Махаббаттың түрлері

Махаббаттың түрлері

Француз жазушысы Стендаль Фредерик махаббат психологиясын зерттейтін «Ғашықтың жайы» атты кітап жазған. Кітап форма жағынан ғылыми зерттеу еңбегі сияқтанғанымен, оны жазу үшін автор 20 жылдан астам уақыт жұмсаған. Бірақ, кітап дәм-татуы жоқ сылдыр сөз емес, күні бүгінге дейін «Махаббаттың қасиетті кітабы» саналып келе жатыр. Кітапта Стендаль махаббатты төрт түрге бөлген:

  1. Жалынды махаббат – төл мүддемен санаспайтын махаббат;
  2. Қызғылықты махаббат – ақыл-парасатты ардақтайтын махаббат;
  3. Физиологиялық махаббат – тән рахатына ғана берілетін махаббат;
  4. Атаққұмарлыққа салынатын махаббат – достық сүйіспеншілікті көтермелейтін махаббат.

Ал ХХІ ғасыр психологтары махаббатты мынадай үш түрге бөледі екен:

  1. Сананың (мидың), яғни, ақылдың ғашық болуы. Махаббаттың бұл түрі «Махаббат-есеп» деп аталады. Ол алып-ұшқан сезімді тежейді. Анығын айтқанда, бір адамның мінезіне, ақылдылығына ғашық болады.
  2. Сезімнің, жүректің (тылсымның) ғашық болуы. Бұл кезде сезім ақылға (есепке) бағынбайды. Әдетте «Нағыз махаббат» деп осыны түсінеді. Психологиялық толқындар мидың оң жақ жартысына өтеді. Махаббаттың бұл түрі – «Махаббат-сезім» деп те аталады. Себепсіз-ақ ғашық болады. Сұлулыққа, сүйкімділікке, асқақтыққа.
  3. Рухтың, яғни, жоғары сананың (ар-ожданның) ғашық болуы. Ол кезде бәрі тәрбие мен дәстүрге бағынады. Сезім де, сана да тежеледі. Психологиялық толқындар адамның ар-ұяты аясында өтеді. Махаббаттың бұл түрін «Махаббат-достық» деп те атауға болады. Өзара сыйластық, құрметтеуге, жауапкершілікке сүйенеді.

Ендеше, сіз махаббаттың қай түрін бастан кешіріп жүр екенсіз?

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: vsread.com 

M. Auelkhan