- Негізгі бет
- Психология
- Ләйлә Сұлтанқызынан кеңес:...
Ләйлә Сұлтанқызынан кеңес: 8 типті адамды тани біліңіз
Қазір жаңа жұмыс іздеу науқаны қызу жүріп жатыр. Сіз де жұмыс іздеп жүрсіз бе? Жұмыс берушілер қандай адамдарды алады? Сіз қандайсыз? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Адамдардың жаратылысы, мінезі, жан-дүниесі, таным-түсінігі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Мен қазір 8 түрлі адамдар туралы жазамын, өзіңіз қай түрге жататыныңызды іштей бағамдай отырыңыз. Алдымызға бір адам келсе, "Білімді, жақсы, мысы басым екен" деп бірден бағалауға кірісетініміз бар. Сегіз категорияны жақсылап біліп алсаңыз, кез келген адамды бес саусақтай танып, оның әлеуеті мен болашақтағы əрекеттерін бағып-білу мүмкіндігіне ие боласыз.
Қазір білікті басшы дарынды ұжымды басқаратын заман. Көреген көсем қарамағындағылардың ішінен талаптысын таңдап, адами ресурстарға басымдық беріп, тон пішетін кезең. Батыс өркениетіне бұл құбылыс келді, бірнеше жылдан кейін біздің елімізде де кадр бөлімінің бұрын еленбеген басшылары өндіріс басшылары болып тағайындалатын күн туады.
Жиырма минут уақытыңызды бөліп, менің алдыма жұмысқа орналасуға қатысты кездесуге келдіңіз дейік. Мен сізді қалай тергеймін? Мен үшін адамда міндетті түрде үш нəрсе болуы керек: білім, қабілет жəне тəжірибе. Бұл үш басымдықты мен барлық адамнан іздеймін, бірақ кездесудің алғашқы 8 минутында аса мəн бермеймін. Маған қызығы – басқа нəрсе:
1. Сіз перфекциониссіз бе?
2. Сіз жұмсақсыз ба?
3. Сіз пессимиссіз бе?
4. Сіз өз-өзіңізге ғашық адамсыз ба?
5. Сіз еңбекқорсыз ба?
6. Сіз өзгелерді шабыттандыра аласыз ба?
7. Сіз қаталсыз ба?
8. Сіз қусыз ба?
Осы сегіз категория барлық адам баласына тəн, өмір сүру тәртібіңізде сіз осының бір-екеуіне басымдық беріп, таңдап аласыз. Əр категорияға қандай қасиет тəн екеніне, оның жағымды əрі жағымсыз факторларына тоқтала кетейін:
● Перфекционист – бірбеткей, тынымсыз, тəкаппар, айтқанынан қайтпайтын, "шаш ал десе, бас алып", "қадалған жерінен қан алатын" адам. Мектепте беске оқыған көптеген қыз-жігіттің ересек формасы.
Пайдалы жақтары: іс-шараны, жұмысты ұйымдастыруда таптырмас адам, қолыңызда бас ресурсарды сарп етпей, барын салып, тапсырманы тыңғылықты орындайды.
Жағымсыз жақтары: кейде балағаттап жібергің келеді.
● Жұмсақ адам – жайлы, артық сөзі жоқ, дау-дамайға араласпайтын, интрига тудырмайтын адам. Əрдайым көнбіс, ренжітсе – жуып-шайып, сіз ренжітсеңіз – кек сақтамай, тез қайтатын адам.
Пайдалы жақтары: жылы-жылы сөйлеп, інінен шығарып, кез келген шаруаңызды тындырсаңыз болды.
Жағымсыз жақтары: өзіңіздің ғана емес, өзгенің де мініс аты болып кетсе, шабандозыңыздан айырыласыз.
● Пессимист – қолынан іс келсе де, қара аспанды төндіріп, таңдалған бағытта іс жасамауға миллион себеп табатын адам. Ол үшін дүниенің мəні бос, тар, қараңғы.
Пайдалы жақтары: əртүрлі идеяларға еліріп, кейде ай мен жұлдызды алуға ұмтылатын жоспарлар құрып кететініміз бар. Осындайда мəселеге шынайы көзқараспен қарап, реалистік əлемде өмір сүретін адамдар уақытыңызды да, қаражатыңызды да, денсаулығыңызды да сақтап қалады.
