Кеше біздер, яғни редакциямыздың жігіттер қауымы мониторға үңіліп, "Махаббатты құртатын өздерің" деген қыздарымыздың арыз-мақаласын оқып, аң-таң болдық. Бұндай шағымдарға бірден жауап беруді ұйғардық. Сендердің айтып тұрғандарың өмірдің "майда-шүйделері" емес пе? Ал енді шағымдарыңа ретімен жауап беріп көрейік.
Ұқыпсыздық: Шұлықты жинап, тіс пастасының қақпағын жабу соншама қиын ба? - деген бір ақылға қонбайтын сұрақ екен. Артымыздан жинағыларың келмесе, жинамаңдар. Біреу соны зорлап істететіндей. Ал енді бөлмелердегі қоқып жатқан киім-кешек пен үш күн су көрмеген шұлық жайлы шағымдарыңызды шешелеріміз бен апайларымызға айтыңдар. Олар біздер бала болғанда артымыздан бәрін жинап, құлағымызға бір ауыз сөз айтпаушы еді ғой. Қыздар, сендер де әкелеріңіз бен ағаларыңыздың артынан жинап жүрдіңдер ғой өмір бойы, солай емес пе? Онда мәселе неде? Бізге де артымыздан жинау қиын емес, бірақ үйге келе салысымен көйлекті орындық басына іліп, шұлықты жан-жаққа тастау - әр жігіттің әдеті.
Ұмытшақтық. Иә, ерекше күндер жайлы ұмытып қалатынымыз рас. Егер, бойымыздағы осы затқа көңілдерің толмаса,(осында енеміздің туған күнін естен шығарып алуды ерекше атап кету керек) онда бұл жайлы өздерің алдын ала ойластырып алыңдар. Сіздер дүкен аралап, кішігірім сыйлық жасауды ұнатасыздар ғой. Біз тума-туыстарымыздың туған күндері қашан болатынын білмейміз де. Сендердің естеріңде қалады-ау деген үмітпен жүре береміз. Бұл кемшілікті кешіргендерің дұрыс болар. Не дейміз енді, миымыздың құрылымы осындай.
Футбол. Қыздар, футболға тиіспеңдер! Бұл жігіт өміріндегі қасиетті заттардың бірі. Теледидардан басты рөлде Ли Дон Укпен түсірілген кезекті корей сериалын көрем деп жылағанша, мойындарыңа жігіттің сүйікті футбол командасының белгісі бар шарфты тағып алып, сүйіктіңізбен бірге әдемі ойынды тамашалаңыздар. Міне нағыз бақытты болудың формуласы.
Достар. Сіздердің телефонға мініп алып, анаңызбен, жан-құрбыларыңызбен бірнеше сағатқа созылатын мелодрама-әңгімелеріңізге шыдап бағамыз ғой. Бізге де достарымызбен әңгімелесіп, демалуға мүмкіндік берсеңіздерші.
Жұмысқа басымен кіріп кету. Үстеріңізге жаңа тон киіп, қолдарыңызға неше түрлі әшекей-бұйымдар таққыларыңыз келсе, жұмыс істеуге кедергі келтірмеңдер! Егер барлық уақытты сіздерге бөлсек, тон мен алтын, бриллиант жайлы ұмытуға тура келеді. Еркектің басты міндеті - нан табу. Бұл біздің қанымызда. Табиғаттың заңына қарсы шыға алмайсың.
Әйелдерді дискриминациялау. Сонау ерте заманнан бастап қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша, әйел баласы - отау ұйтқысы болып келеді. Тамақ дайындау, үй жинау, бала бағу әйелдің шаруасы. Бұл заңды теріске шығару мүмкін емес. Ақылды әйел жігітке білдіртпей-ақ, оның қолымен барлық шаруаларды тындырып тастайды. Амалын тапса ғана...
Комплимент айта алмау. Шындығына келгенде біздің ойымызша, қыздар, сендер жан-құрбыларыңызды қызықтырып, мақтану мақсатымен сақина мен сырғаларды тағып аласыңдар. Егер сендер кешкі немесе үйлену тойындағы көйлекті киіп алып, өзіңізді толықтай өзгертсеңіз, біздер аяқтарыңа жығылып, қалаған дүниенің бәрін орындауға дайынбыз. Ал жеке-жеке көйлек, сырға сақина деген дүниелерді көзімізге үш көзілдірік тағып алсақ та, байқамаймыз.
Сонымен, құрметті қыздар, қандай болып жаратылдық, бізді солай қабылдаңдар. Сендердің басты мақсаттарың бізді тәрбиелеу емес, тәртібімізді дұрыс жолға бағыттап, жаңа кемшіліктердің пайда болуына жол бермеу. Осындай ұсақ-түйектердің негізінде пайда болған түсініспеушілік аянышты жағдайларға әкелуі мүмкін.
P.S. Бірақ сонда да, "Көлікті айдаған әйел - граната ұстаған маймыл". Бұған күмән жоқ =)
Бұл әңгіменің жалғасы форумда
Сурет nur.kz сайтынан