- Негізгі бет
- Психология
- Махаббатта қандай сұрақ...
Махаббатта қандай сұрақ туындауы мүмкін?
Ғашықтық – қасиеті күшті сезім. Өкініштісі, оның құдіреті қанша мықты болса, жанып-сөнуі де дәл солай жылдам. Уақыт өте келе сүйіктіңіз екеуіңіздің араларыңыздағы сезім өзгеріп, мүлдем өзгеше күй кешіп жүргендеріңізді байқайсыз. Осы сәтте көкейіңізде «Мен бұл адамды шын сүйемін бе?», «Махаббат өтіп кетпеді ме?» деген сұрақтар туындайды. Бүгін осы сұрақтардың жауабын анықтайық.
Махаббат оты уақыт өте келе жана түсудің орнына, су сепкендей басылатын шақтар болады. Оны қалай сақтап қалуға болады? Әлде махаббат жоғалған соң айырылысып кеткен жөн бе?
Сезімнің құлдырауы
Тәтті басталған сезімнің артынша бауыр басумен, амалсыздан бірге күндер өткізуге ұласатынын ешкім де ойлағысы келмейді. Күндердің бір күнінде ғашық жандардың сезімдері құлдырайды. «Жаным» деп айтылған сөздің қадірі кетіп, ортақ тақырыптар да азая бастайды. Мұны қалай түсінеміз?
Бұл сұрақтар дәл осындай жағдайға тап боламын ба деген қорқыныштан туындайды. Бұл жағдайда сіз қалай әрекет етуіңіз керек? Сіз шын мәнінде ішіңіздегі сезімнің қандай екенін білмейсіз немесе білгіңіз келмейді. Мұндай сәтке бірден тап болған жоқсыз ғой? Бұрын мүлдем басқа болды ма әлде байқамадыңыз ба? Махаббаттарыңыздың суып бара жатқанын не себепті енді ғана байқадыңыз?
Ғашық болған сәттерде шөл далада жүргендей, құмарымызды қандыруға тырысамыз. Кез келген сұйықтықты көріп оған ұмтыламыз. Егер ішуге жарамды болса, бірден құмарымыз қанғанша сіміріп ішеміз. Оны тойынып ішкен соң сапасы мен нағыз дәмін ажырата бастаймыз. Жағдайдың өзгеруі себептерді айқындай түседі. Бұрын қамқорлық танытатын серігіңіз, күрт өзгеріп жағымсыз қасиеттерін байқата бастайды. Осылайша сусынға қанығып, дәмін артынша сезіне бастаған жандар «мен сүймеймін, махаббат өтіп кетті» деген сөздерді жиі айтады.
Сезімдер мен қарым-қатынастарға анализ жасап, бағасын беру – міндетті түрде болатын құбылыс. Үнемі күш-жігерге ие болу физиологиялық тұрғыдан да қиынға соғады.
Сүйіктіңізсіз бір күн де тұра алмайтын болсаңыз, шекараны анықтау үшін уақыт қажет. Ал бірге болған сәттерде сіз елестеткеннен басқа сезімде боласыз. Осы тұста «Біз екеуіміз бір-бірімізге жарасамыз ба?» деген сұрақ туады.
Асыра сілтеу
Ғашық болған адамдар махаббатқа мас болып, күнделікті өмірін немесе болашақ өмірін кімге арнап жүргенін түсінбеуі мүмкін. Көбіне өзімізге кім керегін түсінбей, сезімнің жетегінде кетеміз. Барлығын бұрынғыша жасап жылы сөйлеп, сыйлықтар жасап тұрамыз деген күннің өзінде бұрынғыдай болмайды. Сезімдеріңізге күдіктеніп бір шешімге келу керегін айтады.
Уақыт өткен сайын сізге басқа қажеттіліктер керек екенін түсінесіз. Бұрын сыйлықтардың сапасы емес, саны маңызды болатын. Ал енді гүл, сағат дегендер қажетсіз болып, одан да қомақты сыйдың қажеттілігін түсінесіз. Бұл жерде романтика жоғалмайды, бар болғаны оның қажеттілігі төмендейді. Яғни сапа басты қызмет атқара бастайды. Немесе сүйіктіңіздің мінезі көңіліңізге жақпауы мүмкін. Махаббат сезімі тұншыға бастаған сәттерде сүйіктіңіздің кемшіліктерін байқай бастайсыз. Бұрын-соңды көңіліңізге жаққан қасиеттер жүйкеңізге тие бастайды. Жүйкесіне ешкім де ешнәрсе де әсер ете алмайтын адам жоқ шығар. Екінші жартыңызды көбірек білген сайын, оның ұнамайтынын да байқай бастайсыз. Ол үшін жүйкеңізге тиетін қасиетті нақты анықтауыңыз қажет.
Сізге керегі тек махаббат емес
Сүйіктісі бар адам, аз да болсын еркіндіктен айырылады. «Өз-өзіме қожайынмын» деген ұстанымды шетке ысырып қояды. Ал серігімізді өмірді мәңгілік бірге сүретіндей етіп таңдауға тырысамыз. «Махаббат өтіп кетпеді ме?» деген сұраудың астарында еркіндіктің жетіспеуі болуы мүмкін.
Махаббат пен қарым-қатынас екі бөлек дүние. Жәй ғана сүйе тұрып бірге болмайтын сәттер де болады. Әдебиеттен өмірлерін бір арнаға түйістіре алмаған ғашықтар туралы жазылған көркем шығармаларды мысалға келтіруге болады. Мұнымен қатар қарым-қатынасты сезімдерсіз де құра беретін жандар кездеседі. Қарым-қатынас – келісім мен диалог. Ал махаббат жылылық қосып, өмірге деген құлшынысты арттырады.
Өткенді қайтару
«Махаббаты жоғалтып аламын ба деген қорқыныштан романтикаға көңіл бөліп, мінез-құлықтарын түзетеді. Ал күдік бойда қалады. Сезімде тұрақсыз жандар махаббаттың сөніп бара жатқанын сезе салысымен, айырылысады. Романтика жоқ деп, сүйіктіңізбен айырылысып кету дұрыс па?»
Бір рет болған дүние, екінші мәрте қайталанатыны анық. Сол себепті тұрақтылыққа үйренген жөн. Сүйіктіңізді бақылап, сезімді қадағалап отыру сезімді тұншықтырады. Бастапқы сезімдер мен қарым-қатынастың қазіргіден әлдеқайда айырмашылығы болуы мүмкін. Біреуге тәуелді болмаудың маңызы осы сәтте айқындала түседі?
Нағыз махаббат әркімде түрліше көрініс табады. Шоқ болып жанған сезімдер ұзақ сақталсын десеңіздер, оны асықпай тұтатыңыздар...
Г. Берік