- Негізгі бет
- Психология
- Махаббатты күшейте түсетін...
Махаббатты күшейте түсетін сөздер ☺(жігіттерге)
Жігіт пен қыз бір болашаққа бағыт алғаннан кейін, арада махаббат оты тұтанған кезде сол отты өшіріп алмай, отынын салып, үрлеп отыру екеуіне де бірдей міндет. Бір-біріне көмектесу, қамқор болу, көңіліне қарау, жанасу, сыйлық беру арқылы сезімді өршіте түсуге болады. «Ғашықтықтың тілін көзбен көріп, ішпен білген» қазақтың ұрпағы болсақ та, қарым-қатынасты тілге тиек етіп, сөздермен де қолпаштап отыру зор септігін тигізеді. Қызға қандай сөздер арнауға болады?
♥ Маған сенің күлгенің ұнайды
Сізді жылы жымиғанымен, сыңғыр күлкісімен баурап алған болса, мұны жиі есіне салып қойыңыз. Әсіресе, ренжіп, бұртиып отырған кезінде айтсаңыз, сізге ұнайтын күлкісін сол сәтте сыйлап жіберуі де мүмкін.
♥ Мың қыз тұрса, арасынан сені таңдар едім
Барлық қыз бір жаққа қарап тұрғанда, тек сен ғана басқа бағытқа бет бұрып тұрдың. Болашағым өзің екеніңді бірден түсіндім деген секілді сөздер сізге деген сенімін арттыра түседі.
♥ Бәрін үйреніп алатыныңа сенемін
Қазірден қызыңыздың қандай істерге ебі бар екенін ақырын сұрап біліп жүрген боларсыз. Ол білетін істер сіздің үйіңізде өзгеше орындалуы мүмкін. Сондықтан, кері тартпай, қолдап, сенім білдіріп отырсаңыз, өзі-ақ үйреніп алады.
♥ Сіздің қолыңыздан у ішуге де әзірмін
Ерінің жүрегіне баратын жол асқазаны арқылы өтетінін білетін қыз сізді түрлі тағамдарымен қуантуға асығады. Одан кейін ұнаған-ұнамағанын білгісі келеді. Әсіресе, тұзы көп болып кеткен жағдайда не сәл піспеген болса, осы сөзді қолдану арқылы ұнатып-ұнатпағаныңызды білдірмей жібересіз. У-ды анық бермейтініне де сенімді боласыз.
♥ Бізді тағдыр тек жақсылықпен сынасын
Алдағы өмірдің ыстығы мен суығы алмасып жүреді. Соны алдын ала біліп, жамандық шақырмай, ізгі лебізіңізді білдіргеніңізді қызыңыз ұмытпайды. Тағдыр тек махаббатын, байлығын, бақытын, бала-шағасын үйіп-төгіп беру арқылы ғана сынағанын қалайтыныңызды жеткізіңіз.
♥ Енді ұйықтағанда да күліп жататын болдым
Сіздің ризашылығыңызға бөлену үшін құрақ ұшып жүрген қызыңызға рақметті осылай айтсаңыз, сізге деген сүйіспеншілігі еселене түседі.
♥ Сен болмасаң қайтер едім
Оның сізге шынымен де керек екенін білдіретін бұл сөзді де жиі-жиі айтып отырыңыз. Тек барлығы шынайы шықсын.
♥ Отанасы білмейтін нәрсесі болмауы керек
Сіз сәл суықтап қалғанда да, үй тапсырмасын орындауға қиналғанда да анаңыз көмектескен болар. Сондықтан сізде аналар бәрін біледі деген түсінік қалыптасады. Өз жарыңыздан да осындай ана көргіңіз келсе, қазірден құлаққағыс етіңіз.
♥ Менің анама ұқсайсың
Келін енесінің топырағынан деген сөз ежелден келе жатыр. Сіз де қызыңыздың бойынан осындай ұқсастықты байқасаңыз, оны айтып, әлі өзі көрмеген екінші анасына деген махаббатын арттыруға сеп болыңыз.
♥ Екеуміз бір үйде тәрбиеленген сияқтымыз
Әдетте ғашық жұпты бірдей көзқарас, бірдей менталитет біріктіреді. Оның айтқан балалық шағы, үйдегі ата-ананың сөздері ұқсас екенін түсінсеңіз, осы сөзді айтып, басқа табалдырықты аттар қадамына деген қобалжуын сейілтіңіз.