Кім бақытты еркектің әйелі болудан бас тартады?! Осы тұста Қадыр ағамның сөзі есіме түсіп отыр: «Кейбір әйелдерге намыскер еркектен табыскер еркек қымбаттау». Қаншалықты келісеміз?! «Бақыт» деген ұғымға нақты анықтама берілмеген соң, оның шегіне ешкім жетпеді, оны әлі ешкім тұйықтамады.
Қадыр ағам ара жігін ажыратқан намыскер еркек пен табыскер еркектің қайсы бақытқа жеткізер деген сұрақ туса, сіздің санаңыз не деп жауап берер еді?
«Денсаулықтың қадірін – науқастан, астың қадірін – аштан сұра» дейді. Ендеше бақыттың бағасын бақытсыздан сұрау керек болар. Жалпы бақыт қандай шкаламен өлшенеді?! Фарангейт, Реомюр, Цельсий, Келвин сияқты оның да көрсеткіші болу керек-ау... Тіпті, оның салмағы мен көлемі де өлшенсе, адамға өз бақытын басқару анағұрлым жеңіл тиер ме еді. Бақытты сәттер өлшеулі болса, бізге бақыт «қазір» және «бірден» керек емес. Кейінге де бір бөлігі қалуы керек деп ойлаймын. Біз уақытты асықтырғандай бақытты да асықтырамыз. Орыстарда әдемі сөз бар емес пе: «Счастье любить тишину». Байлап ұстағымыз келген бақыттың басын бостандыққа жіберсек, ол да тордан босаған тотыдай басқаша сайрайтын болар?!
Бірі бақытты байлық дейді, енді бірі саулықпен салыстырады. Байы да, дені сауы да бір бақытты іздейді. Ендеше байлық пен саулық та бақыт емес пе?! Үш жыл бойы әйелдің бақытын бақылап келемін. Кейде табамыз, кейде күресеміз, кейде жылаймыз... Бір әйелдің сөнген қазан-ошағы қайта жанса, соны бақыт деп келдік. Бір ананың құшағы сәбимен оранса, оны да бақытқа теңедік. Қазақ баланы белде, жарды жолда демей ме?! Ал француздың мың әтірінен де артық ананың иісін аңсаған баланы қалай бақытты ете аламыз?! Тоғыз ай көтеріп, құндаққа ораған сәбиін жоғалтқан ананы ше?! Шын жыласа, соқыр көзден жас шығатынындай, шын тілесе, бақытқа да жетуге болады. Тек қалай?!
Сейілсе – бойдағы күдік, жанданса – ойдағы үміт, көбейсе – жетпеген төзім, жоқ болса – кектенер кезім, аз болса – өкінер уақыт, риясыз болса – біз күткен бақыт... Біз күткен бақыт... Ал бақыт бізді күте ме?! Сұрақ көп, жауап жоқ. Күтпесе де, келген бағымыз Өмірзаядай жарқ етіп, жоқ болмаса игі.
Біз күткен бақыт қанша тұрады?! Кейде күткеніміз келеді. Тек ол кезде маңызы жоғалады. Бізге керексіз болып қалады. Бәлкім, мына дүние мен ана әлемнің уақыты бірдей емес болар?! Оның қасында өзге құрлық та уақыт жағынан айырмашылық танытады ғой.
Біз армандап, тілеген бақытымыз төрт жылдан соң келуі мүмкін. Ал сол әлем үшін, бәлкім, төрт сағат немесе төрт минут, тіпті, төрт секунд болуы мүмкін ғой. Сондықтан бақытты да, уақытты да асықтырмаңыз. Оның бағасын мен де, сіз де, өзге де білмейді... Кейде оның құны өмірмен не өліммен өлшенуі мүмкін. Ал біз оған дайынбыз ба?!