Қол ұстасып бір жүрген қос жүректің сезімдері түйіскен жер – махаббат. Ал сол махаббаттың нүктесін қойып, түбіне жетуге кімдердің күші жетеді?
Достар
Екі жастың әп-әдемі қарым-қатынасын кейде жанында жүрген досы да оңай бұза алады. Оның түрі де, себебі де көп. Бірі сіздің бақытыңызды қызғанса, ал енді бірі екеуіңізден дұрыс жұп шығарына сенбейді. Сондықтан түрлі әрекеттер мен айла-амалдар арқылы араларыңызға іріткі салып тынады. Екі ғашықтың бір-біріне сай немесе сай емес екендігіне төрелік айтатын жандардың бірі – дос-жарандары. Әйткенмен олардың берген бағасы мен пікірі үнемі тура шыға бермейді. Өйткені адамды толық танып білу оңай емес.
Туыстар
Әлеуметтік жағдайы мен дәрежесіне қарап туыстар да сіздің махаббатыңыздың шырқын бұза алатын күшке ие. Біреуі сүйгеніңіздің көзін ұнатпаса, ал енді бірі өзін ұнатпай қарым-қатынасты үзуге кеңес береді. Сөзі өтімді туысыңызды тыңдап сіз де қарым-қатынасқа тез нүкте қоя салуыңыз әбден мүмкін. Туыстардың көбі сіз үйленер кезде алдымен алатын қалыңдығыңыздың түп-тамырын тексеріп, ата-анасының жағдайы мен туған-туысының ауызбіршілігіне дейін біліп алады. Өйткені сізге қыз керек, ал оларға мың жылдық құда керек. Сондықтан туыстарыңыздың қарым-қатынасыңызға байланысты айтқан пікірлерімен санасқан да жөн.
Үшінші жүрек
Баянды бақытқа ұласатын махаббат хикаясының түбіне кейде үшінші жүрек иесінің сезімдері де жетеді. Екі ғашықтың сезімдерін үшінші біреу келіп лайласа да қарым-қатынас ұзаққа бармайды. Өйткені махаббат – тек екі ғашықтың ғана ортақ панасы. Көптеген қарым-қатынастың жібін осындай келеңсіздіктер үзіп келеді.
Ата-ана
Ата-аналар баласының бақытын ойлайтыны рас. Ал енді кейде олар тек бақытын ғана емес, қор болмас тұсын да ойлайды. Олар кейде ата-тегіне, әлеуметтік жағдайына, болашақ құда-құдағиының мінез-құлқына, кәсіп-нәсібі мен қыздарының мінезіне де қарап жатады. Осы жағын жақсалып зерттей келе, ұнамаса, сізден ол қызбен қарым-қатынасыңызды үзуіңізді талап етеді.
Ал сізде осындай жағдайлар болып па еді? Сіздің қарым-қатынасыңызға нүкте қойған кімдер?
Сурет: Галия Карри
Ұқсас жазбалар:
Неке – ең тәтті сезімдердің тоғысы
Ағамның досын ұнатып қалсам қайтемін?..