- Негізгі бет
- Психология
- Махаббаттың дәстүрлері туралы...
Махаббаттың дәстүрлері туралы
Кайқаустың «Қабуснама» кітабындағы психологиялық ойлар күні бүгінге дейін құнын жойған емес. «Ей, перзентім» деп бастайтын ғұламалық ойлар, айтылымдар әлі күнге дейін әрбір жаңа заман ұрпақтарына айтылып жатқандай. Бүгін назарларыңызға «Қабуснамадағы» махаббат жайлы айтылымдарды ұсындық.
***
Адамның табиғи сұлулығы (сыпайы, биязы мiнезi) болмаса, ғашық бола алмайды. өйткенi махаббат дегеннiң өзi табиғи сұлулыққа байланысты екенi даусыз. Табиғи сұлулық дегенiмiз — оның ұнамдылығы. Әрбiр ұнамды мiнез-құлық пен келiсiмдi көрiктен әдемiлiк пайда болады.
***
Байқасақ, көп жiгiттер ғашықтыққа бейiм болады. Ал ауыр мiнездi, салқынқанды жалқауларда ондай қасиет жоқтың қасы. Ғашықтық деген денедегi дерт сияқты. Iшкi жан дүниесi сезiмтал жандар осындай дертке тап болады. Сен лажы болса ғашық болмауға тырысқын. өйткенi ғашықтық деген, шындығында, өте ауыр жағдай. Әсiресе, кедей-кепшiк, қолы қысқалар үшiн тiптi қиын iс.
***
Оның дертi қанына өтедi. Ал қарт кiсi болса, алтынсыз мұратына жете алмайды. Егер де сенiң басыңа ойда жоқ жерден ғашықтық түссе, оған таңданба. Бұл ақылды жандардың iсi емес. Ғашықтық деген сүйгенiне қолы жетпей, сағыныш сабырсыздығының нәтижесiнде пайда болады. Бiлгенiң жақсы, бiр жылдық сағынып кездесудiң рахаты — бiр күндiк айырылысу азабына тең. Нелiктен ғашықтықтың бейнетi ауыр десең, сүйгенiнен айырылу сәтi бiр азап болса, сағыныш сарсаңына түсiп, ғашығыңның назары мен ажарын аңсап, ынтықтығың асқынуы бiр азап.
***
Егер ғашығың перiште сияқты болса да, жұрттың жамандаған өсегiнен құтыла алмайсың. Сенi даттап, ғашығыңды өсек ету – халықтың сүйегiне сiңген әдетi. Сондықтан сен өзiңдi осы азаптардан сақтай бiлгiн. Ғашықтықтан қашық жүр, ғашық болу ақылдылар iсi емес. Ақылды жандар — ғашықтықтан өздерiн сақтай бiлетiндер.
***
Ғашық дегендер әуелi бiр сұлудың суретiн көредi. Көңiлi ұнатқан соң құштарлық пайда болып, оның суретiн қайта-қайта көргiсi келе бередi. Егер сен ғашықтықты көңiлдiң еркiне берсең, көңiлiң махаббат билiгiн қолына алып, ғашығыңды және бiр көруге әрекеттенедi. Екi рет көруге әрекет жасайсың. Үшiншi рет көрiп тiлдесiп, жауабын алғаннан соң өз билiгiң колыңнан кетедi. Содан соң өзiңдi қанша тежегiң келсе де, үдесiнен шыға алмайсың.
***
Лажсыздан құмарлықтың құлы боласың. Бiрiншi көргеннен-ақ өзiңдi ұстай бiлiп, көңiлiңдi ақылға билете бiлсең, жақсы. Басқа бiр iстермен шұғылдануға көңiлiңдi бөлiп әуреленiп, оның дидарын көрмейтiн жерде тұрсаң, бiр апта ғашықтық қасiретiн басыңнан өткiзiп, шыдасаң, ол пәледен өзiңдi құтқарасың. Бiрақ мұндай ерлiк көп адамдардың қолынан келмейдi. Мұндай дерттiң емiн тек ақылды адамдар ғана таба алады.
***
Махаббат әрдайым ұзақ сапарға шығып, қайғы-қасiретпен өмiр өткiзу сияқты жағдайларды қалайды. Дос таңдай бiлгiн, досыңның қызметi мен әңгiмесiнен рахаттанатын бол. Ондай адамдардан қол үзбе. өйткенi ғашықтық бiр басқа да, достық бiр басқа. Ғашықтықта адам көңiлсiз болады. Бiлгенiң жөн, достықта кiсi кейде көңiлсiз, кей сәтте көңiлдi болады, ал ғашықтық өмiрдiң денi қайғы-қасiретпен өтедi.
***
Адам жiгiт кезiнде ғашық болса, айыбы жоқ. Оны кiм де болса кешiредi, «жiгiттiк қой» дейдi. Егде тартқан кезде ғашық болу ерсi, ал қарттықта ғашық болу — сорақылық. Оны ешкiм де кешiрмейдi. Қарапайым халықтан шығып, қарттық шағында ғашық болсаң, оның шарасы жеңiл, егер падишалардан болсаң, ар-ұятыңнан айырылмай, ешкiмге де көңiл бөлмегейсiң, падиша қартайғанда ғашық болса — өте ауыр жағдай.
"Қабуснама" кітабынан
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: dw.de
Қ. Қауымбек