- Негізгі бет
- Психология
- Лудоманияға шалдыққан адамды...
Лудоманияға шалдыққан адамды қалай емдеу керек? Қазақстандық психотерапевт кеңес берді
Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияға қарсы күресті күшейту бағытындағы заңға қол қойған болатын. Осы орайда Түркістан облысында лудоманияға қарсы жұмыстар басталып кетті. Мысалы, Арыс қаласы бойынша лудомания немесе ойын бизнесімен күресу мақсатында "Жастар ресурстық орталығы", Арыс аудандық прокуратурасы, Арыс аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, рейдтік жұмыстар жүргізілді. Кәсіпкерлерге жаңа заңның талаптары түсіндірілді. "Жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2024 жылдың 9 айында жастар мен жасөспірімдер арасында лудоманияның алдын-алу профилактикалық жұмыстары бойынша 11 іс-шара ұйымдастырды.
Лудоманияға түрлі құмар ойындар әкеледі. Солардың бірі - спорттық ойындарға ұтыс тігу. Бұл бастапқыда жай ғана әуестік секілді көрінеді. Алайда ол уақыт өте тәуелділікке айналуы мүмкін. Осы тақырыпта қазақстандық психотерапевт Эльвира Қасыммен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Лудоманияның пайда болуының бір себебі — адамның жылдам әрі оңай байығысы келуі. Бірақ адам бірнеше рет ұтылса да, неге ойнай бергісі келеді? Ұтыс тігілген кезде қанға адреналин түседі, ал ми эндорфин гормонын түзеді. Ол адамды бірнеше минутқа/сағатқа қуантады. Басқаша сөзбен айтқанда, бұл есірткінің бір түрі.
"Барлық тәуелді әдеттер сияқты ойынқұмарлық та тәуелділікке жатады. Ішімдікке салыну және нашақорлық сияқты ойынқұмарлық та ауру", - деді Эльвира Қасым.
Ойынқұмар адамның негізгі белгілері қандай?
Әдетте, ойыншы өзінің тәуелді екенін байқамайды. Өзіңіздің спорттық ойындарға ұтыс тігуге әуестігіңіз жайлы ойлану керегін көрсететін бірнеше белгі бар. Қандай да бір нақты белгіні лудомания белгісі деп айта алмаймыз. Бұл кезде проблемаға кешенді қарау керек болады.
- Барлық әрекеттерді бақылап отырғанына (міндетті түрде ұтатынына) толық сенімді болу;
- Ұтыс тігуге қаражат болмаса да, спорттық оқиғаларға үнемі анализ жасау. Адам матчқа анализ жасап қана қоймай, ойша ұтыс тігіп қояды;
- Ұтыс тігуден басқа нәрсеге ұзаққа алаңдай алмау. Мысалы, ойыншы бірнеше күн ұтыс тігуді тастап, басқа нәрсемен айналыса алмайды;
- Спорттық ұтыс тігу үшін әлеуметтік өмірден біртіндеп бас тарту. Ойыншы достарымен кездесуді доғарады, ата-анасымен сөйлеспей кетеді, далаға сирек шығады;
- Түрлі медициналық көрсеткіштер: нашар сыртқы келбет, бас ауруы, депрессия, жоғары қан қысымы, психикамен проблема;
- Қаржылық проблемалар: еш себепсіз қарыз алу, кредит, ұсақ ұрлықтар, алаяқтық және т.б;
- Психологиялық проблемалар: туысқандар алдында өзін кінәлі сезіну, ұтыс тігу жайлы және оның мөлшері жайлы өтірік айту, ұтылып қалғаннан кейін өзін-өзі аяу және т.б.
"Кез келген адам ойын ойнап немесе ойынға ұтыс тігіп көруі мүмкін, бірақ олардың барлығы бірдей тәуелді болып кетпейді. Ойынқұмар адамның астарында ойыны қанбаған бала болуы мүмкін. Мысалы, ол ерте есеюге мәжбүр болған шығар. Оның балалық шағында бала болатындай, еркін болатындай мүмкіндіктер болмаған шығар.
Адам әртүрлі кезеңде, әртүрлі жағдайда осы тәуелділікке түседі. Ең бірінші себеп — ол адамның іштей эмоционалды тұрғыда есеймегендігінде. Біз ересектерше өмір сүруіміз, яғни жұптық қарым-қатынасқа түсуіміз, отбасылы және балалы болуымыз мүмкін. Бірақ өмірімізде болған кейбір жағдайларға байланысты біз эмоционалды тұрғыда есеймеуіміз мүмкін. Мысалы, бала 3 жаста болғанда ата-анасы ажырасып кетті немесе бала кикілжің отбасыда өсті. Баланың эмоциялары қабылданған жоқ және оған жеткілікті түрде қарым-қатынас жасалған жоқ. Бала өңделмеген өзінің зақымдарымен және есеймеген эмоциялық күйімен ересек өмірге аттаған кезде ойынқұмарлыққа келуі әбден мүмкін. Әрине, бұл тек бір мысал ғана. Адам түрлі себептерден бұл жолға түсуі мүмкін. Оны біз терапия кезінде анықтаймыз", - деді маман.
championat.com
Спортқа ұтыс тігу тәуелділігінен қалай арылуға болады?
Лудомания есірткілік әсерге ие. Ойыншыға өзін жақсы сезінуі үшін "есірткі" керек. Сәйкесінше, лудоманияны емдеу нашақорлықты емдеуге қатты ұқсайды.
1-қадам: Спортқа ұтыс тігуден мүлдем бас тарту.
"Мөлшерін" азайтамын деп, өзіңізді алдаудың қажеті жоқ. Бұлай жағдайдан шыға алмайсыз. Бұл жерде кей букмекерлік кеңселер көмектесе алады. Олар қызмет ретінде өзін-өзі шектеу немесе өзін-өзі алып тастау процедурасын ұсына алады.
2-қадам: Басқа хобби табу.
Ойыншыларда айналысатын балама нәрсе болмағандықтан, бұл аурудан арыла алмайды. Егер ештеңе қызықтырмаса, спорттық ұтыс тігуден алаңдататын нәрсемен айналысуға тырысыңыз.
3-қадам: Туысқандарыңыздан, достарыңыздан көмек сұрау.
Бұл ойыншылар үшін қиын қадам. Алдымен проблемаңыз барын мойындау керек. Содан соң олардың сізге көмектесуіне мүмкіндік беруіңіз керек.
4-қадам: Дәрігердің көмегіне жүгіну.
Бұл қадамға екінің бірі бара бермейді. Бірақ бұл ең маңызды қадам.
А. Жапатова"Ойынқұмарлықпен маған көп жағдайда ата-аналар хабарласады. Жеке маған көмекке жүгінгендердің жас ерекшеліктері — 14-17 жас және 20-25 жас аралығында. Бұл жерде айта кететін бір жайт, психотерапевтке тек ойынқұмар адамның өзі емес, кей жағдайда оның отбасы мүшелері, ең жақын адамы да келуі керек болады. Көп жағдайда ойынқұмар адам шынайы өмірден алшақтап қалады. Бұл кезде оған кәсіби психотерапевт көмектесе алады. Сондай-ақ, өзінің саналы деңгейіне дәрі-дәрмектің күшімен келуі керек жағдайлар да кездеседі", - деп ескертті психотерапевт Эльвира Қасым.