- Негізгі бет
- Психология
- «Мама» деп шақыра...
«Мама» деп шақыра аламын!
Енді ғана беске толған бүлдіршін қыздың жүрегін жаралайтыны тумысынан сақау әрі саңырау болғандығы емес еді. Таңғажайып сұлу дүниенің келбетін көре алғанымен, сазды дауысын ести алмайтын, жанына жақын жандармен тілдесе алмағанымен, ойы алғыр, зерек болды. Сәби атаулы алғаш рет тілі шыққанда айтар «Мама» деген қастерлі сөзді ол әлі күнге айта алған жоқ. Сондықтан да жүрегі жаралы бүлдіршін үнемі әлденеге тесіліп үнсіз отыра беретін. Сол себепті де бақытты күндер кешуге тиісті бұл отбасынан сүреңсіздік байқалып тұратын. Ата-анасының да жанжалы күн сайын шиеленісіп келе жатқанын сәби жүрек тілсіз, мылқау қалпында сезінетін.
Ол алты жасқа толған туған күнінде шешесі оны саңыраулар мектебіне тапсырып, жатақханаға жату жөніндегі құжаттарын бітірді. Зерек бүлдіршіннің жүрегі сонда ғана ата-анасының ажырасуға бел байлағанын түсінді. Әкесі мүлде ажырасуға қосылмайтын. Бірақ, бұған көне қоймаған шешесі заңға жүгініп қана осылай істемек.
Ол қателеспепті. Шешесі шынымен-ақ сот орындарына ажырасу жайлы арыз ұсынды. Бірнеше күндік қарбаластықтан соң, ақыры сот ашылатын күн де жетті. Көкірегін шер буған ана мен бәріне амалсыз көнген шарасыз әке сот қақпасының алдында кездесті. Олар ішке кіре бергенде оның әкесі әлдеқайдан бір телефон қоңырауын қабылдады да, сілейіп тұрып қалды. Сәлден соң, есін жиғандай әйеліне жалынып «Кешір мені! Мен бұрын ажырасуға көнбеп ем. Менікі қателік болған екен. Алайда бүгін мұнда кірмей-ақ қоялықшы! Жаңа ғана мектептен телефон келді. Олар қызымның жоғалып кеткенін айтады. Дереу іздеп, табуым керек. Егер оны тапсам ғана болғаны, дереу сенімен ажырасуға уәде беремін! Енді мүлде жолыңды тоспаймын!» деді де, жүгіре жөнелді. Мына тосын хабардан сасып қалған бейбақ ананың жүрегі жылап қоя берді. Әуелі жаңа ғана ажыраспақ болған күйеуімен бірге қалай ғана таксиге отырғанын да сезбеді. Бар қиялы бейшара сәбиінде. Жылап келеді...
Ажырасуды алдымен аузына алғаны үшін, солай бекінгені үшін барлығы да оны мүгедек сәбиді бағудан қашты, рақымсыз деп жазғыратын. Алайда, дәл қазір қызы бақытсыздыққа жолықса, өзін мәңгі-бақи кешірмес еді. Бұл сүреңсіз отбасынан оның үміті мүлде үзілген. Күйеуі университеттегі махаббаты. Алғаш махаббаттасқан күннен бастап үйленіп, қызы туылғанға дейін бақыттан басы айналған ғашықтар да осылар еді. Сүйкімді қыздарының тумысынан біткен болмысын білген сәттен бастап, бұл отбасының шаңырағынан қайғы бұлты арылып көрген жоқ. Күйеуімен ақылдасып, тағы да балалы болғысы келді. Алайда күйеуі мүлде тойтарыс берген. Шынын айтқанда бақытсыз әкені жазғырудың жөні де жоқ. Ол өмірге екінші сәбиі келсе бүлдіршін қызына деген жауапкершілігінің, әкелік мейірімінің таяздауынан қорықты. Ол қызын қатты жақсы көретін. Үнемі қызын ақылды, зерек деп мақтайтын. Айналсоқтап қасынан шықпайтын...
Оның ойы дәл осыған келгенде булығып барып, жылап жіберді. Еңіреген дауысы, ашты өксігі қатты шықты. Күйеуі қолынан ұстап:
- Өзіңді жазғыра берме, оған ештеңе етпейді. Мен білем, сен оның «Мама» деп шақырғанын аңсадың. Сол дауысты естуді армандадың. Мен бәрін де түсінем. Бірақ...
