- Негізгі бет
- Психология
- Махаббат, тәуекел және...
Махаббат, тәуекел және өкініш
Мына бір философ өмірі жайлы «философиялық әңгімені» сүйікті жар, сұлу сезім жөнінде талғам жасай алмай жүрген замандастарыма ұсынайын.
Алыс-жақынға аты танымал бір тәкәппар философ болыпты. Ол өзі бастан өткізген жағдайдың бәрін зерттеп, өмір қорытындысын жасаумен терең ойда жүреді екен.
Бір күні бір сұлу бойжеткен философқа өле ғашық болыпты. «Мені қолдан жіберіп алсаңыз, дәл мұндай сүйіспеншілікке екінші рет бөлене алмайсыз» деп, әлгі бойжеткен жүрек сырын ақтарыпты. Философ қыздың сұлу көркін қанша ұнатып тұрса да, «Мен ойланайын» деп қана жауап беріпті.
Содан бастап ол махаббат жайлы философиялық ойларға батумен әбігер болыпты. Бір көріп ғашық болу мен үйлену немесе үйленбеу жайында ұзақ толғанып, бұл сезімнің артықшылығы мен кемшілігін салыстыра зерттепті. Ақыры бұл сезімнің жақсы жағы мен жаман жағы тең болып шығыпты. Сонымен бұған қандай үкім шығару керек? Соңында ол «Адам екі айырық жолға кездескенде, өзі көрмеген, бастан кешпеген сапарды таңдаған жөн» деген философиялық шешімге келіпті. Салт басты, бойдақ тіршілікті жақсы біледі. Ендеше, үйленудің де қандай боларын татып көру керек. Ең дұрысы, әлгі бойжеткеннің талабын тойтармаған абзал.
Философ қыздың үйіне жол тартып, оның әкесіне кезігіпті. Қыз әкесі «Балам-ау, ол қазір екі баланың анасы. Тұрмыс құрғанына бес жылдың жүзі болды» депті салқын раймен.
Мұны естіген философ таудан құлап түскендей болыпты. Оның мақтанышы болған алғыр ойы өзіне қасірет ала келіпті. Ол сонша уақыт махаббат жайлы ойланса да, сезім атаулының жалт етіп сөнетінін, махаббаттың орай күтпейтінін білмеген екен.
Сонымен ол барлық философиялық шығармаларын өртепті де, тек мынадай ғана өсиет сөз қалдырыпты:
«Өмірдің алғашқы жартысы тәуекелмен, соңғы жартысы өкінбеумен өткені жөн».
P.S: Бұл пәлсапа тек махаббатқа ғана арналса керек. Әңгімедегі Философ - барлық жастар. Шындығына келгенде махаббат туралы ойға қалғанда, бәріміз де философ боп кетеміз. Ал өмірде ешбір ереже-қағидаға, пәлсапаға бағынбайтын жалғыз ғана ұлы сезім - махаббат.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: 7zqq.com
Қ. Қауымбек