- Негізгі бет
- Психология
- Махаббат деген кинодағы...
Махаббат деген кинодағы оқиғалар емес...
Махаббат – кинода ғана көрсетілетін оқиғалар емес. Ол бір ғана романтикалық кездесуден немесе ай астындағы сүйістен тұрмайды. Бақытты қарым-қатынастар – шыдамдылық пен сыйластықтың нәтижесінде ғана пайда болады. Сол себепті, қасықпен жинағанды шелекпен шашатын кездер жиі болып тұрады.
Психолог мамандардың айтуынша, төмендегі жағдайлар дәл осындай ең нәзік деген қарым-қатынастарды бұза алады.
*Бір-біріңді өзгертуге талпыну
Идеал адамдар болмайды. Бірақ әдет пен мінезді шатастыруға тағы жол жоқ. Адам қанша тырысса да, өзгелер көмектессе де, өзгерте алмайтын нәрселер бар. Сондықтан үйде шашылып жататын шұлықтар (әдет) мен бір маусымда бес рет жоғалған қолшатырды бір деп түсінбеу керек.
*Ата-анамен таныстық
Екінші жартыңыздың ата-анасымен таныс болған жақсы-ақ. Екі жақтың ата-анасы бір-бірімен тату-тәтті болса, тіптен керемет. Өкінішке орай, ылғи да солай бола бермейді. Енеге келін, келінге қайын ата жақпауы мүмкін. Бірақ, мұндай жағдай екі жастың қарым-қатынасына әсер етпегені жөн. Сүйіктіңізді отбасылық реніштермен уламаңыз. Ол тек қана төмен көңіл-күй сыйлайды.
* Ұялы телефон
Қызық, қарапайым гаджеттердің өзі ажырасу деген дұшпанның досына айналып кетті. Сүйіктімізбен бетпе-бет отырып әңгіме айтудан гөрі, сол телефонға үңіліп, басқа адамдармен смс алысамыз, әлеуметтік желілерге еніп кетеміз. Әрине, маңызды жағдайлардың болуы мүмкін, бірақ жаныңызға жақын адамды қайдағы бір темірге айырбастамағаныңыз жөн.
* Көпшілік алдындағы ұрыс-керіс
Біліңіз, мәңгі есте сақтаңыз, ешқашан да жеке мәселелеріңізді көпшілік алдында шешуші болмаңыз. Сіз серігіңізді, өзіңізді ғана емес, ел-жұртты да ұятқа қалдырасыз. Қаныңыз қайнап тұрса да, нүктені дәл сол жерде қойғыңыз келіп жатса да, оңаша қалуды күтіңіз.
* Ұрыс-керіс
Қарама-қайшылықтан қашып құтыла алмайсыз. Ерте ме, кеш пе, кез келген жас-жұбай ұрыс-керіске себеп табады. Бұл – қалыпты жағдай. Ұрыс-керіс – бақытты қарым-қатынастардың бір бөлігі. Тек бір ғана шарт бар. Ешқашан, шекарадан аспаңыз, оның намысын таптамаңыз, жүректе өшпестей сақталып қалатын сөздерді айтушы болмаңыз.
*Үнсіздік
Ешкім де сіздің ойларыңызды оқи алмайды. Тіпті, ең сүйікті адамыңыз да. Мәселе бар ма? Тура айтыңыз. Бір нәрсе ұнамай ма? Жеткізіңіз. Негативті эмоциялар – нашар денсаулықтың кепілі.
* Кешірім
Бәрі де қателеседі. Сіз де. Жақын адамдарыңызды кешіруді үйреніңіз. Өкпені де жүректе ұстамаңыз. Бұл қарым-қатынасты құтқарып қана қоймай, күйзелістен құтқарады.
* Қаржы
Қаржы мәселесіне келгенде тым ұсақтанудан аулақ болыңыз. Әсіресе, жігіттер қауымына айтылады. Басты нәрселерді ғана шешіп алыңыздар: шаруашылықты жүргізу, үй төлемдерін жасау, бюджетті бөлу. Бірақ, "Жексенбі күні киноға барамыз, өткен жолы мен төледім, ертең сен төлейсің" деген әңгімелерді қысқартыңыз.
* Түйедейді түймедей ету
Ешкім кемшіліксіз жаратылмаған. Ол қоқыс төгуді ұмытты ма? Ол сіздің көйлегіңізді күйдірді ма? Сапасыз йогурт сатып алды ма? Интернетке ақша төлемеді ме? Сеніңізші, бұл ашуланатын жағдай емес. Түймедейді түйедей етпеңіз. Қыдыруға шығыңыздар да, қоқыс төге кетіңіздер, көйлектің тесігі үшін бірге күліңіздер, бәлкім, бұл йогурт әлдеқайда дәмді шығар... Шырақ жағыңыз да, интернетсіз романтикалық кеш өткізіңіз.
