Уақыт - махаббаттағы төзім мен сезімді қажет ететін ең қатігез сынақ. Кешегі алапат соғыс жылдарындағы күйеуінің шаңырағын ғұмыр бойы күзетіп, жесір қалса да ұрпағына жетімдікті көрсетпей өткен қайсар аналардың ертегіге бергісіз ерлігін оқығанымда, осынау махаббат атаулы тұрлаусыз кезеңде өмір сүргендіктен бе сол бір “қияли аңыздарға” сенгің келмейді. Ақ некелі жарымен қосылған қасиетті ақ шымылдығына жат қолдың тырнағын тигізбеген қайсар аналардың ерлігі ертегідей боп елестейтіні содан шығар.
Жақында интернет парақшасын ақтарып отырып, мына бір оқиғаға көзім түсті. Мейлі жұрт қалай ойласа да бұған сенуге болар еді.
Біреу үйін әшекейлемек болып, ескі қабырғаларын ашқан кезде арасында қысылып қалған бір кесіртке көрінеді. Сыртынан қағылған шеге кесірткенің құйрық жағына қарай жарты денесін түйреп өткен екен. Бұған жаны ашып әрі таңданған үй иесі әлгі шегеге байыздай қарайды. Оны таң қалдырғаны – бұл оны жылдың алдында үй салынған кезде қабырға сыртынан қағылған шеге еді. Сонда қалай? Кесіртке қабырғаның арасында қалайша сау-саламат он жыл өмір сүрген?! Қараңғы қабырғаның ішінде аштан-аш он жыл ғұмыр кешу?! Шынында адам сенгісіз.
Бұған сеніңкіремеген үй иесі жұмысын дереу доғарады. Кесіртке сонша жыл аштыққа шыдай алады дегенді ол қаншама жылдық ғұмырында оқыған да, естіген де емес.
Осы ойдың жетегінде отырған үй иесін басқа бір кесіртке бөледі. Аузында тістеген жемі бар ол қалыпты жұмысына айналған міндетін бір сәт те қалдырып көрмепті. Сонда ол ана жаралы кесірткені он жыл бойы асырап келгені ме?! Мүмкін емес!
О, құдірет! Үй иесі мынаны көргенде өз көзіне өзі сенбейді. Дереу қос кесірткенің тірлігін мұқият бақылап, қағазға түсіріпті. Алайда оның бұл жазбасына интернет бетіндегі басым көп адам сенбеген. Жоқ, сенгісі келмеген. Себебі, біреу-ақ. өздері адам ғой. Қолынан келмес осынау “ұлылықты” жәндікке қиғысы келмеген шығар.
Ол кесіртке оның әкесі ме, шешесі ме, әлде әйелі не жақын серігі болар. Ол жағы маған қараңғы. Тіпті оны білуімнің де қажеті шамалы. жалғыз-ақ білерім, құдіреті күшті табиғат ана сыйлаған махаббат, тұрақтылық дейтін киелі сезім, қастерлі сөз адам баласына ғана тәуелді емес екен.
Автор: Алшын МАТАЙ
Сурет: trekearth.com