Ел аузында жүрген мына бір тәмсілге көз жүгіртейік.
Махаббат пен Ажырасу қастарында тұрған қыз бен жігітке қарап, әңгімелесіп тұрыпты.
Ажырасу Махаббатқа тіл қатады:
- Оларды ажырастырамын, бәстесесің бе?
Сонда Махаббат:
- Тоқтай тұршы, мен оларға бір-ақ рет барайын, кейін өзің қанша қаласаң, сонша барасың, - дейді.
Ажырасу келісті. Махаббат жас жұпқа барып, оларға қолын тигізді де, көздеріне үңілді. Екеуінің көзін ұшқын шарпып өтті.
Махаббат Ажырасудың жанына келді де:
- Енді сенің кезегің, - деді.
Ажырасу:
-Жоқ, мен оларға ештеңе істей алмаймын. Екеуінің жүрегі қазір махаббатқа толып тұр. Оларға сосын келермін, - деді.
Жылдар жылжыды. Ажырасу үйдің терезесінен сығалап, сәбиін әлдилеп отырған жас ана мен әкені көрді. Ажырасу бұл жұптың махаббаты таусылғанына сенімді еді. Бірақ олардың көзіне қарап, Алғысты көрді.
Ажырасу:
- Оларға сосын келермін, - деді де, бұрылып кете барды.
Уақыт зырғыды. Ажырасу сол үйге тағы келді. Үйден жұмыстан шаршап келген күйеуі мен асыр салып ойнаған балаларды көрді, ал анасы балалардың жанында тұр.
Ажырасу осы жолы екеуін ажырастыратынына бек сенімді еді, өйткені Махаббат пен Алғыс жүректерінен өшетін кез келді. Бірақ олардың көзінен Сыйластық пен Түсінісуді көрді.
- Оларға сосын келермін, - деп Ажырасу бұл жолы да құр қол қайтты.
Араға жылдар салып Ажырасу тағы келді. Балалары өскен, қартаюға аяқ басқан әкесі балаларына бір нәрсе түсіндірумен әлек, ал анасы асүйде тамақ қамдап жатыр. Ажырасу олардың көздеріне үңіліп, Сенімді көрді.
- Оларға сосын келермін, - деді Ажырасу.
Уақыт өте Ажырасу үйге тағы келді. Үйде немерелер жүгіріп жүр, ал шашын ақ шалған әйел ойланып отыр.
- Міне, менің де уақытым келген сияқты, - Ажырасу бұл жолы үйде күйеуі жоқтығын көріп қуанды. Ажырастырамын деп ойлады. Әйелдің көзіне үңілмек болып еді, әйел тұрды да, шығып кетті.
Ажырасу әйелдің артынан ілесе берді. Әйел қабірдің жанына келіп, күйеуінің басына жайғасты.
- Мен кешігіппін, - деп ойлады Ажырасу, - уақыт менің жұмысымды бітіріп қойыпты.
Сөйтті де Ажырасу кемпірдің көзіне үңілді. Жасқа толы көздерден ол Махаббат, Алғыс, Сыйластық, Түсінісу, Сенімге деген өшпейтін мәңгілік Естелікті көрді...
Сурет: hdfon.ru