Соңғы кездері халық арасында сериал көріп, қанша сериал көретіндерімен мақтанатын азаматтар көбейіп кетті. «Неге?» деген сұраққа жауап бермек оймен әдеттегідей массагет сайтының «зерттеуші» ерлері өзіміздің сайттағы қазақ тілді субтитрлары бар фильмдерді көріп, қызық бір шешімге келіп тоқтады. Байқағанымыз – «Таңғажайып бақ» сериалының көрілімі атақты американдық комедия көрілімінен үш есе көп.
Айтпақшы, сериалдарды көріп болған соң әлем халықтарының ойын білмек үшін орыс, ағылшын тілді форумдарға кірдік (корей, қытай форумдарына тіл білмегендіктен қонақ болып баруды жөн көрмедік). Статистиканы қарай отырып, өзіміз жігіттер арасында мүлдем жауабы жоқ бірнеше сұрақтарға келіп тоқтадық.
Тағы да айта кетерлік бір жайт жүргізілген бақылау барысында сериал көру тәуелділігіне негізінен әйелдер жақын екен. Айтып кеткеніміздей әйелдер жақын бірақ арасында еркектер де бар. Алайда әйелдер тым эмоционалды, сезімтал келетіндіктен, экран алдында еркектерге қарағанда анағұрлым көп отырады екен. Әрине сосын еркектер: бітпейтін кәрістерің бе? Осы сериал біткенше шашым ағарып алжитын шығармын деп бұлқан-талқан болып ызаланады. Жоқ, қателеспеңіздер ызаланып жүрген себебі жасаған романтикалық кешін қайдағы болмайтын бір сериалға ауыстырып жіберді деген ой емес. Жай ғана, адам құсап бір 2 сағаттық дені дұрыс кино көруге болады ғой.
Сонымен зерттеу барысында туындаған сұрақтар мен проблемалар:
Еркектер түсінбейтін сериалдардың соншама несі тартымды?
Біріншіден, білгеніміздей сериалдарда әйелдердің қияли армандары орындалады екен. Бұған еш күмәнданбаңыз. Золушка өзінің ханзадасын кездестіреді. Орысша айтқанда «дурнушкалар» бірден сұлу болып кете салады (бір қызығы жаңағы қыздар әдемі болу үшін ештеме жасамайды әншейін Құдайдың бере салған сыйы ғой). Барлық проблемалар өздігінен шешіле салады. Ақыр аяғында ертегідей жақсылық әдетінше зұлымдықты жеңіп шығады.
Екіншіден, сериалдардан қыздар, әйелдер ағыл-тегіл эмоция алады. Махаббат сезімдерінің өзі неге тұрарлық десеңші. Мұнда қызға керектінің бәрі бар алғашқы кездесу де, ғашығыңмен болған алғашқы өптің ғажаптығы! Ал содан соң сценарий бойынша тосқауылдар кезегі басталады, қыздарың отырып алып күні-түні уайымдай бастайды енді. Сондағылары екі ғашықтың арасына түскен қыз не істер екен деген уайым. Жаңағы көріп отырған қыздардың қолында шүберек, көздері жылағаннан қып-қызыл, сондағы көріп отырғандары болмайтын нәрсе... Құрдан босқа көздің соры.
Үшіншіден, мектеп қыздарын қойшы, жасы 30-дан асқан апаларымызға не жоқ? Аппақ BMW мінген, бойы 180 см, өте сымбатты, спортшы ханзаданы көріп балмұздақтай ериді. Тағы қыздарға сұрақ: Ондай ұзын бойлы жігіттен не пайда? Сүйісем деп жете алмай, ақыры өздеріңіз ұятқа қалып, бордюрға тұру керек боласыздар. Сосын онымен сүйісем дегенге шын сенесіз бе?
Төртіншіден, ғашық болған қыз болсын, мейлі еркек болсын махаббат үшін барлық жиған-тергендерін құрбан етуге дайын, ақ батасын бермеген әке-шешесімен, туған-туыстарымен дау шығарып, үйдің іші ұрыс-керіс болып жатады. Ей, қазақтың аңқау қыздары ондай сюжет шынайы өмірде ешқашан болмайды әсіресе Қазақстанда... Керісінше біз жақта күйеуі ақша таппаса, әйелі ажырасамын демей ме?
Бесіншіден, 20 серияны бір-ақ қамтыған, сценарийі де дәл сондай, романтикалық, танымал әртістер ойнаған атақты "Хитч әдісі" фильмін көруге болмай ма? Есесіне қаншама уақыт үнемі және шынайы өмірге аз да болса ұқсайды.
Қымбатты қыздар, осының бәрін неге жазып отырмыз? Золушка – ол бар болғаны ертегі персонажы. Қарапайым қазақ қыздары статусын ұстанып жүріңіздерші, сонда ғана сізді ғашығыңыз бақытты етуге тырысады. Еліктеуіштерді ешкім жақсы көрмейді. Қазақ жігіттері модельсымақ болмаса да, қалтасы толған ақша болмаса да, өте жақсы жар табуға лайық. Тым құрығанда өзіңізді кәріс әртістеріне емес, өзіміздің аласа бойлы, қара торы, тепсе темір үзетін қазақ жігіттеріне құрбан қылыңыз.
P.S. Редакция ерлеріне келетін болсақ, бізге екінші қыз ұнады. Шынымен де әдемі екен.
Форумда талқылау
Сурет shkolazhizni.ru сайтынан алынған