Медитация жасау жолы

Медитацияны көп адам діни жоралғы деп ойлайды. Негізі, ол – рухани жаттығу. Егер спорт денеңізді шынықтырып, тәртіпке баулыса, медитация жаныңыздың, рухыңыздың, ойыңыздың тазарып, «шынығуына» сеп болады.

Медитацияны күніне екі рет жасаған жөн. Оған таңертең және кешке 15-20 минуттай уақыт бөліңіз. Медитация таңертең ойды жинақтап, дене мен сананы қуаттаса, кешке шаршаңқы күйден арылып, артық ойдан арылуға көмектеседі. Ең басты шарт: медитацияны күн сайын жасау керек.

Қай жерде?

Медитацияны үйде, тыныш жерде жасаған жөн. Сізді ешкім, ештеңе алаңдатпағаны дұрыс. Бірақ оны ұйықтайтын бөлмеден басқа жерде жасауға тырысыңыз. Себебі бұл жерде миыңыз демалып, босаңсығаныңызды "түсінгенде" ұйықтау керек деп ойлап, қалыпты қызметіне кіріседі.

Егер басқа бөлмеде медитация жасауға мүмкіндік болмаса, әрине, өз бөлмеңізді таңдауға мәжбүр боласыз. Күн жылы болса, жақын маңдағы ірі саябаққа барып, ешкім жүрмейтін жерде отыруға болады. Алайда, ең алдымен, ол жердің қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз.

Дене

«Лотос» қалпында (суреттегідей) отыру міндетті емес. Ең бастысы, арқаңыз тік болуы керек. Отырысыңыз өзіңізге ыңғайлы болғаны дұрыс. Арқаңыз тік болса, дұрыс дем алып, дем шығарасыз. Медитацияны жатып жасасаңыз, ұйықтап қалуыңыз мүмкін.

Босаңсу

Ыңғайлы қалыпты тапқан соң денені бос ұстап, тыныс алыңыз. Көзіңізді жұмыңыз. Белгілі бір нәрсе жайлы ойлаңыз. «Мен бақытты адам болуға лайықпын», «менің табысым шексіз», «мен үлкен жетістіктерге жетіп жатырмын», «мен өзімді жақсы көремін, мені бәрі жақсы көреді және мен де өзгені жақсы көре аламын», «өзгелер мені сыйлайды, құрметтейді», «менің денсаулығым мықты, денем шыныққан», «мен материалдық және рухани тұрғыда баймын» деген сияқты ойларды 15 минут бойы қайталай беріңіз. Егер басқа нәрсеге ойыңыз ауып кеткенін байқасаңыз, асықпай қайтадан позитивті ойға оралыңыз. Осының бәрін бейне бір саяхат ретінде қабылдаңыз.

Заманауи адамның өмірі әртүрлі қызыққа толы. Кездесулер, жұмыс барысында туындайтын жағдайлар, жаңа дүниелер, ғаламтор, достарыңыздың жаңалықтары сынды нәрселерді миыңыз дер кезінде қабылдап, «қорыта» алмайды. Сондықтан медитация кезінде сол нәрселер ойыңызға келіп, әртүрлі сезімдер пайда болуы мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай. Ол үшін ызаланып, медитация бұзылды деп ойламаңыз. Ойға келген қажетсіз нәрселерді сырттай бақылауға тырысыңыз. Олардың есікті ашып, кіріп-шыққанын елестетіңіз. Содан соң қайтадан жоғарыда атаған позитивті нәрселер жайында ойланыңыз. «Ойларды қуу керек», «босаңсуым керек», «медитация жасай алмаймын» деп уайымдамаңыз. Уақыт өте келе әр ойыңызды бақылап, басқара алатын боласыз.

Медитация арқылы ашу-ызаны билеуді үйренесіз. Белгілі бір жағдайда болған мәселеге қатысты санаңызда қандай сезім пайда болғанын байқай бастайсыз. Керек уақытта тез шешім қабылдауға дағдыланасыз. Шыдамды, сабырлы болуға үйренесіз.

Медитация кезінде не істеу керек?

– Дем алып, дем шығару. Медитация барысында қажет емес нәрселер жайлы ойлап, алаңдамау үшін дем алып, дем шығарғаныңызды бақылаңыз. Ауаның өкпеге толып, асықпай шыққанын сезініңіз. Таза ауаның кіріп, ағзаға қажет емес микробтардың шыққанын елестетіңіз.

– Позитивті ойлар. Біз жазған позитивті ойларды қайталай беріңіз. Омы арқылы сана мен бейсана бақытты, қуанышқа толы өмір сүру салтына үйренеді.

– Елестету техникасы. Өзіңіздің бір әдемі, тыныш жерде отырғаныңызды елестетіңіз. Таудың шыңы, баурайы, теңіз жағасы болсын, жаныңыз тыныштық табатын жерде демалып отырғаныңызды елестуге болады.

Осы үш әдістің бірін пайдаланып, медитация жасап көріңіз. Үшеуін кезекпен қолданып көруге де болады.