан буллингке ұшырағанын қалай байқауға болады?
Буллингке ұшыраған балалар көбіне мектепте не болып жатқанын ата-анасына айтуға қорқады. Сондықтан кез келген ата-ана баланың буллингтен зардап шеккенін байқауы керек. Қысым көрген баланың мінез-құлығында мынадай өзгерістер болуы мүмкін:
– өзінен кіші балалар мен жануарларға агрессиямен қарау;
– ұйқы немесе тамақтану режимінің бұзылуы;
– концентрацияның жоғалуы;
– тез шаршау;
– тыныштықта көп болу;
– реніш;
– өзгеден оқшаулану.
Қысымға ұшыраған балаға қалай көмектесу қажет?
Бала біреу оны ренжіткен болса, ол бұл туралы мұғалімдерге немесе ата-анасына айтуға құқылы екенін анық білуі керек. Буллингке ұшыраған бала ата-анасына немесе мұғалімдеріне не болып жатқанын өте сирек жағдайларда айтады. Сондықтан баламен ашық диалог құрып, көп сөйлесу қажет. Балаға психологиялық және эмоционалдық қолдау жасап, оның жағында екеніңізді сезіндіруіңіз керек.
Буллингті қалай тоқтатуға болады?
Егер балаңыз сыныпта қысым көрсе, бірінші кезекте сыныптастарының ата-анасымен сөйлесу керек. Жалпы жиналыста емес, әр ата-анамен жеке-жеке сөйлескен дұрыс. Егер әңгімелесу нәтиже бермесе, онда сынып жетекшісі, мектеп директоры, психолог пен учаскелік полиция қызметкерін араластыру керек.
Буллинг балаға қалай әсер етуі мүмкін?
Әдетте буллингке ұшыраған баланың қызығушылығы жоғалады. Мысалы, сурет салуды ұнататын баланың оған деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Оқу үлгерімінің нашарлап, мектепте барудан бас тартуы мүмкін. Одан бөлек, буллинг онлайн-кеңістікте де болуы мүмкін: баланы ортақ чаттан шығарып, бұғаттап, оған жағымсыз нәрселер жіберген болуы мүмкін.
Буллингке ұшыраған балада психосоматикалық бұзылыстар байқала бастайды: жиі басы ауырады, ұйқы мен тәбет проблемасы байқалады, созылмалы аурулар асқынуы мүмкін. Бұған қоса депрессия, мазасыздық, невротикалық белгілер пайда болады.
Ата-ана баласының буллингке қатысы бар екенін, біреуге қысым жасап жүргенін білгенде не істеуі керек?
Өзгелерге буллинг жасап, кемсітетін балалар көбінесе белгілі бір топтың не қауымдастықтың мүшесі болғысы келеді. Ата-ана не достарының өзіне көңіл бөлгенін қажет ететін балалар көбіне буллинг жасауға бейім. Балаңызға осы әрекеттерді тоқтатуға көмектесу үшін бірнеше қадам жасау қажет:
– Балаңыздың неге ондай іс-әрекетке баратыны туралы сөйлесуіңіз керек. Балаңызбен сөйлесе отырып, оны "буллингке ұшыраған бала" орнына өзін қойып көруін айтыңыз. Көбіне осындай іс-әрекетке баратын балалар үйде көргенін қайталайды. Сондықтан ата-ана үйде балаларына көрсетіп жатқан іс-әрекет, үлгілеріне де аса мән берген жөн.
– Балаңыздың кінәсін түзуге мүмкіндік беріңіз. Егер балаңыздың буллингтік іс-әрекеттер жасағанын байқасаңыз оларға мынадай шектеулер қоюға болады. Мысалы сондай жағдайларға бейім достармен кездесуді шектеу, интернетте көп отыруын шектеуге болады. Кінәлі екенін түсіндіріп, достарынан кешірім сұрауға, өзгеге сыйластық көрсетіп, мейіріммен қарауға үйретіңіз.