Ардақты массагеттіктермен махаббат туралы әңгіме дүкен-құрып көрелік. Қозғағалы отырған тақырыбымыз тағы да махаббат. Нақтырақ айтсақ, махаббаттың өміріміздегі рөлі қандай? Оның қандай пайдасы не зияны бар? Мәңгілік махаббат деген бола ма? Ол бар нәрсе ме?
Олай болса, осы сұрақтарды соңынан бастап, бір-бірлеп талдап, саралап көрелік.
Менің пайымдауымша, әлбетте, мәңгілік махаббат деген бар нәрсе. Дегенмен құр махаббат жарымызбен тату-тәтті, гармонияда өмір сүруді қамтамасыз ете алмайды.
Қос жартыны бір-бірінің қасына жіпсіз байлап, бір-біріне тартып отыратын нәрсе - миларының құрылысы. Басқаша айтқанда, екі жанның ойлау жүйесі. Ойлау техникасы бірдей адамдар ыммен ғана түсінісіп отырады. Ондай жандардың өмірлік жолдары да бір болады. Мақсаттары да ұқсас болса керек.
Ойлау жүйелері бір-бірін толықтырып отыратын екі жарты жолығып, бір тудың астына бірігер болса, одақтың шаңырағының шайқалуы өте қиын болады. Арасынан қыл өтпейтін мұндай достарды араздастыру да оңай болмайды. Бұл қос жан өмір бойы адалдықпен, шынайылықпен өмірін өткереді.
Енді, құрметті оқырман, сіз: "Мына Ерекең қыз бен жігітті неге дос деп атап отыр. Не себепті аузына махаббат, ғашықтық деген сөздерді алмайды?" деп ойға қалып отырған боларсыздар. Түсіндірейін...
Менің ойымша махаббат, сүйіспеншілік деген нәрселер жұбымыздың қасиеттеріне, көркі мен сұлулығына еш тәуелсіз құбылыстар. Бұл сезімдер тікелей өзіміздің қандай екендігімізге байланысты. Бұдан шығатын қорытынды - сіздің кеудеңізде біреуге деген махаббат оянып, сүйіспеншілігіңіз артса, бұл жүрегіңіздің кеңейіп, шалқығандығының белгісі. Және керісінше. Өмір-бақи біреуді жек көріп, қызғанып, еркіңізден тыс жамандығын ғана көре берсеңіз, бұл сөз болып отырған адамның оңбағандығынан емес, пейіліңіздің тарылып, шөліркегендігінің белгісі.
Бір қызығы адам баласының өмір бойы бір қалыппен жүре беруі өте қиын нәрсе. Әрбір азамат кең пейілін сақтап отыру үшін соңғы демі қалғанша өз-өзімен алысып, 24 сағат бойы қолына таяқ алып күзетте тұруы керек.
Осы орайда 19 ғасырда өмір сүрген орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың сөзін келтіреміз. Қазақша аудару кезінде насихаттың шын мағынасын жоғалтып аламыз ба деген қауіппен алдымен цитатаның оригиналын ұсынамыз: "Всегда кажется, что любят нас за то, что мы хороши. А не догадываемся, что любят нас оттого, что хороши те, кто нас любят". ("Бізді біреу сүйгенде, өзгелерден артық екенмін деген ойға келуіміз мүмкін. Шындығында, адам махаббатын өзі жақсы болып, кеудесі кең болғандықтан ғана төгеді").
Көп сөздің түйіні мынау. Мәңгілік махаббат деген нәрсе - бар. Бірақ махаббаттың оянуы немесе керісінше сөнуі тікелей сіздің ішкі халіңізге байланысты. Бұл сезімдердің пайда болуына сыртқы әлемнің еш қатысы жоқ. Жүрегіміздегі махаббат сезімі сөнбесін.
Автор: Еркебұлан Қайрахан
сурет: romantic-advice.ru