Бала кезімізден-ақ мақтаншақтықтың жақсы қасиет емес екенін біліп өстік. "Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз" деп Абай дана мақтаншақтықты ең жаман қасиетке жатқызған.
Солай болса да, мақтаншақ адам айналамызда көп. Олар – көбіне өз-өзін шамадан тыс жақсы көретін адамдар. Десе де мақтаншақ адамның сөзі өзіне зиян ғана емес, кей-кейде пайда да әкеледі екен.
Қоғамнан мақұлдық алу. Егер біз айналамыздан жиі-жиі мақұлдық алсақ, өз-өзімізге деген сеніміміз арта түседі. Мәселен, жетістігімізді ешкім көрмесе, көрсе де, байқамаса, ол туралы өзіміздің айтуымызға тура келеді. Бұл тұрғыда біздің ойымыз бала психологиясы сияқты. Салған суретін ешкім мақтамаса, баланың жүні жығылып қалатыны сөзсіз.
Мақтану өз сәттілігімізді бағалауға үйретеді. Көп адамның қолы жете бермейтін оқу орнына қабылданып, ол туралы көп айтуды жөн көрмеуіңіз мүмкін. Бұл жолға қалай жеткеніңізді айту мақтаншақтық болар еді, десе де, бұған қандай қиындықпен жеткеніңізді айтудан тайынбаңыз. Өйткені біреу үшін басыңыздан өткерген оқиғаңыз үлкен сабақ болуы мүмкін. Бірақ бұл орайда әр сөзіңізге абай болыңыз.
Мақтаншақ адамның жанында көп отыру мүмкін емес, көбіне сөзінен құлағың ауырып, тұра қашасың. Сондықтан қалай мақтанбау керектігін де айтып өтейік.
Айналаңызды құрметтеңіз. Өзіңіз су жаңа қымбат көлік сатып алып, қасыңызда отырған адамға қарап: "сен мініп жүрген машинадан екі есе жылдам жүреді" десеңіз, біткен жеріңіз – осы. Бақытсыз адамның қасында өз бақытыңды айта беру қаншалықты қисынсыз болса, өзіңнің жетістігіңді жағдайы өзіңнен бір саты төмен адамға айту соншалықты мәдениетсіз.
Жетістігіңізді қайталап айтпаңыз. Шетелге барып жақсы демалып келгеніңізді бір емес, бірнеше рет айтсаңыз, сөзіңізден мән кетеді. Екінші рет біреу сұраса ғана айтуға болады.
Түймедейді түйедей етпеңіз. Егер сізге жігітіңіз күміс сақина сыйласа, оны бриллиант деп айтудың қажеті жоқ. Бұл сырт көзге күлкілі көрінеді. Әрі мақтаншақтық буымен өтірік айтып қойсаңыз, бір сөзіңіз екінші сөзіңізбен қиыспауы мүмкін. Ал ондай қателікті сізді мұқият тыңдап отырған кез келген адам жылдам байқайды.
"Адам ең алдымен өзгенің емес, өзінің алдында ұялу керек" деп жатады. Өзіміз жайлы айтқан кез келген жақсы сөздің бір ұшы мақтаншақтыққа келіп тірелетіні анық. Тек бір ғана жағдайда – егер сіз шынымен де қуанып тұрсаңыз, қуанышыңызды жасырмаңыз. Бұл орайда қоғам сіздің жақсы сөзіңізді мақтаншақтық деп қабылдамайды.
Ұқсас жазбалар:
Мақтаншақтарға арналады
Мақтаншақтық әдеттен құтылайық
Сурет: dowelljoin.com