- Негізгі бет
- Психология
- Мақсатымызға жетудің оңай...
Мақсатымызға жетудің оңай жолы
Алдына мақсат қойып, соған жетуге ұмтылатын жандар ғана түрлі қиындықпен бетпе-бет кездеседі. Өмірлік мақсатыңыз болмаса, бұл мақаланы оқудың қажеті де жоқ. Мақсат жоқ жерде қиындық та болмайды. Мақсатқа жету үшін қиындықтарды бірінен кейін бірін шетке ысырып отыру керек.
Ал қиындықтармен күресудің бір ғана жолы бар. Ол – әрекет жасау. Алайда бұл қиындықтар біз әрекет жасай алмайтындай қорқыныш, күдік, күмән, жайсыздық сынды жағымсыз сезімдерге әкеліп соқтырса ше?
Мысалы, сізге қазіргі жұмысыңыз ұнамай, оны ауыстырғыңыз келіп жүр делік. Алдыңызға жаңа жұмыс табуды мақсат етіп қойдыңыз. Оны қайдан табамын, қалай табамын сынды қиындықтарға жолықтыңыз. Қиындықтар емес, олармен жолыққан кезде қандай сезім туындағаны маңызды. Жаңа жұмыс іздегіңіз келген кезде не туралы ойланасыз?
♦ Жаңа жұмыс қолымнан келмей қалса ше? Бұл жерде аз болса да, табысым бар;
♦ Әріптестеріммен сыйым жараспай қалса ше?
♦ Жұмысымды ауыстырғаным дұрыс па?
♦ Осы жерге шыдай тұрсам қайтеді?
♦ Мүмкін жұмысқа деген көзқарасымды өзгертіп, бәрін басынан бастағаным жөн болар?
Өздеріңіз байқағандай, қорқыныш пен күдік ең жағымсыз эмоциялар қатарына кіреді.
Мақсатымызға жету үшін әрекет жасау керек екенімізді түсіндік. Алайда жоғарыдағы қорқыныш санамызды жаулап тұрған кезде бұған қалай қол жеткіземіз?
Әдетте, адамдар төмендегі екі нұсқаның бірін таңдайды:
1. Эмоцияға қарамастан іске кірісу
2. Әрекет жасаудан бас тарту
Көп адам табысқа жеткізбейтінін білсе де, екінші нұсқаны құптайды. Сол көптің қатарында өзіміздің бар екеніміз де өтірік емес...
Алғашқы нұсқа мақсатымызға жетуге септігін тигізгенмен, өзімізбен күресуге мәжбүрлейді. Өзіңізді жайсыз сезінсеңіз де, жасалуы тиіс әрекетті жүзеге асырасыз. Алғашында өзіңізді мәжбүрлесеңіз, артынша істі әдетке айналдырасыз. Жағымсыз эмоцияларға қарамастан әрекет жасауға дағдыланасыз. Өзіңізді жеңген кезде биік шыңды бағындырғандай күй кешесіз. Бірақ өзіңізді қолға алу – ең қиын іс.
Ал енді эмоцияларыңызды бақылап, кез келген ситуацияда өзіңізге пайдалы болатын шешім қабылдайтын дәрежеге жеттіңіз делік.
Жұмысты ауыстыру туралы ойлағаныңызда бірден қызығушылық, ізденіс, қуаныш пайда болады. Эмоцияларыңыз жаңа жұмыстың тез табылуына жағдай жасайды.
Адамдар эмоциялары мен сезімдері «жоқ» дейтіндіктен, әрекет жасаудан бас тартады. Эмоцияларыңыз қалаған кезіңізде «ия» деп жауап беретін жағдайға жеткіңіз келе ме?
Мұны да мысалмен талдайық.
Мақсатқа жету жолында қорқыныш пен күдік көп кедергі жасайды. Біздің мақсатымыз – оларды жағымды эмоциялармен алмастыру.
Жоспар:
1. Жаңа жұмыстың мүмкіндіктері туралы ойланыңыз. Артынша мұның барлығын тізімдеңіз. Тізімнің ұзақ болғаны өзіңізге жақсы.
2. Енді осы тізімнен ең жағымды эмоцияларды шақыратын пунктілерді таңдаңыз. Ол тізім төмендегідей болуы мүмкін:
♦ Мен көп жалақы аламын;
♦ Менің бос уақытым көп болады;
♦ Өзіме ұнайтын жаңа әріптестермен танысамын;
♦ Мен табысты компанияда жұмыс істеймін;
♦ Мен жаңа жерде өзімді толықтай көрсете аламын және т.б.
Енді ішінен ең жағымды эмоцияларды шақыратынын таңдайық:
♦ Бос уақытым әлдеқайда көп болып, жарыма, бала-шағама көбірек көңіл бөлемін;
♦ Өзім көптен қатысуды жөн көрген курстарға жазыламын;
♦ Жаңа әріптестермен бәрін басынан бастауға болады.
Бұл сізге мотивация болады.
3. Енді біздің мақсатымыз – әрекет етуге мәжбүрлейтін мотивацияға ие болу. Яғни бұл істі не себепті жақсы көруіміз керектігін анықтау. Жағымсыз ойларды бірден жағымдысымен алмастырып отыру.
Оны қалай жүзеге асыруға болады?
Ол үшін бар болғаны жаңа жұмыс іздеу арқылы өзіңізге қандай пайда табатындығыңыз туралы ойлансаңыз жеткілікті.
♦ Сіз түйіндемені қалай жазу керектігін еске түсіресіз;
♦ Достарыңызбен жаңа жұмыс туралы сөйлесуге мүмкіндік туады;
♦ Құпия агент секілді әрекет жасайсыз;
♦ Бұрынғы жұмысыңызбен қалай қоштасып жатқандығыңызды көз алдыңызға елестетесіз.
Жоғарыдағының барлығын тек мысал ретінде ұсындым. Жұмысымды ауыстыру жоспарымда болмағандықтан, ұзақ тізім жаза алмадым. Оны өздеріңіз толықтыруларыңызға болады.
Көз алдыңызға елестету оңай болу үшін, аналогияға назар аударайық.
Көлікпен 100 км/сағ жылдамдықпен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Мысалы, сіздің мақсатыңыз - Алматыдан Нарынқолға жету.
Қалыпты адамның іс-әрекеті:
Ол алдына мақсат қояды. Эмоциялары түрлі себепке байланысты «жоқ» деп жауап қайтарады. Яғни аяғыңызды газдан алып, тежегіштің үстіне кірпіш қоясыз. Осыдан кейін қаншалықты ұзақ жүресіз? Меніңше, бір орында тұра бересіз.
1,2-пунктілерге сәйкес аяғыңызды газға қойып, алдыға жылжуға әрекет жасайсыз. Мұнымен қатар тежегіштің үстіндегі кірпіш те бар. Қаншалықты ұзақ жүресіз? Қанша жол жүретініңізді білмеймін, бірақ әйтеуір бір тоқтап қалатыныңыз анық.
Тежегіштің үстіндегі кірпішті тек 3-пунктіні таңдау арқылы аласыз. Енді сіздің аяғыңыз газдың үстінде тұр. Қаншалықты ұзақ жүресіз? Мақсатыңызға жеткенше!
Ал Сіз мақсатыңызға жету үшін қандай әрекеттер жасап жүрсіз?
Сурет: вк желісінен
Қ. Бүйенбай