- Негізгі бет
- Психология
- Махаббат мәңгілік өмір...
Махаббат мәңгілік өмір сүреді
Махаббат пен Айырылысу алыста тұрған ғашықтарға қарап ұзақ сүйсінді. Айырылысу Махаббатқа қарап: «Бәстесеміз бе? Мен оларды айырылыстырамын», - деді.
Махаббат: «Тоқта, мен оларға бір рет қана жақындайын. Артынша арасына қанша рет түссең де, өзің білесің», - деді. Айырылысу Махаббаттың бұл ұсынысына келісті.
Махаббат оларға жақындап, сезім отын лаулатып жандырды. Араларында ғашықтық ұшқынының өткенін көрді. «Енді кезек сенде», - деп Айырылысуға жол берді.
Айырылысу: «Дәл қазір мен оларға ешнәрсе жасай алмаймын. Олардың жүректері махабатқа толып тұр. Мен сәл кейінірек келемін».
Арада біраз уақыт өтті. Айырылысу үйде отырған жас ана мен әкені көрді. Махаббат оты сөнген болар деп келген еді. Алайда жас жұбайлардың көздерінен бір-біріне алғыс айтып жатқандарын байқады. Кейінірек келемін деп шығып кетті.
Уақыт өтіп, Айырылысу қайта келді. Бұл уақытта балалар шулап, күйеуі жұмыстан шаршап келген еді. Ал анасы балаларын тынышталдырып жатты. Жоғарыдағы сезімдер баяғыда өшкен болар деген ниетпен келген еді, олардың көзінінен түсіністік пен сыйластықты көрді. Кейінірек келемін деп тағы да шығып кетті.
Уақыт өтіп, Айырылысу тағы айналып келді. Балалардың есейіп, әкесінің балаларына бірнәрсені түсіндіріп, анасының асханада тамақ дайындап жүргенін көрді. Осы сәтте бір-біріне деген сенімді көрді.
Көп уақыт өткен соң қайтып келген Айырылысу немерелері мен төрде отырған әжейді көрді. Іштей «Менің уақытым келген болар» деп масаттанып қалды. Үйден сыртқа шыққан әжейдің артынан ерді. Жарының қабіріне келіп жылап отырды. Сол сәтте Айырылысу: «Мен кешіккен сияқтымын. Менің жұмысымды уақыт тындырған екен», - деп әжейдің көзіне қарады. Көздерінен махаббатты, тәтті естеліктерді, алғысты, сыйластықты, сенімді көрді.
Қ. Бүйенбай