- Негізгі бет
- Психология
- Лай қосылған торт...
Лай қосылған торт
Бір күні жас жігіт отбасында тыныштық пен махаббат мәңгілік тұрақтаған үйдің отағасынан ақыл сұрай барыпты:
- Сіздер отбасылық бақыт құсын үркітіп алмай қалай бастарыңызға осы уақытқа дейін қондырып келесіздер? Шынымен жұбайыңыз сізді үнемі тыңдап, айтқаныңызды екі етпей жасай бере ме?
Данышпан кісі аз ғана жымиып алып, арғы бөлмеде жүрген әйелін шақырды. Бөлмеге сұлулығы мен сымбаты келіскен нәзік жанды жары кіріп келді. Жүзіндегі бақыт нұрын алыстан байқауға болады.
- Иә, жаным?
- Қымбаттым, өтінемін, тортқа қамыр дайындап жіберші.
- Жарайды!
Сөйтті де әйел бөлмеден шығып кетті. Жиырма минуттан соң келіп торттың қамыры дайын болғанын айтты.
- Енді қамырға үйде бар ең жақсы ерітілген майдан қос. Сонымен қатар оған жалғыз ұлымызға торт жасап береміз деп сақтаған жаңғақтан да қос.
- Жарайды!
Ол тағы жиырма минуттан соң оралды. Күйеуі:
- Енді оған ауладағы лайдан алып қос та, пісір.
- Жарайды, - деді әйелі.
Тағы бір жарты сағаттан соң қолына әлгі біртүрлі тортты ұстаған әйел келіп кірді.
- Әрине, біз мұны жемейміз. Оны иттерге апарып таста, - деді жолдасы.
- Жарайды, - деді де бәлішті қолына алып, сыртқа шығып кетті әйелі.
Жас жігіт аң-таң. Әйелі неге күйеуіне бір де бір артық сөз айтып, қарсы келмеді? Айтқанының бәрін жасады. Еш мінез де көрсеткен жоқ. Ақылға сыймайтын нәрсені тапсырса да, құп көріп жасай берді.
Көргенін бүгін үйге келіп өзі де жасап көргісі келді. Үйге кіргеннен әйелінің жатын бөлмеден күліп жатқан дауысы шықты. Құрбыларымен көңіл көтеріп отырған көрінеді.
- Қатын! – деп шақырды күйеуі
- Бос емеспін! – деген дауыс шықты жатын бөлме жақтан.
- Ей, қатын! – деді жолдасы тағы. Он минуттай уақыттан кейін әйелі келіп:
- Не керек саған?
- Тортқа қамыр дайында!
- Есің ауысқаннан саумысың! Үйде тамақ көп, жесең. Менің қолым бос емес оның үстіне!
- Мен саған қамыр дайында дедім!
Жарты сағаттан соң ас үй жақтағы әйелінің қамыр дайын болғанын хабарлаған ызалы даусы шықты.
- Енді оған ең тәтті жаңғақтар мен үйде бар ең жақсы майдан қос!
- Сен жынды болайын дедің бе? Екі күннен соң менің сіңілімнің үйлену тойы. Соған бәліш пісіргенге керек ол жаңғақтар!
- Айтқанымды орында!
Әйелі жыны келіп жүріп бәліштің қамырына аздап жаңғақ қосты да, күйеуіне қайта келді.
- Енді қамырға лай қос!
- Сен анық есіңнен ауысыпсың! Сонша нәрсенің бәрін зая қылып...
- Лай қос дедім мен саған! Сөйт те, дәл солай пісір тортт.
Тағы жарты сағат өткен соң әйелі күйеуінің алдында піскен тортты сарт еткізіп қойды да:
- Мә! Енді маған сенің осы тортты қалай жейтінің қызық боп тұр, - деді.
- Ал мен оны жемеймін – тортты итке апарып таста!
Қаны басына шапқан әйелі:
- Сен мені тыңда: бар да, өзің тойдыр иттеріңді! – деп бөлменің есігін тарс жауып шығып кетті. Осы оқиғадан кейін әйелі жұрттың бәріне күйеуінің осы қылығын айтып бетін қызартып жүрді.
Жас жігіт әлгі данышпанның үйіне тағы барды.
