Ой қуаты
Махаббат ойдан басталады. «Махаббаттардың қашанда, Ойламау жеткен түбіне». (Төлеген Айбергенов)
Біз қалай ойласақ, солай болады. Ойымыздың бәрі махаббат болса, өміріміз де, қарым-қатынасымыз да махаббатқа толы болмақ.
Құрметтеу қуаты
Әлдекімді сүйгіңіз келсе, оған алдымен зор құрмет көрсетіп үйреніңіз. Ол үшін ең бірінші өзіңізді сыйлай білуіңіз керек. Оған сырт келбетіңізге, киіміңіз бен тәртібіңізге көңіл бөлу де кіреді.
Сыйлық күші
«Мені біреу сүйсе деймін себепсіз». (Танакөз Толқынқызы)
Ол үшін өзіңіз махаббатыңызды сыйлаңыз. Қанша берсеңіз, сонша аласыз.
Махаббаттың құпия формуласы - өзің бақытты болудан бұрын, оны бақытты етуге көп көңіл бөлу.
Достық күші
Достықтан басталған сезім ең күшті, ең берік, ең нәзік, ең пәк махаббат болмақ.
Жанасу күші
Бұл махаббат пайда болуындағы ең күшті қару, арадағы бөгеттерді бұзып, қарым-қатынасты нығайтушы. Оны қолмен байқатпай сипап өтудің өзі физикалық, эмоционалдық жай-күйіне өзгеріс әкеліп, магниттей тарта түседі. Ол жанды жазып, жүректі жылытады.
«Ерік беру» ұстанымының қуаты
Кім-кім болса да, әрдайым басы еркіндікте болғанын қалайды. Өліп-өшіп сүйсеңіз де, адамға жеке кеңістік қалдырыңыз.
Қарым-қатынас қуаты
Ашық-жарқын араласа бастағанда өмір өзгере түседі.
Біреуді ұнатсақ, үнемі сол адаммен сөйлескіміз кеп тұрады.
Оған өзіңіздің қалай құрметтейтініңізді, сүйетініңізді білдіріп отырыңыз.
Мақтайтын, жағымды сөздермен жанын жылытатын сәтті жіберіп алмаңыз.
Адалдық күші
Махаббатыңыз шынайы болса, жан-тәніңізбен берілуіңіз керек. Бұл әр ісіңізден, сөзіңізден көрініп тұруы тиіс. Басқаны ойламақ түгілі, көз қиығын тастамайтындай болып қалыптасыңыз.
Қызғаныш қуаты
Кейде тәтті, кейде қатты бұл сезім қай-қай сәтте де керек-ақ. Суынып келе жатқан жүректерді жақындастыруға да, селкеулі сезімді сілкіндіруге де септігі тиеді. Шектен шықпаса болғаны.
Сенім күші
Махаббатта бір-біріне шексіз сенім білдірудің маңызы зор. Өзіне артылған сенімді ақтау үшін адам барынша тырысып бағады. Адамға толық сенбейтін болсаң, оны сүю де мүмкін емес.