- Негізгі бет
- Психология
- "Махаббаттың қайнары –...
"Махаббаттың қайнары – көңіл..."
«Жараланған АҚШ құрлық армия жауынгері Отанға қайтып үйленді» деген тақырыппен жарияланған сурет 50-ші кезекті дүниежүзілік суретті хабарлар бәсекесінде бас жүлдені еншіледі.
Бас жүлдені еншілеген сурет
Суретте тек екі адам ғана, жігіт Тай Зигель мен келіншек Рене Кляйн еді. Кляйн той көйлегін киіп, қолына бір буда қып-қызыл роза гүлін ұстап алған, ол өте сұлу еді. Бірақ қасындағы күйеу жігіттің түрі жан түршігерлік сиқысыз еді. Ісініп, мүлде өзгерген түрінен бет мүшелерін, мұрны мен құлағын парықтаудың өзі қиын еді. Мүлде қисайып кеткен ауызында бірде-бір тіс қалмаған. Ол АҚШ-Ирак соғысында ауыр жаралғанған жауынгер еді. Бір жолғы шарлау кезінде өзін қоса жару шабуылына ұшырап, бір қолынан айрылған. Бас сүйегі сынып, көзі де соқыр болған, терісінің көп бөлімі күйіп кеткен еді. Оның бұл бақытсыздығына ең қатты қайғырған Кляйн еді.
Ол елге оралған жауынгер жігітінің қазіргі хал-күйі жайлы алдын ала хабар тапқан. Емханаға келіп, кездесер сәтте идеялық жақтан әлдеқашан дайындалып қойғанымен, оны көргенде қорыққанынан қос қолымен бетін басып, айқайлап жіберген еді. Көз жасы саусақтарының арасынан төгіле ақты. Кезінде өзін ғашық еткен келбетті де, келісті, зерек жігіт қалайша мұндай күйге түсті?!
Сұлу бойжеткеннің көкірегін көпке дейін өкініш пен өксік билеп жүрді. Ал оның айналасындағылар бұл қатігез шындықты қабылдай алмайды. Енді жігітіне мүлде қайрылмайтын шығар деп ойлады. Ол тіпті солай істесе де, ешкім айыптамас еді. Өйткені жап-жас әрі сұлу бойжеткенде әр күні күйеуінің үрейлі жүзіне қарап жүрерлік жігер қайдан болсын?! Бірақ аз-кем уақыт тынышталған Кляйн жігітінің қасынан мүлде айрылмады. Ол тіпті жігіті үшін жұмыстан да кетті. Шипаханада оған серік болып 19 реткі отаны басынан өткізді. Әр жолы отадан бұрын Кляйн оның қолынан ұстап:«Сүйіктім, қайратты бол! Мен қашан да сенің қасыңдамын. Тіпті, бұдан кейін де солай болады» дейтін еді.
Жігітінің қасында отырып баяғысындай Египетке барып таңғажайып пирамидаларды көру, Қытайға барып қытай қорғанында саяхаттау, Техас штатындағы егіншілік алаңына барып тұрмыс кешіру, онда сүйкімді жануарларды бағу, көп балалы болу, оларды тәрбиелі етіп өсіру, жайылымда отырып, олардың ойындарын тамашалау жөнінде ұзақ-ұзақ әңгіме айтатын.
Жас жауынгер бұрынғыдай күшті де келбетті емес еді. Өзінің осы халын ойлап, сұлу қыздың бағын байлағысы келмеді. Тіпті, кездеспеуге, енді қайтып келмеуге сан қайтара насихат айтты. Бірақ ол емханадан шыққан күні ақылды да сұлу бойжеткен өз еркімен оған үйлену талабын қойды. Жүректі тебіренткен сол күні бүкіл емхана қызметкерлері көзіне жас алды.
Жүректі ауыртатын, бірақ өте әсерлі той да өтті. Жас келіншектің шырайында титтей де күлкі болмағанымен, өзге адамдарға өз махаббатын білдіргісі келген, бәрін жеңгісі келген қайсарлық бар. Күйеу жігіт тек абайлап басып, келіншегіне ілесіп отырды. Тойға қатысқан қонақтар ішінде америкалық соғысқа қарсы әйгілі фото тілші Нина Берман да бар болатын. Ол жас келіншектен:
- Сізді алда бұдан да үлкен азаптар күтіп тұрған болар? Осыншама қайсарлықты қайдан алдыңыз? - деп сұрады.
- Махаббаттың қайнары – көңіл. Егер шын сүймесең, көрікті келбет, келісті түр ешқашан махаббат тудыра алмайды. Бізді алда ешқандай кедергі тоса алмайды деп сенемін.
Оның сөзі тойға келген әрбір қонақты әсерлендірді. Оларды құттықтаған қол шапалағы ұзаққа дейін үзілмеді. Жоғарыдағы сөзді айтқан жас келіншектің көзінен алдағы болашаққа деген жігер мен сенім менмұндалап тұрды. Нина Берман дәл осы сәтті суретке түсіріп үлгеріпті.
Жараланудан бұрын
Салтанатты той
Тойдан кейін
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: billy-red.livejournal.com
Қ. Қауымбек