- Неге? Неге сен не тапсырсаң да әйелің екі етпей істеді? Ал неге менің жарым олай жасамады? Керісінше ол маған қатты сөйлеп, әлі күнге дейін жұртқа күлкі етіп жүр, - деді жігіт.
- Бәрі қарапайым. Мен әйеліме дауыс та көтермеймін, бұйрық та бермеймін. Мен оны үнемі қорғап, қолғанаты болып жүремін. Менің жарым – менің отбасымдағы бақыт пен берекенің ұйытқысы, - деді данышпан.
- Сонда мен енді не істеуім керек? Басқа әйел алайын ба?
- Екінші рет үйленгенмен, ол некенің де қорытындысы осындай бақытсыздық болады. Әйелің екеуіңе тек біріңді-бірің сыйлап үйрену ғана керек. Ал сен ер адам ретінде жарыңның бақытты болуы үшін қолыңнан келгенін жасауға тиіссің.
- Иә, мен онсыз да солай істеп жүрмін!
- Ал ол бақытты ма? Сен өзің бақыттысың ба? Сендер бір-біріңді жақсы көріп, біріңе-бірің сүйеніш болу үшін бас қосқан жоқсыңдар ма? Ал енді соның орнына біріңді-бірің тыңдата алмай қырық пышақ боп қырқысып тіл табыса алмай жүрсіңдер.
Данышпан кісімен болған әңгімеден кейін ұзақ ойға шомып жігіт үйіне қарай қайтты. Үйге барар жолда ол раушан гүлдерінің шоғырын көріп қалды. Дәл осындай гүлдермен ол сүйіктісінің көңіліне жол тапқан еді. Оған әр күн сайын гүл сыйлап қуантатын... Жылдың қай мезгілі болса да оны гүлмен қуантуды әдетке айналдырған еді. Ал енді оған соңғы рет қашан гүл сыйлағанын есіне түсіре алмай тұр...
Түн ауғанда құшағында бір құшақ гүлі бар жігіт кіріп келді. Бұл уақытта әйелі ұйқыда еді. Оны тәтті ұйқысынан оятқысы келмей, гүлді дәл бас жағына қойды.
Ал таңертең жігітті соңғы кездері әдеттен шыққан дәмді таңғы астың иісі оятты. Ол оянғанда бөлмеден таңғы асты ғана көрмеді. Көз алдында өзінің әйелі! Өзі күндегіден құлпырып кеткен. Бастысы – көзінде от ойнап, жүзі жылып қалыпты. Жігіттің де көңілі жібіп әйелін құшағына қысып, маңдайынан сүйді. Мұндай сезімді олар біраз жылдан бері сезініп көрмепті. Екеуі де дәл бір шаң басқан айнаны жуып-тазалағандай күй кешті.
Бұдан кейін жігіт болмайтын нәрсеге бола шамданып, ұрыс іздей бермейтін болды. Әйеліне біраз уақыттан бері танытпаған мейірімін танытып, оны өз қамқорлығына алды. Жарына бәрінен көп уақыт бөлетін болды. Әйелі де күйеуінің сөзінен шықпай, айтқанын екі етпеуге тырысып бақты. Үйінде де «қалай болса, солай» жүруін доғарып, күн сайын әдемілене түсті. Күйеуі ұнатқан тағамдарды әзірлеп, жолдасының разылығын алып жүрді.
Бірнеше уақыт өткен соң, үйдің есігін бейтаныс біреу қақты да:
- Жұрт сізді және сіздің әйеліңізбен қарым-қатынасыңызды жер-көкке сыйғызбай мақтап жатады. Сіздердің отбасылық жұптарыңыз – өзгелерге үлгі. Ал менің некемнің быт-шыты шығып жүр. Әйелім екеуміз еш тіл табыса алмаймыз. Ол мен тапқан табысты көп жаратады. Сіздердің құпияларыңыз не, айтыңызшы? Мен отбасылық қарым-қатынасты түзеуге көместеседі-ау деген бірнеше кітапты оқып тастадым. Бірінің де пайдасы тимеді, - деп шағымданды бейтаныс жігіт.
Үй иесі жымиып күлді де, былай деді:
- Құрметті қонағым, кел, төрлет! Дәл үстінен түстің: әйелім торт пісіргелі жатқан еді...
Материал fit4brain.com сайтынан аударылып, өңделді
Сурет: Наталья Витковская
А. Әбілхан