Жігіттердің көңілінен шығатын қыздардың қандай болатынын анықтап көрелік. Жаман айтпай, жақсы жоқ болғандықтан, Массагет сайтының жігіттерінен қыздардың ұнамсыз типаждары туралы сұхбат алдық.
Сонымен Массагеттің жігіттеріне қандай қыздар ұнамайды?
Қайсар Қауымбек: Маған ең бастысы, шындықты айтпайтын қыздар ұнамайды. Мысалы, жігітінен жасырып, басқалармен сөйлесіп жүретін қаншама қыздар бар. Мақұл-ақ, әйел затына тән мінез ғой. Ол туралы жігітіне айтпай ақ та қойсын. Бірақ жігітіне жалған айтуы тіптен дұрыс емес. Сондайлар ұнамайды. Ал, сосын тілінің ұшында уы бар қыздар ұнамайды. Үнемі тістеп-тартып, өзгелердің көңіліне тие сөйлеуді мақсат ететін қыздар болады. Сондайлар ұнамайды.
Болат Қосмағамбет: Қатты боянатын, көп қыдыратын, боқтайтын, ішімдік ішетін, темекі шегетін, өзінде ой жоқ, басында ми жоқ, көкірегі көк тірейтін, ашық киінетін, көп білемін деген кейіппен жүріп-тұратын қыздардан құдайым сақтасын.
Уәлихан Қосанбай: Маған жалпы ашық-шашық киінетін, көп боянатын қыздар ұнамайды. Сонымен қатар көп сөйлейтін қызды да жаным қаламайды. Атам қазақ "Қызды қырық үйден тыю керек" дейді ғой. Сол секілді қыздарымыз да иманды, салиқалы, сабырлы болса, нұр үстіне нұр. Жалпы өз басым салмақты қыздарды құп көремін.
Ардақ Құлтай: Қырсық, маубас, көп сөйлейтін, ер адамды басқарғысы келетін: "қайдасың?", "үйге қашан қайтасың?" деушілерге жыным келеді.
Фараби Арыстанбеков: Шын айтам, қазір ол туралы ойланғым да келмейді.
- Неге?
- Будда болайын деп жүрмін.
Массагеттің ауа-райы әзірге осылай болып тұр. Кейбірі жамандық атаулыны ойына алмай "нирванаға" жеткісі келіп жүрсе, енді бірі ішіндегі барын ашып салудан тайынбайды.
Олай болса, Массагеттің қыздары, бойларыңызды түзей жүріңіздер.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: hq-wallpapers.ru