Қасыңдағы досыңның басқа қалаға немесе басқа мемлекетке барып келгеннен кейін өзгеріп кеткендігін байқадың ба? Өзің де араласатын адамдарыңның шеңберін өзгерткеніңде, басқа адам бола бастағаныңды сезетін шығарсың.
Неге бұлай болатындығы туралы ойланып көрдің бе? Саған қызық болса, бүгінгі әңгімемізді осы тақырыпқа арнайық.
Әлбетте, адамзаттың көпшілігінің жүріс-тұрысы мен арман-мақсатына әсер ететін ең маңызды нәрсе - қоғам. Қоғамның да біреудің қолымен, яғни, ел басшыларының ақылымен жасалатындығы белгілі. Оның басты ерекшелігі сол - бізге өмір бойы әсер етіп, ойымызды белгілі нәрсеге бағыттап отырады. Бұл әсерді күйбеңмен алысып жүрген адам әдетте оңайлықпен байқамайды. Тек өзінің не істеп, қайда жылжып бара жатқандығы туралы ойланатын адам ғана бұны сезіп, біле алады. Жаппай гипнозға ұқсайтын бұл әсердің салдарының бір көрінісі ретінде жарнамалық маркетингтің құрбандарын көрсетуге болады.
Тауарды қойшы, санамызға түрлі тәсілдер арқылы сіңіріліп жатқан түсініктер мен қауіпті идеяларды қайтеміз? Олардан қалай құтыламыз? Әлде сіз өзіңізді ешқандай идеологиялық шабуылдың құрбанымын деп есептемейсіз бе?
Әлбетте, құрбанысыз. Ойланып көріңізші. Қарапайым жігіт пен қыздың, күйеу мен әйелінің арасындағы қарым-қатынастың формасы осыдан 20 жыл бұрын қандай еді? Ал қазір қай жаққа кетіп бара жатыр? Қыз баланың жігіттің алдына шығып, көшбасшылыққа ұмтылуы өзінен-өзі пайда болды ма? Әрине бұның барлығы фильмдер мен музыкалар, ток-шоулар мен телесериалдар арқылы таралған эпидемия. Яғни, у. Сен ойлайтын боларсың: "Заман ағымы өздігінен осылай өзгеріп бара жатыр ", - деп. Жоқ. Бұның барлығы жүйелі, мақсатты түрде істеліп жатқан идеологиялық жұмыстар.
Қазір ешкім үстіне киіп жүрген киімін, айналысып жүрген кәсібін, арман-мақсатын, тыңдайтын музыкасын, қарайтын киносын, араласатын адамдарын өзі таңдап жүрген жоқ. Бұның барлығы түрлі тәсілдер арқылы адамдарға таңылған.
Осы ғаламдық процестер қазақ халқының қанында бар бауырмалдық, сүйіспеншілік, барша адамға махаббат қылу, үлкенге құрмет көрсету секілді асыл қасиеттерінің жойылуына әкеліп соғуы мүмкін. Халықты қойып, өзімізге назар салсақ, жүрегімізде өзге түгілі, өзімізге де махаббаттың жоқ екендігін байқай аламыз ғой. Біртұтас елдің жоқ болып жойылуының негізгі алғашарты да - осы.
Автор: Еркебұлан Қайрахан
сурет: bigpicture.ru