Махаббат – формуласы сезім мен сенімнен тұратын ұлылық. Оның жүректе оянуы, сезім боп шарпуы, сеніммен бекітілуі оның басты ерекшелігі болмақ. Ал ол қандай кезеңдерден тұрады? Қарап көріңіз.
1. Махаббат "химиясы". Әдетте бұл кезең бірнеше ай жалғасады. Жігіт пен қыз біріне-бірі ғашық болғанда олардың ағзасында ерекше гормондар пайда болады. Сүйгеніңнің айтқан сөзі тәтті, көзі тұнық, шашы жұмсақ болып көрінеді. Қысқасы, адам махаббатпен мас болады. Бұл кезеңде үйлену, айырылысу, басқа да маңызды шешімдерді қабылдамаған дұрыс.
2. Бірінші кезеңнен кейін міндетті түрде "қанығу" кезеңі орын алады. Сезімдер басылып, тыныштанады. Бәрі сондай үйреншікті көрінеді. Қарым-қатынас бір қалыпты, бірсарынды дамиды.
3. Үшінші кезең – "жиіркенушілік" кезеңі. Араңызда нағыз қарым-қатынастың болғанын қаласаңыз, бұл кезең ертелі-кеш бастарыңыздан өтуі керек. Түкке тұрмайтын ұрыс-керістер, тырнақ астынан кір іздеу басталады. Бір адаммен араласу жалықтырып, не ең "тәтті" кезеңді аңсап, араларын жандандырғысы келген жұп ұрсысудан басқа амал таппайды. Жүйкесін жұқартқысы келмейтіндер осы кезеңде айырылысып жатады.
Көпшілік осы үш кезеңде айналып жүреді, жұбын ауыстырып, қарым-қатынастарды қайта құрады. Алайда бұл үш кезеңнен шыға алмаған адам нағыз махаббаттың дәмін татпай қалады.
4. Төзімділік. Ұрыстар жалғасады, алайда екі жас қанша дауласса да бәрібір бірге қалатынын біледі. Сондықтан бір-біріне төзімді бола бастайды. Артық өкпе айтпай, бір-бірін ыңғайсыз жағдайға қоймауға тырысады. "Сабыр түбі сары алтын" демекші, бұл кезеңде сабыр көрсете алған жандар, шын махаббатқа бет бұра бастайды.
5. Бесінші кезең – сүйіктіңізге деген құрметтің көрсетілу кезеңі. Ғалымдар бұны нағыз махаббатың басы дейді. Сіз сүйіктіңізге шын құрмет сезініп, оның сізге бергенін бағалай бастайсыз. Сіздің көзіңізде ғашығыңыз сізден әлбетте жоғары тұрады. Алайда бұл табынушылық емес, нағыз құрмет сезімі.
6. Алтыншы кезең – достық. Нағыз дос бола алған екі жас өмір бойы бірге сүруге әбден дайын. Сондықтан да басында достар болған жұптардың кейін сезімдері пайда болып жатады. Бір-бірімен әңгімелесе алу, бірін-бірі түсіну, ортақ қызығушылықтар - міне, осының бәрі сезімдеріңізді одан әрі нығайтады.
7. Жетінші кезең – сезімдердің патшасы махаббаттың өзі. Бұл сезімнің рахатын сипаттау үшін оны бастан өткізу керек. Осы жолдан сүрінбей өтіп, баршаңыз нағыз махаббаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспіз.