- Негізгі бет
- Психология
- Махаббаттың 3 кезеңі...
Махаббаттың 3 кезеңі
Адам баласы жиі ғашық болады дегенге сенесіз бе? Ғалымдардың пікірінше, махаббаттың 3 кезеңі бар. Яғни, 3 рет ғашық бола алады. Ол әрине, адамның өзіне байланысты.
1. Тез келіп, тез кететін ең алғашқы махаббат.
Барлық адам алғашқы махаббатын ешқашан ұмытпайды. Өйткені, адам ол ғұмыр бойы есінде қалатын болғасын тәтті естеліктері мен қызықты шақтарын жадында берік сақтайды. Алғашқының аты – алғашқы, ол қашан да ыстық. Бұл бала күндегі, мектептегі махаббат.
Бір анық нәрсе: алғашқы махаббат адамға махаббат ұғымын түсіндіреді. Дәлірек айтсақ, сүю мен сүйікті болудың қандай екенін осы кезде ұғынады. Алғашқы махаббаты арқылы адамда махаббат деген түсінік пайда бола бастайды.
Пенде болғаннан кейін пенде баласы қателік жасайды. «Алғашқы махаббатым мәңгілік» деген түсінік біртіндеп көмескі тартады. Яғни, біз алғашқы махаббат арқылы өсеміз, ары қарай дамып, келесі кезеңге өтеміз.
Өмірдегі ең тәтті махаббат – алғашқы махаббат. Ол көп нәрсеге үйретеді. Соның арқасында адам кейінгі серігінен не қалайтынын жақсы түсінеді.
2. Екінші махаббат: ұстаз махаббат
Махаббаттың бұл кезеңі өте күрделі. Алғашқы кезеңнен өтіп, пісіп жетілген адам өз өмірін қалыптастырғысы келеді, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздейді. Осы арқылы өмірлік серігін де жолықтыруды ойлайды. Бұл дегеніңіз алғашқыға мүлде ұқсамайтын жаңа кезең. Жағдай өзгерген. Сіз болашақ серігіңіздің бойынан ерекшелік пен өзгешелік іздейсіз. Енді сізде алғашқыға қарағанда бәрі басқаша.
Алайда, көп адамдардан мұндай махаббат та өтеді. Мұны адамның албырт жастық шағы мен өз іс-әрекетіне сенімсіздігімен түсіндіруге болады. Анығырақ айтқанда, адам бұл кезеңде әлі де болса махаббатты үйренеді, үлкен өмірге үйреніседі. Адам енді ғана болашақ туралы, өмірлік жоспарлар мен қызметтік өсу туралы ойлай бастайды.
Адамдар әлі өмір сүру туралы ойланып, қажеттіліктерді өтеу кезеңінде жүргенде махаббат сезімі жоғалу қаупі бар. Бұл кезеңдегі махаббат көп нәрсеге үйретеді. Яғни, серігіңізбен қалай қарым-қатынас жасауды, қандай сыйлық ұсынуды, тіпті ол үшін қандай ерлікке баруды және ол махаббат кеткеннен кейін не істеу қажеттігін үйренесіз. Былайша айтқанда, сіз енді адамдарды бұрынғыдан да тереңірек түсінесіз.
3. Өле-өлгенше сізбен бірге қалатын махаббат.
Көпшілік адам үшін бұл ең жоғарғы өсу сатысы. Үшінші рет ғашық болғанда сіз ендігі қарым-қатынасқа жеткілікті түрде дайын боласыз. Қандай жағдайда не істеу керектігін өте жақсы меңгердіңіз. Серігіңіздің не қалайтынын және сол сияқты өзіңіздің де не қалайтыныңызды толық білесіз.
Сонымен, махаббатты іздеу жолындағы сапарда жолықтырған ендігі серігіңізбен өмір бойы бірге болуды мақсат тұтасыз. Үшінші кезеңдегі махаббатқа әбден дайынсыз. Сіз енді барлығын да бес саусақтай білесіз.
Соңғы кезеңде адам өз серігінің де есейгенін күтеді. Дәл осы кезеңде қос ғашық бірге болудың, сүюдің шын ләззат екенін сезінгенде махаббат сезімі гүлдейді. Қорыта айтқанда, махаббат та уақытпен бірге ілгерілеп, дамып отырады. Адамның ойы мен сезімі жетілген сайын махаббат та түрлі даму сатысынан өтеді. Ең мықты махаббат қана өмірлік бола алады. Оны мықты, берік ету бір бағытқа қарайтын жұпқа байланысты.
Сіз қалай ойлайсыз?
Ж. Жұмағұлов