Мақтаншақтық әдеттен құтылайық

Мақтаншақтық әдеттен құтылайық

Егер мансабыңыздың жоғарылағанын қаласаңыз, өзіңізді таныта білуіңіз керек. Бірақ біз осы тұсқа келгенде мақтаншақтыққа өтіп кетеміз бе деп қорқақтаймыз. Дәл осы мақтаншақтықты аластата отырып, өзіңіздің шын бағаңызды көрсете аласыз. Ендеше, мына кеңестерге құлақ түріңіз.

Міндетті түрде сену

Өзінің шын бағасы мен жетістігін айту барысында адамдар көп жағдайда өз-өзіне толықтай сенбейді және дәл осы қасиет  олардың басты қателігі. Егер өзіңіз туралы айтқан сөзге өзіңіз сенбейтін болсаңыз, сізге ешкім де сенбейді. Уақытыңыз бен біліміңізді бағаламасаңыз, өзгенің де бағалағанын күтпеңіз.

Осы үшін де өз мүмкіндігіңізді айтып жатқан кезде өтірік сөйлеп, жағыну туралы ойламаңыз. Жетістіктеріңіз бен дарыныңызды, басқа да жақсы қасиеттеріңізді айту барысында өз шамаңызды білгеніңіз абзал. Толық сенім пайда болғанда ғана өзгелерге ақпарат беріңіз.

Энтузиазм қосыңыз

Өз-өзін таныстыру (ұсыну) проблемасы көбіне жас мамандардың алдынан шығатын мәселе. Бәрімізге де белгілі, жас маманда тәжірибе мен жетістіктер көп бола қоймайды. Есіңізде болсын:

Өзіңізді дұрыс таныстырудың кілті – энтузиазм.

Өзіңіз жеткен жетістік туралы айту кезінде бар ынта-жігеріңізді қосып, бұл жеңістің сіз үшін үлкен маңызы болғанын анық көрсетіңіз. Себебі, өз ісіне үлкен маңыздылықпен қарайтын адамға қызықпау мүмкін емес.  

Қолыңыздан келген іс туралы барлық мән-жайды ашып, мүмкін болғанынша анығырақ әрі қызығушылықпен айтсаңыз, ешкім де мұны мақтаншақтыққа балай алмайды.

Көбірек қарым-қатынас жасаңыз

Өз қабілетіңізді көрсету үшін өзгелерді де тыңдай білуіңіз керек. Онымен бірге, олардың қызығушылықтарына көңіл бөле білу қажет. Ең оңайы  достық ортада өзіңіз жайлы және өзіңіздің ойларыңызды ашып айту. Бірақ бұл кезде де өз қызығушылығыңызды көрсетіп айтқаныңыз жөн.

Көмектесіңіз

Өзге қызметкерлерге көмек жасаңыз, ал қайтарымын күтпеңіз. Бұл кезде тек әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңызды түзеп қоймай, сонымен қатар, өз мүмкіндігіңіз бен біліміңізді байқатасыз. Ақыл-кеңесіңізді де аямаңыз, десе де ақылыңызды керек етпейтіндерге сөз шығындаудың реті жоқ.

Батыл, көңілді әрі қайырымды болыңыз

Адамның сипаты оның ісіне қарай айқындалады. Себебі, қуаныш пен қайғы кезінде өзіңізді қалай ұстағаныңыз – сіздің мінезіңізді көрсетеді.

Сіз туралы әңгіме айтылатын болсын

Мойындайықшы, сіздің сыртыңыздан біреу мақтап жатса, кейін бұл сөзді сіз естісеңіз, керемет сезімде боласыз ғой? Міне, дәл осылай, сіз туралы бастыққа өзіңіз емес, өзгелердің айтқаны дұрыс. Сол себепті, үлкенімен де, кішісімен де қарым-қатынасыңызды жөнге келтіріңіз.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: yobrowser.ru

А. Құлтай