Мақсат қойып үйренейік

Мақсат қойып үйренейік

Әр адамның өмірінде қойған мақсаттары болады. Бірақ кейде мақсаттар шын өмірмен үйлеспей, мақсат емес, орындалмас арман болып кетеді. Мақсаттарымыз орындалу үшін не істеу керек? Мақсатты қалай дұрыс қою керек?

Кез келген мақсаттың, мейлі ол жеке өміріңізге не мансапқа байланысты болсын, белгілі бір сапалық көрсеткіштері болуы керек. Егер сіз мақсатыңызды осы көрсеткіштермен өлшей отырып қоя білсеңіз, оған жету жолыңыз оңай, қадамдарыңыз жүйелі болады. 

Сонымен, мақсатыңыздың мынандай қасиеттері болсын: 

Нақтылық 

Өзіңіз не қалайтындығыңызды анық білмесеңіз, нәтижеге жету өте қиын болмақ. Мақсаттарыңызды нақтылаңыз. "Көлігім болса ғой..." дегеннің орнына, қандай маркалы, қай түсті көлікті қалайтындығыңызды ойлап, оның бағасын біліп, мақсатыңыздың орындалуына қадамдар жасаңыз.  

Мақсат өлшемі 

Мақсатыңыз қай жағдайда орындалады? Мақсатыңызға өзіңізше өлшем бірлік беріп, шкала құрыңыз. Мысалы арықтаймын деп мақсат қойған арулар қанша килограмм салмақ тастағысы келетінін алдын ала белгілеген жөн. 

Қолжетімділігі 

Бұл қасиет мақсат пен арманның бірден-бір айырмашылығы. Армандарыңыз орындалмастай болуы мүмкін, алайда мақсатыңыз қол жеткізе алатындай болуы керек. Арманыңыз уақыт өте мақсаттарға айнала алады. Сол себепті армандарға да көңіл бөліп, барынша қолжетімді қылыңыз. 

Орындалу уақыты 

Әр мақсатқа өзінің уақытын тағайындап, мақсатты сол кезде орындауға тырысыңыз. Мерзімі жоқ мақсат сол бетінше кейінге қала береді. 

Мақсаттың сапалық көрсеткіштерінің бәрін ұстана отырып, өзіңіздің мақсаттарыңызды қайта қарап шығыңыз. Мақсаттарыңыз жақын арада орындалуы әбден мүмкін.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: miruvashihnog.ru

С. А