Аз ба, көп пе, шын ба әлде өтірік пе қайдам, қазір бір-біріне көңілі толмайтын жастарды жиі кездестіремін. Бізде бәрі басқаша еді. Бізді бәрінің бастауы сыйластық деп тәрбиелеген. Ал қазір ананың көзі жақсы, мынаның өзі жақсы, енді біреуінің сөзі жақсы... "Күйеуге қашан шығасың?!", "Қашан отау құрасың?!" деген сұрақтарға берер жауап екеу: бірі – бұйырған күні, ал екіншісі – дұрыс қыз не жігіт жоқ. Қайсына сенеріңді білмейсің. Айналаңа қарасаң, жөні түзу, дені сау әп-әдемі қыз-жігіттер толып жүр.
Бұрын ауылдағы апаларымыз: "Әй, қара қыз, қара қыз, қашан тойға барамыз?! Сенің тойың болғанша, біз қартайып қаламыз", – деп әнмен қағытушы еді. Қазір бұл әнге құлақ асатын қара қыздар жоқ-ау шамасы. Иә, тік мінезді қыздар алдына келген ұяңдау жігіттің жанын көзіне көрсетіп, сөзін өзіне қайтарып беруден тайсалмайды. Қызда да қылық болу керек дейсіз ғой, толықтай келісемін. Алайда, жігіттің жақпайтын қылықтарын, кездесудегі кейбір кемшіліктерін өзімше саралап көрейін.
Қыздар сияқты жігіттердің де түрі көп. Əкесінің ақшасына "айды алып беретіндер" мен қымбат көлігін көрсеткісі келе беретіндер де, болашақ "əкімдер" мен "хəкімдер" де, иманды тек мешітте ойлар "имамдар" мен шын пейілмен нəпсісін тыйғандар да бар. "Қымызды кім ішпейді, қызға кім бармайды". Бірақ мәселе сол қымызды қалай ішіп, қызға қалай баруында ғой. Мен осыған дейін тек қыздарға кеңес берумен келсем, бүгін жігіттерге нұсқаулық жазып көрейін. Қызық болсын!
– Қызға уақыт өткізу үшін емес, ең қымбат уақытыңды арнау үшін бар. Уақыт онсыз да өтіп жатыр.
– Қыздың алдында қипақтап сызылып тұрма, оған оның шыдамы да, уақыты да жетпейді. Олар сызылу мен қипақтауды сенсіз де қатырады.
– Сөзің ісіңе сай келмесе, бос мылжыңдап ауызыңды ауыртпа! Сөз арзан болғанмен, іс қымбат.
– Өзіңе сенімді бол! Сенім білектің де, жүректің де ісін жақсартады.
– Бай болсаң тасыма, ол – қолдың кірі. Жарлы болсаң жасыма, жақындарың аман. Ажарыңа емес, ақылыңа сен. Ажар кетсе де, ақыл қалады.
– Қызға талап қояр болсаң, ең бірінші өзің соған лайық бол.
– "Мен сені бəрінен қатты жақсы көремін!" – деп асылық айтпа. Адамнан бұрын Алланы сүю шарт. Одан соң анаңды жақсы көр.
– Қызғанышқа бой алдырма. Сенім мен күдік қайшы келсе, сезімге көлеңке түседі.
– Азаматқа ең алдымен атақ емес, ар керек екенін есте сақта. Атақ ұмытылады, ар тасқа басқан таңбадай сақталмақ.
Жігіттердің "қымбат" деп бағалаған дүниелері қыздар үшін (саналы қыздар үшін) арзан екенін ұққан боларсыз! Ендеше, жоғарыдағы жазбаны тәжірибеңізде пайдаланып көріңіз. Бәлкім, бәрі басқаша болар. Іске сəт, серілер! Қазіргінің Қозысы мен Баяны көбейсін.
Ләйлә Сұлтанқызы