- Негізгі бет
- Психология
- Лəйлə Сұлтанқызынан ...
Лəйлə Сұлтанқызынан жаңа тұрмыс құрғандарға 10 кеңес
Өмірден өз теңін тауып, тұрмыс құру – барша қыздың басты арманы. Тұрмысқа алғаш шыққанда бойжеткендер бақыттан басы айналып, қуаныштан төбесі көкке бір елі ғана жетпей жүргендей сезімде болады. «Болды, енді өмірім өзгереді, барлығы басқаша болады» дейсің іштей.
Махаббат, ынтық сезім, сыйластық, құштарлық... Құдды бір қанат бітіп, ертегі əлемінде саяхаттап жүргендей ерекше сезімге бөленесің. Алайда, уақыт өте келе мұның бəрі уақытша нəрсе екенін түсіне бастайсың. "Үйлену оңай, үй болу қиын" дейді. "Үй болғысы" келетін қыз-келіншектер көкейге түйіп жүретін бірқатар кеңестерді тізбелемекпін:
• Ешқашан күйеуіңіздің ұялы телефонын ақтармаңыз. Оның поштасын, интернеттегі аккаунттарын тексермеңіз. Ер азаматтарға «тергеуші» əйел ұнамайды.
• Қыз болып, шыр көбелек айналып, сырласы, досы, көңілдесі, әртүрлі амплуадағы әйел бола білсеңіз, ер азаматтың сізге деген қызығушылығы жоғалмайды. Ол үшін «жұмбақ əйел» бола біліңіз.
• Еркекке былғанбаған ар және өзін аңсатып тұратын мейірімді жан керек. Ер азаматтар өзінің жарынан қашан да тартымдылықты, құшағына шақырып тұратын құштарлықты күтеді.
• Сіздің бойыңызда бәрі — шашыңыздың ұшынан башпайыңыздың тырнағына дейін «Мен әйелмін» деп тұруы керек. Өзіңізді жақсы көріңіз, өзіңізге уақыт бөліңіз, күтініңіз, əдемі болуға еш ерінбеңіз. Жеке бас тазалығына баса мəн беріңіз. Ерлердің ең əлсіз тұсы – қылықты, тартымды, əдемі əйел.
• Өз жарыңызға еркелей біліңіз, кейде оны да еркелетіп тұрыңыз. Бірақ, күйеуіңіз Сіздің «тұңғыш балаңыз» болып кетпесін.
• Азаматыңызды жылуды жаттан іздейтін жағдайға жеткізбеңіз.
• Уақыт өткен сайын киіну стиліңізді, имиджіңізді өзгертіп отырыңыз. Азаматыңыз үшін сізден көркем, сізден сұлу, сізден ерекше əйел болмауы керек.
• Күйеуіңіздің əке-шешесін (ата-енеңізді), туысқандарын, дос-жаранын сыйлаңыз, үйге ертіп əкелген қонағына құрмет көрсетіңіз, жылы қабақ танытыңыз. Бұл қасиетіңіз күйеуіңіздің жақындары арасындағы абыройын, ал күйеуіңіздің сізге деген сыйластығын арттырады.
• Басыңыз ауырып, балтырыңыз қақсаса да, қатты шаршасаңыз да, қиналсаңыз да, жолдасыңызға, өзгелерге сыр білдірмеңіз. Сіз қырық жанды əйелсіз. Жаныңызға қатты батып бара жатса, анда-санда, бір уақыт шығарып, еркелеген кезде айтарсыз. Əйтпесе, «мяу» əйелдерді ер азаматтар ұнатпайды.
• Ешқашан жаңа бір нəрсені үйренуден бас тартпаңыз, қызығушылық танытыңыз, жан-жақты болыңыз. Үйде отыратын əйел болсаңыз, төрт қабырғаға қарап, «мыжылып» отыра бермеңіз. Түрлі тамақтар жасауды үйреніңіз, тіл сабақтарына, тоқыма курстарына қатысыңыз. Спортпен шұғылданыңыз, денеңізді қалыпта ұстаңыз. Ауылдық жерлерде ондай мүмкіндік жоқ болса, интернет арқылы түрлі сабақтарды қарап, жасауға болатынын естен шығармаңыз.
Əзірге осы. Алдағы уақытта түрлі тақырыптарда ой қозғап, шамам келгенше, өз кеңесімді сіздермен бөлісіп отырамын. Жаңа тұрмыс құрған сіңілім, үлкен өміріңе басқан қадамың құтты болсын! Бір сөзбен айтқанда, «супер келіншек» бол, бақыт тілеймін!
Ләйлә Сұлтанқызы
@. @assel_assanova