Ол менімен бірге шахмат ойнап отыр еді. Ас әзірлеп ас үйде әбігерленіп жүрген әйелі қасына келіп-кетуін өтініп, дауыстап шақырды. Әйелінің оны шақырған кездегі назды әрі ерке дауысынан-ақ досымның шын бақытты екенін сезіндім.
Ол ас үйде көп аялдамады. Кесілген жарты қызанақты қолына алып, көңілді шықты да, қайтадан шахмат ойнауға кірісті.
- Қане, қайсымызға жүріс келіп еді? - деген мен оған таңырқай қарап:
- Сен қызанақ жеуді ұнататыныңды қалай білмегем? – деп сұрадым.
Ол қолындағы қызанақтан бір асап қойды да, ас үй жаққа ұрлана қарап:«Онша жақсы көрмеймін» деді сыбырлап.
- Ол сені неге шақырыпты? - мен оның бұл қылығын қызықтай қалып, сұрауымды жалғастырдым, - Күнде осылай қызанақ кесіп бере ме?
- Ол мені қызанақ жеуді ұнатады деп ойлайды. Жаңа некелескен кезімізде тұрмысымыз тапшы болатын. Ашыққан соң күнде қызанақ жейтінмін. Бір кесегін кесіп алып, аузыма салғанда, дәмі тіл үйіріп әкететін еді. Ол бір өткен шақ қой. Аштықта жеген соң, солай дәмді болатын шығар. Қазір онша ұнатпаймын. Бәлкім тойған соң «тоқты етінің топырақ татығаны» шығар. Оның бұл ісі маған шынымен де күлкілі сезілді.
- Ұнатпасаң, неменеге зорланып жеп отырсың. Тәбетің тартпаса, жегің келмейтінін келіншегіңе айтсаң болды емес пе?!
- Оған не деп айтамын?! Дәл осы кезде оның мен үшін кесіп, бөліп берген қызанағын жемей қойсам, оның жүрегі ауырмай ма?! Қане, қой, ойынды жалғастырайық...
Бұл жолғы ойында ол жеңді. Жеңген бойда ас үйге балаша мәз боп жүгіріп кіріп, «Сүйіктім, мен жеңдім. Сенің кесіп берген қызанағыңды жеп алған соң, рухым тасқындап, миым істей жөнелгені...», - деді әзділдей.
Әзіл де болса астарында әдемі махаббат жатыр-ау. Ал махаббат кейде сөзге емес, бейнелеуге мұқтаж екен. Бірге өткізген күндер ұзара келе, махаббатты бейнелеу тәсілдері де тұрмыстың ұсақ-түйек дағдысына айналып кетеді. Мысалы, сүйгеніңе бір стақан шәй демдеп беру, сүйгеніңнің ашылып қалған көрпесін қымтап жауып қою, жарының жанын жадыратар әдемі әзілдер айту, тіпті сүйгеніңнің аузына бір кесек қызанақ немесе өзге де жеміс салып қою...
Әрине сіз мұндай сәттерде тәбетіңізге байланысты қаламауыңыз мүмкін. Тіпті, оның айтқан қалжыңы жараспай қалуы да мүмкін. Мүмкін қызанақ сіз үшін дәмді емес шығар... Бірақ әсте бас тарта көрмеңіз! Өйткені, сіздің бас тартып тұрғаныңыз қызанақ емес, жарасымды махаббат болуы мүмкін!..
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com