* Тыңшылық
Махаббат деген сенімге құрылады. Екінші жартыңызға шүбәсіз сеніңіз. Кез келген адамның өзіне ғана тән кеңістігі, өз сыры болу керек. Оны қай жағынан болмасын сыйлай біліңіз. Смс хаттарын оқып, электронды поштасына үңіліп, қалтасын тексермеңіз. Мүлде сенбейсіз бе, бірге тұрмаңыз. Кете алмайсыз ба, сенуді үйреніңіз. Себебі, мұндай жағдайлар махаббаты ластап, қарым-қатынастың өшуіне алып келеді.
* Қызғаныш
Баз біреулер қызғанышты – махаббаттың белгісі деп ойлайды. Ал екінші біреулер өзімшілдік пен құрметтікке балайды. Әйгілі Шекспир қызғанышты өзінен-өзі туатын әзәзіл деп атап кеткен екен. Қалай болғанда да, бұл сезімнен екі жақ та зардап шегеді: бір күдіктермен жаншылса, екіншісі сенімсіздік үшін намыстанады. Мұнымен қалай күресуге болады? Жай ғана адал болыңыз, қызғаныш үшін сылтау іздемеңіз және күдікті ойларға себепкер болмаңыз.
* Артық салмақ
Байқадыңыз ба, екінші жартысын тапқан адамдар артық салмақ жинайды емес пе? Қарым-қатынастағы үйлесім мен тыныштық – керемет нәрсе. Бірақ, бұл – өзіңді күтуді тоқтат деген сөз емес. Серігіңіздің сізге деген қызығушылығын жоғалтқанын қалайсыз ба? Сүйіктіңіз сіздің сымбатыңызбен, сұлулығыңызбен мақтанса, сүйсінсе несі айып? Оның жағдайының ушығып бара жатқанын байқасаңыз, спортзалға билетті сіз сатып алыңыз...
*Салыстыру
Өткеніңіздің кейіпкерлерін ұмытыңыз. Олар келмеске кетті. Қазір сізде бір ғана байлық бар, ол – махаббатыңыз. Осы бір нәзік сезімді басқа біреумен салыстырып бастасаңыз, оп-оңай сындырып аласыз.
*24 сағат бойы бірге
"Олар идеал жұп – бәрін бірге жасайды!" – осындай сөздерді естіген сәтте сарказм лебі есетін күлкі пайда болады. Олар ұзақ бірге бола ала ма? Адам психологиялық, физикалық жағынан жалғыздықты керек етеді. Күні-түні оның жанында боламын деп талпынбаңыз. Керісінше, аз уақыт көріскен сайын, қадірі арта түседі.
* Өтірік
Өтірік су секілді, ең берік деген одақтарды бұза алады. Барлығы да өтірік айтатын шығар, бірақ, сүйіктіңізге сенгеніңіз абзал. Тағамның тұзы ащы болып кетсе де, біреу сыйлаған көйлек ұнамай қалса да шындықты айтыңыз. Әрі өзге біреудің дәл осылай айтылған шындығын дұрыс қабылдай біліңіз.
* Өзіңізге өтірік айту
Кейде сүйікті адамдарымыздан шындықты жасырғанымызбен қоймай өзімізге де өтірік айтатын тұстарымыз бар. Кәрілігіңізді дәл сол адаммен бірге өткізгіңіз келетіндігіне сенімдісіз бе? Бұл сезімнің шырмауына түскіңіз келе ме? Осы сұрақтарға шынайы жауап бергенде ғана, жан-дүниеңізде тыныштық орнайды.
* Өзіңізге деген сенімсіздік
Өзіңізді төмендеткен сайын, сүйіктіңіз сізбен бірге төмендей түседі. Өз күшіңізге өзіңіз сенбесеңіз, өзгелер сізге қалай сенеді? Дәл осылай өзіне сенбейтін жандардан қашық жүруге тырысыңыз.
*Мақсаттар
Ары қарай не істейсіз? Сіздердің сезімдеріңіз қайда алып барады? Жоспарларыңыздың сүйіктіңізбен бірдей болуының маңызы зор. Сіз ойша бақытты отбасыны елестетіп жүрген кезде, ол бұл жайында мүлдем ойламаған болуы мүмкін. Болашағы жоқ сезімдерден арылып, өзіңізге сұрақ қоюдан қорықпаңыз.
*Махаббат сыйлық секілді
Біреуді сүю үшін себептің қажеті жоқ. Махаббатты тек сыйлауға болады. Ол тағдырдың тартуы. Жаныңызда жүрген жанға алғыс білдіруді ұмытпаңыз.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com