Өкінішке орай «сені жанымнан артық сүйемін...» деп некелескенімен, бірнеше жыл өтер-өтпестен айырылып кететін жұптар саны көбейіп барады. Неліктен?
Жігіт пен қыз арасындағы сезімнің үйлі, отбасылы болуға жеткілікті екенін анықтау маңызды. Себебі тартымдылық жылдар өте маңызынан айырылып, от та сөне бастайды. Сыңарыңызды шын сүйетініңізді қалай анықтау керек?
Онымен дос болғыңыз келе ме?
Оны сүйіктіңіз деп емес, дос, жолдас ретінде қабылдай аласыз ба? Арақашықтықты сақтап, ойнап-күле аласыз ба? Сізге маза бермейтін мәселені ашық айта аласыз ба? Сізді қапа қылған нәрсені бөлісе аласыз ба? Осы сұрақтарға шынайы жауап беріңіз.
Оны жеке тұлға ретінде сыйлайсыз ба?
Оның өз қалауы, өз таңдауы, өмір сүру салты, өмір жайлы ойы болуы мүмкін екенін ескересіз бе? Әлде «екеуміз бір адамбыз» деген соқыр сеніммен жүруді жөн көресіз бе? Әр адамның өзіне тән әдет, қасиеттері болады. Сіз дұрыс деп түсінетін нәрсені ол бұрыс деуі мүмкін. Белгілі бір нәрсе туралы екеуіңіз екі түрлі пікірде болуыңыз мүмкін. Бұл жақсы ма? Әрине. Себебі ол сіздің ойыңызды толықтырып, жаңаша көзқарастың болуы мүмкін екенін түсінуге көмектеседі. Шеше алмайтын мәселеңіздің шешімін басқа жақтан келіп, табуы мүмкін. Әрине кейбір жағдайларда пікірлеріңіз сәйкес келмей, дау туындауы мүмкін. Алайда мұнда екеуіңіздің бірі ұрыс басталып кетпеуі үшін бір әрекет жасауы керек. Сіздің сыңарыңыз немесе сіз сондай адамсыз ба?
Кейбір қасиеттің ешқашан жойылмайтынына дайынсыз ба?
Сүйікті адамыңыздың белгілі бір қасиеті не әдеті жүйкеңізді тоздыра ма? Күннен күнге шыдамыңыз таусылып бара ма? Оның қасиет, әдеттері өзгермейтінін түсіне білуіңіз керек. Футбол, аптасына бір рет достарымен бірге жоғалып кету, ойын ойнау, киімдерді шашып кету секілді әдетін өзгерту өте қиын. Тіпті өзгертудің де керегі жоқ деп айтуға болады. Себебі жігіттер үшін футбол, ойын мен достары өте маңызды. Оны тартып алушы болмаңыз.
«Мен сені сүйемін» деген «уақыт өте келе үйреніп кетемін» деген астарлы мағынаға ие болса, күндердің күнінде шаңырағыңыз шайқалуы мүмкін. Ал оның бар қасиеті, ерекшелігі мен мінезінің жағымды жақтарына тәнті болып, жағымсыз жақтарын шын жүректен елемейтін болсаңыз, осыны нағыз сүйіспеншілік деп атауға болады.