- Мен шынында да рақымсыз анамын. Тым өзімшіл екенмін. Алайда оның сол «Мама» деген дауысын естімегенім үшін ғана өзімді аналық құқықтан айрылып қалғандай ғана сезінемін. Ажырасудағы себебім де сол! – Ол өзін жазғырып, зар еңіреп келеді...
Күйеуі қайтып үндемеді. Көлік саңыраулар мектебінің қақпасына келіп тоқтады. Телефон шалған жас мұғалім сабырсыздана күтіп тұр екен. Қалай жоғалып кеткенін, алаңдап бұларға қоңырау шалғанын айтып жатыр. Сосын қыздың жазу үстелінен тауып алған хатын ұсынды.
«Шеше, әкем екеуінің ажырасқалы жүрсіңдер. Мен бәрін де білемін. Сізді «Мама» деп шақыра алмағаным үшін қайғырасыз. Қызың сенен кешірім сұрайды. Бірақ, мен амал таптым. Сізді «Мама» деп шақырудың амалын таптым. Сізді алдамаймын. Мен ауылға нағашы апамның үйіне кеттім. Сонда келіңізші, барлығын білетін боласыз» - деп жазыпты.
Бейшара ана қызының қиқы-шойқы жазуын бірден таныды. Ол хатты емес, бейшара сәбидің өзін кіналай қараған бота көзін көргендей болды. Жалынып, кешірім сұрағандай көз жасы қағазға тоқтаусыз тамшылап тұрды. Олар асығыс ауылға аттанды.
Ауылға жеткенде, әбден қас қарайған еді. Жолға қарап, сабырсызданған шешесі алдарынан шығып, ашуға басып:
- Бұл қайткендерің! Қаршадай қызды жалғыз қоя беріп! Әдірем қал, Әдірем қалғырлар! Ол келген бойда қораға тығылып алып, қозы-лақпен ойнап отыр!.. – деп бұлқан-талқан болды.
Екеуі бірдей ұмтылды. Қораның есігі ішінен ілініпті. «Құлыным шыға ғой. Шешең сені алып кетуге келді». Жылай жүріп, қораның есігін ерекше ырғақпен тербете бастады. Бұл қызы екеуінің ортасындағы қанық тәсіл. Ол есіктің тербелгенін көрсе, шешесінің келгенін біле қояр еді.
Сәлден соң іштен «мә!...мәә! мә!..мәәә!» деген қарлығыңқы әрі адамның жүрегін езіп жіберердей дауыс естілді.
Олар орнында қаққан қазықтай сілейіп қалды. Қора ішінен шыққан дауыс әлсін-әлсін естіліп жатты. Ол осында 18 жыл тұрмыс кешті. Бақытты балалық шағын өткізді. Бұл дауыс оған әбден таныс. Бейне «Мамалап» шақырған дауысқа ұқсайтын. Оның тапқан амалы осы болғаны да. Өзін тежей алмай қораның есігіне асылған бойы еңіреп отыра кетті. Сәлден соң, жынданған кісідей үйге жүгіріп кірді де, асығыс қалам мен қағаз алып шығып, әлденелерді жазып, қораның ішіне қарай лақтырды...
Көп өтпей есік ашылды. Қызының құшағындағы кішкентай сүйкімді лақ әлі маңырап тұр. Бейне ұйқыдағы сәбидің шешесін іздеп, шақырғандағы жан дауысы секілді. Жүгіріп келіп қызын құшақтай алған анасына ол бір тілім қағазды ұстатты:
«Мама, бұл дауысты естігенде қуандыңыз ба? Білемін, осыншама жылдардан бері сізді қатты өкпелеттім. Міне, енді жақсы болды. Ақыры сізді «Мама» деп шақыратын амал таптым. Мен кітаптан қозы-лақтардың шешесінен айрылған кезде үздіксіз маңырайтынын, олардың маңыраған дауысы адамның «Мама» деп шақырған дауысына ұқсайтынын оқыдым. Сізді «Мама» деп шақыра алмаймын. Бірақ, сіз қасымнан кеткенде іштей жүз рет, мың рет шақырдым... Шеше, енді менің қасымда болыңызшы?!».
Оның сол сәттегі өзін кешіре алмаған қалі тым аянышты еді. Қызының алдында тізерлеп, жылап отырған ана үнсіз басын изеп, бауырына қыса берді.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com
Қ. Қауымбек