- Негізгі бет
- Психология
- Массагеттің қыздарына қандай...
Массагеттің қыздарына қандай жігіттер ұнамайды?
"Бойларыңды түзеңдер" деп айтудан қорықпаған жігіттердің өздері сірә мінсіз, ақылды, сұлу, сабырлы, көңілді болуға тиіс. Біздің жігіттер сондай екендігіне күмәніңіз болмасын. Алайда жігіттер бастаған тақырыпты жалғастырып, бүгін Массагет қыздарына қандай жігіттер ұнамайтыны жайлы талқылайық.
Сонымен Массагеттің қыздарына қандай жігіттер ұнамайды?
Мейіргүл Оңғарова:
Білімсіз, жұмсақ мінезді, ұялтатын сөз айтқанда, беті қызармайтын, намыссыз, өз қадірін, бағасын білмейтін, көп сөйлейтін, сәл де болса, аңғалдығы жоқ арам, ұрысқақ жігіттер ұнамайды.
Анар Мұстафина:
Маған жауапкершілігі жоқ жігіттер ұнамайды. Мақсатсыз, бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп, осы өмірден өз еншімді алып қалайыншы, өз орнымды табайыншы деп ұмтылмайтын қайратсыз жігіттерге көңілім толмайды. Бірақ бұл адам адамгершілігін ұмытып, елді таптап, біреудің ала жібін аттап, дегеніне жету дегенді білдірмейді. Аса принципшіл, өзінің дегенін, өзінің айтқанын ғана жасатып, қатып қалған ережелермен жүретін, шовинистік көзқарасты жігіттерден аулақ жүруге тырысамын.
Ақерке Әбілхан:
Маған затымен, сосын атымен мақтанатын жігіттер ұнамайды. Сәл сөйлесе қалсаң, жұмысын, жетістіктерін айтып, қыздың көзінше ақшасын санап, дәрежесін айтып, күшті екенімді көрсін деп әлімжеттік жасап, көкіректеніп мұрнын көкке шүйіретіндерді жаным сүймейді. Сосын жігіттің қырсықтығын да жақтырмаймын. (Өзім қырсықтау қыз болғасын ба, қайдам))) Қоғамда болып жатқан жаңалықтардан махрұм жүретін, спортпен айналыспайтын жігіттерді қоса кеткім келеді солардың қатарына. Сосын имани білімі жоқ жігіттерді де жақтыра қоймаймын.
Айгерім Сматуллаева:
Қай уақытта да, қандай жағдай болмасын, жігіттің жігіт болғаны дұрыс. Жалған айту, уәдесінде тұрмау, бос сөзді серік ету секілді жағымсыз қасиеттерді бойына сіңіріп алған серілер маған ғана емес, бүкіл қыздар қауымына ұнамайтындығына сенімдімін. Сондай-ақ, өзімшіл, тұрақсыз жігіттерге айтар өкпем көп. Иманды, мәдениетті жігіттерді қатты құрметтеймін. Алдынан шыққан болмашы кедергілер үшін ішімдікке салынып, өмірден түңіліп кететін азаматтың болашақ жарым болғандығын қаламас едім...
Сания Аринова:
Маған ақылды, сұлу, сансыз байлығы бар, туысқандары аз жігіттер ұнайды десең) Өз бетім жігітке қатаң шектеулер қоймаймын. Байқағаным, ақылсыз, оқымаған жігіттерді ұнатпаймын. Ішімдікке кішкене болса да құмар жігіттерден де аулақ жүремін. Қалған жігіттердің бәрінің менің көңілімнен шығуға мүмкіндіктері бар! Алға!
Мына әңгіме тура бір кастинг байқауы сияқты болып кетті. Кастингке қатысамын деушілер Массагет сайтына тіркеле берулеріңізге болады.
Ал сізге қандай жігіттер ұнамайды?
С. А