Кей психологтар махаббаттың ғұмыры үш жылдан аспайтынын айтады. Үш жылдан соң бауыр басып қалған, әдетке айналып кеткен жағдайлармен бірізді тірлікті жалғастыра береміз немесе жолды екіге бөлеміз. Сонымен бірге мамандар осы үш жылда эмоциялар жетіспеушілігі де қарым-қатынаста қиындық туғызататынын айтады.
Лаулаған махаббат өшіп қалмас үшін оны үнемі маздатып, стимул беріп, қарым-қатынас нығаюы үшін еңбектеніп отыру керек. Әйтпесе арақатынасыңыз қайталана беретін дағдыға айналып, түк қызығы қалмайды.
Кез келген қарым-қатынас кезеңдері дамып, жетіліп отыратынын да ескеріңіз. Бастапқы қайталанбас тәтті сәттер ары қарай тұрақты махаббатқа ұласуы үшін де екі жақтан жағдай жасалуы тиіс.
Нағыз қарым-қатынасқа қадам басқанда бірге жүрген адамыңызды жаңа қырынан тани түсуіңіз мүмкін, бұрынғыдан да жаныңызға жақын бола түседі.
Барлық ұлы сезім иелерінің қарым-қатынасы сыйлықтар берумен, қуантумен басталады. Бұл жағдай осылай қайталана береді. Күн сайын таңертеңгісін таңның қайырлы болуын, күннің сәтті өтуін тілеген хабарламалар қарша борайды, кешке дейін осылай жалғасады. Себепсіз гүлдер сыйланады, тәттілер сатып алынады. Кешкі серуендер уақыты созыла түседі. Күтіп алу, шығарып салу... жалғаса береді. Бірақ осы жайлар бір кезде керемет, ең бақытты шақ көрінгенімен, қайталана берген сайын жалықтыра түседі. Осыдан кейін болмашыға ренжісіп, ұрыс-керіс шығару басталады. Бұл жағдайдың бұрынғыдан нашарлағанын білдірмейді, айналып келгенде жаңа эмоциялар, жаңа сезімдер тууы үшін ситуацияларды өзгертіп тұру қажет.