Техниканың қарыштап дамығаны соншалық, ауызекі сөйлесуден әлеуметтік желіде хат алмасуды жөн көреміз. Олай болса, сол әлеуметтік желіге зер салып қараңызшы. «Мен туралы аз ғана» деп жазып қойып 300 сурет саламыз. Твиттер мен инстаграмда да дәл солай. Ол жерде мән де, мағына да, идея да жоқ. (Әрине, бәріне қатысты емес.) Сол кезде өз ісін бес саусағындай білетін журналист Джоэл Штейннің көтеріп отырған мәселесі өзекті екенін түсінесіз. Олай болса, назарларыңызға аталған журналистің жастарды зерттеуге арнап жазған мақаласының аудармасын ұсынамыз.
«Мен осыған дейін ақсақалдардың жастарға қаратып айтатын сөзін қайталаймын. Өзімнен жасырақ адамдарды жалқау, эгоист, түкке икемі жоқ деп кемсітемін. Алайда бабаларым секілді құр сөзбен емес, нақты дәлелдермен айтамын. Беделді академиктердің ұлағатты сөзінен, статискалық зерттеулерден мысал келтіремін. Қысқасы, мен өз сөзімді дәлелдеймін. Айтпақшы, сіз «МенМенМен» буынына жатсаңыз, яғни 1980-2000 жылдар аралығында дүниеге келген болсаңыз, біздің пікіріміз сізді ерекше қызықтырады деген ойдамын».
- Қазір 20 жастағы адамдарда тұлғаның нарцисстік құлдырауы 65 жастан жоғары адамдармен салыстырғанда 3 есе көп кездеседі. 2009 жылдың студенттеріне қарағанда 1982 жылдың студенттері бұл дертке көбірек шалдыққан;
Тұлғаның нарцисстік құлдырауы дегеніміз – өзін өзгелерден артық сезініп, шамадан тыс өркөкіректену. Ондай адамдар қоршаған ортасымен тек жақсы қарым-қатынаста болғанды жақсы көреді, әрі айналасындағылар оған қызғанышпен қарайды деп ойлайды.
- 2007 жылы жүргізілген сауалнамаға сәйкес Сенатор болудан гөрі атақты адамның көмекшісі болуды армандайтын қыздардың саны 3 есе көп. Ал басқарушы директордың көмекшісі болғысы келетіндердің саны 4 есе көп;
- Олар өзін мықтымын деп санайды. Бүгінгі жастардың 60%-ы дүниенің ақ пен қарасын дәл ажырата алатынына сенімді болса да, осы күндері 18-29 жастағылар ата-анасымен бірге тұрады;
- Олар расымен де, жалқау. 1992 жылы 23 жастағы адамдардың 80%-ы аса жауапкершілікті талап ететін жұмысты сұраған. 10 жыл өткен соң бұл көрсеткіш 60%-ға төмендеген;
- Әр елдің миллениалдары бір-біріне ұқсамайды. Алайда әлеуметтік желі мен өзгерістің жылдамдығына байланысты өз елінің ақсақалдарына қарағанда, өзге елдің жастарымен жақсы тіл табысады. Тіпті, индивидке қарағанда отбасыны жоғары қоятын Қытай секілді мемлекетте де тек өзін ғана жоғары санайтын ұрпақ өсуде;
- Индустриалды төңкеріс индивидке ерекше күш берді. Ол енді қалаған жеріне көшіп, жеке бизнесімен айналыса алатындай дәрежеге жетті. Ал ақпараттық процесс керісінше адамды технологиямен қаруландырып, блогерлердің газетке, YouTube-режиссерлердің голливуд студиясына, хакерлердің корпарацияларға, жалғыз террористер алып мемлекетке қарсы шығатындай жағдайға жеткізді.
- Мен буыны МенМенМен буынынан асып түсті. 1950 жылы үй қабырғасында үйлену тойының, мектеп кезінде түскен, әскерге барған сарбаздың суреті тұратын болса, қазір ол жерге өзінің ғана суреті жайғасқан;
- Миллениалдар әлеммен тәулік бойы қарым-қатынаста болады. Өкінішке орай, тек көгілдір экран арқылы. Бір-бірімен кездесіп тұрса да, хат жазады. Олардың 70%-ы сағат сайын телефонын тексеріп, біреу хабарласып тұрғандай күй кешеді;
Миллениалдар дегеніміз – 1980-2000 жылдар аралығында дүниеге келген адамдар. Өздерін ата-анасы мен жасы үлкен адамдардан әлдеқайда ақылды сезінеді. Зерттеулер бойынша, 2020 жылға дейін қызмет орындары осы адамдарға тиесілі болады.
- Өздерін брендке айналдыруда алдына жан салмайды. Нақ атақты сәнгерлер секілді өзіне барынша сенімді, әрдайым көңілді жүретін кейіп танытады;
Миллениалдардың бұл мінезі туралы біздің де өз ойымыз бар. Алайда ақиқат бұл секілді көрсеткіштермен емес, жастардың басына түскен қиындықпен қалай күресетіндігімен анықталады деген ойдамыз.
Ал сіз жастарға сенесіз бе?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: chesnok.kz, Дәметкен Абдуллаеваның жеке парақшасынан