Жағымсыз жақтары: демотиватор, сөзім жоқ.
●Өз-өзіне ғашық адам. Мұндай адамның пікірінше, одан асқан ақылды, əдемі, қабілетті, пысық адам жоқ. Барлық шаруаға араласады, бірақ өзі емес, көбіне өзгені жұмылдыруға тырысады. Еріншек, жалқау келеді, бəрі емес, əрине.
Пайдалы жақтары: əдетте, қоғам мұндай адамдарға сүйсіне қарайды. Бір ғана қабілеті оларға миллион жанкүйер тауып берген. Қалың қауымға өтімді шара жасаймын десеңіз, осындай адамдар ісіңіздің жартысын өзінің сол жерде болуымен-ақ тындырып береді.
Жағымсыз жақтары: мұндай адамның қасында не өзіңіз шапқылап жүресіз, не оның қасында жүргендерді қаржыландыру үшін қалтаңызды қалыңдатасыз.
●Еңбекқор адам. Тынымсыз еңбек етеді, іскер, мəрт, қолынан келмейтін нəрсе жоқ. Өз ісіне ұқыпты, жауапты.
Пайдалы жақтары: берген тапсырмаңызға зерттелген, сан түрлі қырлары бар жауап табасыз. Олардың өтімділігіне, пайдалылығына күмəнданбай-ақ қойсаңыз болады.
Жағымсыз жақтары: жұмыс үшін уақыт пида. Əдетте жұмысты жақсы көретін адамдар уақытынан кеш тапсыруды жөн санайды. Неге десеңіз, Макиавеллидің "Нəтиже қолданған əдістерді ақтайды" деген қағидасын ұстанады.
●Шабыттандырушы адам. Ол үшін алынбайтын қамал жоқ. Əр адамның кілті бар. Виртуоз, біртуар дара адамдар. Негізі қатары сирек, бірақ кез келген топта өзінің туабітті көшбасшылығын оята алатын осындай адамдар кездеседі.
Пайдалы жақтары: кез келген ұжымда ұйымдастырушымен қатар, топты шабыттандырушы болуы тиіс. Бұл тандем кез келген тобырдан топ жасап, топты жеңіске əкеледі.
Жағымсыз жақтары: шабыт беруші адамның жан-дүниесі шығармашылыққа жақын, нəзік келеді. Қарым-қатынасты "шыны" деп есептесеңіз, дұрыс айтылмаған қаратпа сөз үшін сол шынының қалай күл-талқан болғанын байқамай қалуыңыз мүмкін. Айналаңызға шоғырландырыңыз, бірақ байқаңыз.
● Қатал адам. Мінезі тұйық, мысы басым, сұсты адамдар. Еш бүкпесіз сын айта салуы мүмкін.
Пайдалы жақтары: жаныңызда қатал адамның болғаны айналаңызда тəртіптің күшеюіне жол ашады. Хаосты сүйетін бұл заманда жүйелеуді білетін адамның болғаны қандай жақсы?!
Жағымсыз жақтары: екі үлкен минусы бар. Қатал адамның қасында күні бойы жүрсеңіз, қалай ұнжырғаңыз түсетінін өзіңіз байқамай қаласыз. "Батыр аңғал келеді" дегендей, қатал адамдар келесі топтағы адамдардан өмірі "таяқ жеп" жүреді.
● Қу адамдар. Алдар көсе ауыз əдебиетімізге жайдан-жай енбеген болар? Олар өз пайдасын жақсы білетін адамдар. Пəленің бəріне барады. Өзгенің өрімін біледі, өз есесін жібермейді.
Пайдалы жақтары: келіссөз жүргізетін болсаңыз немесе саудамен айналысатын болсаңыз, мұндай адамдар таптырмайтын серіктес шығар, бірақ қайдам, өзімізді алдап кетпесе, болғаны.
Жағымсыз жақтары: айтпаса да түсінікті шығар.
P.S: Осы уақытқа дейін түрлі адамдармен жұмыс жасадым, бұл тек менің пайымымнан туындаған адамдардың типтері, сіздерде мүмкін басқа нұсқалары болып қалар... Жазбаға пікіріңізді, өз нұсқаңызды жазуды ұмытпағайсыз!
@. @assel_assanova