Махаббат моделі

Махаббат моделі

Махаббат атты сезім бәріне бірдей эмоциялар сыйлайды ма? Немесе әркім бұл сезімді әрқалай өткереді ме?

Ғалымдар қыз бен жігіттің қарым-қатынастарын бірнеше топқа бөліп отыр. 

Түзелмес романтиктер

"Сезім оты лаулап жану керек" деп ойласаңыз, демек сіз нағыз романтиксіз. Сіз сүйгеніңіз үшін бәрін құрбан етуге дайын боласыз. Алайда сізге жұбыңыздың емес, өзіңіздің сезіміңіз маңызды. Махаббатта біреу сүйеді, ал екінші сүюге рұқсат береді деген ой рас болса, сіз біріншісін таңдар едіңіз. Сезіміңізге толықтай берілесіз. Бірақ сезім оты сөнгеннен кейін бұл қарым-қатынасқа қызығушылығыңыз басылады. Екі романтик жанның бірге болуы өте қиын. 

Ағаш пен шырмауық

Біреуі - берік, мықты ағаш. Екіншісі - оны айналып өсетін шырмауық. Біріншісі тағдырдың тауқыметі мен тұрмыстың ауырлығын өзіне алса, екіншісі бұл сұрақтарға кіріспей, жұбының бақытты болуын ғана қадағалайды. Ең қызығы "үйдің қожайыны" рөлінде ерлермен қатар әйел де бола алады. Бұндай қарым-қатынастар берік, ал екі ғашық бақытты болатынын тәжірибеден белгілі болған екен. Тек рөлдердің тағайындалуы екі жақтың келісімінен өтіп, жастардың мінезіне сай келсе болғаны. 

Мінездер қақтығысы

Өткір мінезді екі жас қосылса, бұл қақтығыс ұзаққа жалғасады дей беріңіздер. Ұрыстар кез келген нәрселер үшін орын алады: кім фильм таңдайды, достармен отырысқа бару құқығы, футбол... Әрине мінездің болуы бұл заманда әбден дұрыс, алайда керек кездері сабыр сақтап, сүйгенің үшін өз намысыңды тыя тұрған ұят емес. 

Тәуелсіздер

Олар бірге, бірақ басқа жұптар сияқты бірін-бірі бақылап, қайда жүргенін біліп, күніне 20 реттен қоңырау шалмайды. Бір-бірінің хабарламаларын оқымайды, пошталарын күдік іздеп, тексермейді. Олар өздерін заманауи санайды, өмірінде басты жұмыс, оқу не басқа кез-келген қызығушылық, бірақ махаббат емес деп ойлайды. Бірақ бұл сезімді махаббат деп атауға бола ма?

Серіктестер

Бұндай қарым-қатынастағы адамдардың басты мақсаттары - бір-біріне көмек беру. Олар бір-біріне әрқашан арқа сүйей алатындарын біледі. Ешқайсысы да тізгінді өз қолына алуға тырыспайды. Сұрақтарды кеңесе отыра шешкенді дұрыс санайды. Тіпті ұрыстың өзі бұл жұпта өкпелеу амалы емес, ортақ шешімді табу жолында қолданады. Мінсіз жұп па? Мүмкін... Алайда іс жүзінде екі ғашықтың бірі ылғи келісімге келуден шаршап кетуі мүмкін.

Әрине бұл махаббат модельдерінің барлығы - теория. Іс жүзінде бастарынан бірдей махаббат оқиғасын өткерген жұп жоқ шығар. Сондықтан психолог ғалымдардың берген кеңестерімен таныс болып, алайда сіздің өміріңіз өз алдына ерекше екенің ұмытпаңыз. Мүмкін бірнеше жылдан кейін сіздің махаббат оқиғаңыз ерекшеленіп қағаз бетіне түсер?

Ал сіздің махаббат моделіңіз қандай?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vk.com

С. А