Мамандығыңыз темпераментіңізге сай ма?

Мамандығыңыз темпераментіңізге сай ма?

"Ағашта қанша жапырақ болса, адамда сонша мінез" бар дейміз. Темперамент - жүйке жүйесінің тума қасиеттерінен туындайтын адамның жеке өзгешелігі.

Адамның қандай темпераментке жататыны балалық шақтан-ақ белгілі болады. Темперамент табиғаттан беріледі. Дегенмен, адам есейген сайын, қоршаған ортаға деген қарым-қатынас та күрделене береді. Бәрі әркімнің ортаны қалай қабылдауына, дүниені қалай тануына байланысты. Ашық мінезді адамның өсе келе тұйықталып кетуі, керісінше, тұйық адамның ашылуы өмірде кездесетін құбылыс. 

Темпераменттің төрт түрі белгілі. Біз бүгін темперамент түрлері мен оларға қандай мамандық жарасатыны туралы әңгімелейміз. 


Сангвиник - ашық, көпшіл, сөзшең, қайырымды, жаны жомарт, оптимист, өмірге құштар, қуатты адам. Басшылық етуге, жетекшілікке құмар. Сангвиник адам эмоциясын ішінде ұстап қала алмайды, қандай жағдайда да, әсерін сыртқы ортамен бөлісе береді. Олар жұрттың назарын өздеріне аударта алатын белсенді жандар.

Сангвиниктер менеджер, мұғалім, дәрігер, психолог, тәрбиеші, ұйымдастырушы, сатушы, даяшы, инженер-технолог т.б. мамандықтарды иелене алады.

Флегматик - өте сақ, ұяң, байсалды, сенімді, тұрақты, салқынқанды, жұртқа жақсылық тілеумен жүретін адам. Бастаған ісін аяғына жеткізбей тастап кетпейтін флегматиктер іске келгенде өте мұқият. Адамдармен қарым-қатынас жасағанда, мінездері тұрақты, біркелкі.

Флегматиктер механик, электрик, инженер, агроном, жүргізуші, ғылыми – ботаник, астроном, физик, математик т.б. мамандық иелері бола алады.

Холерик - ұшып-қонып тұратын, күйгелек, шамданғыш, тынымсыз, көңіл-күйі құбылмалы, қарым-қатынас жасағанда мінезі аумалы-төкпелі, тұрақсыз, пысық, ашуланшақ адам. Қолына алған жұмысы өнбей жатса, күйіп-пісіп, жылдам ашуланады. 

Холериктерге әртіс, дипломат, журналист, кәсіпкер, хирург, ұшқыш, диспетчер, жүргізуші, тренер, менеджер, құрылысшы, режиссер, аспазшы, геолог, электрик т.б. мамандықтар жарасады.

Меланхолик - өкпелегіш, пессимист, тұйық, сөзге сараң, аса баяу қозғалатын, ұялшақ, қыңыр, жайбасар, қисық адам. Кез келген қоршаған ортада болып жатқан құбылыстарға бей-жай қарап, сезімін үнемі ішінде сақтап жүреді. Жаңа таныстық пен адамдар көп жиналған жерден қашқақтайды. Жалғыздықты сүйеді.

Меланхоликтерге педагог, суретші, тігінші-модельер, бояушы, сазгер, жазушы, мал дәрігері, геолог, агроном, зоотехник, есепші, радиомеханик т.б. мамандықтар сай келеді.

Сіз қандай темпераментке жатасыз? Темпераментіңізге мамандығыңыз сай келе ме?

Сурет: zdorovieinfo.ru, pereodenem.com

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова


Р. Роза