Ерте заманда Жер бетінде рухани құндылықтар аралы болыпты. Уақыт өте арал су астына бата бастайды. Аралдың әр тұрғыны өз кемесіне мініп, аралды тастап кете береді. Аралда тек Махаббат қана қалыпты.
Махаббат арал су бетіне түгел батып, жоқ болғанша күтеді. Ең соңғы минуттарда ғана құрлыққа жету үшін жеткізіп салатын кеме іздейді. Ол Байлықты шақырып, кемесіне мінгізуін өтінеді. Сонда Байлық: "Кемем бағалы заттар мен алтыннан бос емес, бұл жерде сен үшін орын жоқ", - дейді.
Арал жанынан Мұң өтіп бара жатқанда, Махаббат Мұңнан орын сұрайды. "Кешір, Махаббат, менің мұңдылығым сонша, үнемі жалғыз қалғым келеді", - дейді Мұң.
Сонда Махаббат Тәкаппарлықтың кемесін көріп, одан көмек сұрайды. Тәкаппарлық Махаббат келсе, өз кемесіндегі үндестіктің бұзылатынын айтып, ол да көмектен бас тартады.
Арал жанынан Қуаныш жүзіп өтеді, бірақ, оның қуанышты болғаны соншалық, тіпті Махаббатты естімейді де. Махаббат қатты түңіліп, не істерін білмей, отырып қалады.
Кенет: "Жүр, Махаббат, менің кемеме мін!" , - деген дауыс естіледі. Жалт қараса, бір қарт тұр екен. Ол Махаббатты құрлыққа дейін апарып тастайды да, өзі әрі қарай жүзіп кете барады. Махаббат оның есімін де сұрап қалмапты. Ол "қарттың есімін бір білсе, Сана білер" деп, Санаға барады:
- Сана, айтшы, мені құтқарған қарттың есімі кім? - дейді ол.
- Оның есімі - Уақыт, - дейді Сана.
- Уақыт? - деп таңырқайды Махаббат, - Бәрі көмектен бас тартқанда, ол мені не үшін құтқарды?
Сонда Сана қарт жүзіп кеткен жаққа көз салып тұрып:
- Өйткені тек Уақыт қана Махаббаттың бағасын біледі, - деген екен...
Оқи отырыңыз:
Махаббат пен ажырасу
Қазақ махаббат туралы не деген?
Махаббат туралы өлеңдер
Сурет: fastwallz.com